Оның айтуынша, негізгі бағыттардың бірі өндірістік және энергетикалық нысандардың цифрлық егіздерін жасау.
– Бұл өндірістік нысандардан, мысалы, кен өндіруден немесе энергетикалық нысандардан, яғни жылу өндіретін энергетикалық объектілерден басталатын цифрлық егіздерді құру. Бұл жүйе соңғы тұтынушыға дейін жеткізіледі, – деді Ержан Қошқаров.
Ол цифрландыру энергия ресурстарының қозғалысының бүкіл тізбегін кен орнынан бастап соңғы тұтынушыға дейін қамтуы тиіс екенін атап өтті.
– Кен орнынан бастап, ол өңдеу, тасымалдау, жеткізу және өткізу сияқты тұтас тізбектен өтеді. Біз осы тізбектің барлығын жүз пайыз цифрландырып, шешім қабылдау үшін барынша ашық әрі мөлдір етуді көздеп отырмыз. Бұл шешімдерді жылдам, тіпті бірден қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Қошқаровтың айтуынша, цифрландыру саланың ашықтығын арттырып, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Цифрландыру ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етеді және бұл шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді ол.
Оның айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздікке де ерекше назар аударылып отыр. Энергетика және мұнай-газ салаларында еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын анықтап, ықтимал қауіптер туралы алдын ала ескертетін компьютерлік көру жүйелері сынақтан өткізіліп жатыр.
– Жобалардың бірі өнеркәсіптік нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Онда бейнекамералар жетілдіріліп, олар еңбек қауіпсіздігі талаптарының қандай да бір бұзушылықтарын алдын ала анықтап, дер кезінде ескертеді. Бұл қызметкерлердің жарақат алу жағдайларының алдын алуға көмектеседі, – деп хабарлады Қошқаров.
Оның айтуынша, мұндай бағдарламаларды қолдану өндірістегі жарақат алу қаупін айтарлықтай төмендетуге 98 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Цифрландырудың тағы бір бағыты ауа райы жағдайларын ескере отырып, электр энергиясын өндіру мен тұтынуды болжау. Метеорологиялық қызметтердің деректері жоспарлау жүйелеріне біріктіріледі. Бұл генерация мен тұтынудағы өзгерістерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
– Мысалы, бүгін күн бұлтты болады делік, сондықтан күн сәулесі аз түседі. Соған сәйкес, біз белгілі бір өңірді қамтамасыз ету үшін қосымша ресурстарды алдын ала көбейтеміз, – деп түсіндірді ол.
Қошқаровтың айтуынша, Қазақстан үшін ел аумағының ауқымдылығына байланысты электр энергиясының өңірлер арасындағы ағындарын алдын ала жоспарлау аса маңызды.
– Қазақстан – аумағы үлкен мемлекет. Электр энергиясын бір өңірден екінші өңірге жеткізудің өзі уақытты, ресурсты және электр желілерінің өткізу қабілетін қажет етеді. Сондықтан біз белгілі бір өңірде не болуы мүмкін екенін алдын ала біліп, соған сәйкес жоспар құрып, алдын ала дайындаламыз, – деді департамент директоры.
Жасанды интеллект геологиялық барлауда да қолданылып жатыр. Қошқаровтың айтуынша, цифрлық технологиялар үлкен көлемдегі деректерді өңдеп, бұрғылауға перспективалы учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.
– Геологиялық барлауда бұл технологиялар қазір кеңінен қолданылып жатыр. ҚазМұнайГаз компаниясында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Онда миллиондаған түрлі дерек жинақталады. Барлық фактор ескеріліп, нәтижесінде жүйе нақты қай жерде бұрғылау қажет екенін немесе қай жерде бұрғылауға болмайтынын көрсететін ұсыныс береді, – деді ол.
Ол мұндай технологиялардың экономикалық әсері айтарлықтай болуы мүмкін екенін атап өтті. Себебі бір ұңғыманы бұрғылаудың құны ондаған, тіпті жүздеген миллион долларға жетуі ықтимал.
– Бір ғана ұңғыманы бұрғылау, мысалы, 30 миллион долларға дейін немесе аумақтың күрделілігіне байланысты 100 миллион долларға дейін тұруы мүмкін. Ал егер теңізде бұрғыланатын болса, оның құны 300–500 миллион долларға дейін жетеді, – деді Қошқаров.
Оның айтуынша, цифрлық технологияларды қолдану тәуекелдерді азайтып, пайдалы қоры бар кен орнын немесе ұңғыманы табудың ықтималдығын арттыруға мүмкіндік береді.
– Бұл кен орнының бар болуы немесе бұрғыланатын ұңғымадан ресурс табылу ықтималдығын арттыруға және тәуекелдерді азайтуға көмектеседі, – деп қорытындылады Цифрландыру департаментінің директоры.
Айта кетейік, газды үнемдеуге ЖИ көмектеседі.