Атыраудағы Жылыой ауданы шаруаларына төрт түлікті қауіпсіз аумаққа шығару ескертілді

Фото: Фото: ҚР Үкіметі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Жылыой ауданындағы шаруаларға төрт түлікті қауіпсіз аумаққа шығару ескертілді.

Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабының мәліметінше, Жылыой ауданында 459 шаруа қожалығында 20 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 93 мың қой мен ешкі, 21 мың жылқы, 11,5 мың түйе тіркелген.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының жетекшілері мен тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы ескерту берілген. 

— Шаруаларға малды тасқын су бармайтын қыратты әрі қауіпсіз аумаққа көшіру ұсынылды. Оларға малды уақытылы бақылау, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен тұрақты байланыста болу міндеттелді, — дейді Жұмабек Қаражанов.

Әкімнің айтуына қарағанда, Жем өзенінің бір тармағы — Доралы каналынан Қызылжар учаскесіне су шығады. Бұл маңда бірнеше шаруа қожалығы бар.

— Құлсары қаласының бағытында, Жем өзенінің суы жайылуы мүмкін өзге де аумақтарда орналасқан шаруалардың барлығына хабарланды. Негізгі жоспарымыз — қауіп төнген жағдайда Құлсары жақ беттегі шаруашылықтардың малын сақтап қалу. Қарсы бетке су шықса, жайылымға, егістікке барады. Одан қатты қауіп жоқ. Су деңгейі тұрақталғаннан кейін жайылымдық алқапқа суды кезең-кезеңімен жіберетін боламыз, — дейді Жұмабек Қаражанов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жем өзенімен Жылыой ауданының аумағына келіп жатқан судың ағысы қатты екенін хабарлаған едік.