ОРАЛ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 8-інде «Дакар» сериясы аясында халықаралық «Жібек жолы» автораллиіне қатысушылар БҚО-ның Қаратөбе ауданы Аққозы ауылының тұсынан Бейнеуге аттанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қыркүйектің 5-інде Қазан қаласынан шығып, қыркүйектің 7-сінде Орал қаласына келген раллиге қатысушылар жеңіл және жүк көліктерімен бұдан кейін Бейнеу, Жаңаөзен арқылы Түрікменстанның Түрікменбашы, Балқанабад, Дарбаза қалаларына жетіп, мәре сызығын Ашғабад қаласында қияды.
«КАМАЗ-Мастер» командасы белгілі A.SO. француз компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған сайысқа қатысушылар арасында әйгілі «Париж-Дакар» автожорығының бес дүркін жеңімпазы Владимир Чагин сынды сайыпқырандар бар. Сапаржолдың жалпы ұзындығы 4500 шақырымды құрап, Ресей, Қазақстан, Түрікменстан жерлері арқылы өтеді.
Автораллидің мақсаты - осы үш елдің мәдени-тарихи байлығын, қазіргі экономикалық-әлеуметтік даму қарқынын әлемге таныту, өзара тату көршілік байланыстарды нығайту.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).