Жылыжайдан шыққан қара түтін: Түркістан облысындағы экологиялық ахуал алаңдатады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы еліміздегі жылыжай шаруашылығы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі саналады. Республикадағы жылыжайлардың 70 пайыздан астамы осы аймаққа тиесілі. Алайда жылыжайлар саны артқан сайын олардан шығатын түтін мен атмосфераның ластануына қатысты тұрғындардың шағымы да жиілеп келеді.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

Облыста 600 гектарға жуық жылыжай көмірмен жылытылады

Бүгінде Түркістан облысында 3 мыңнан астам жылыжай бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жылыжайлардың басым бөлігі Сарыағаш, Қазығұрт және Келес аудандарында шоғырланған.

– Жалпы облыс бойынша 1007 гектар болатын 3366 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде қысқы-көктемгі және күзгі-қысқы кезеңдерде 1506 шаруашылыққа тиесілі 599,4 гектар жылыжай көмір отынымен, 42 шаруашылыққа тиесілі 50 гектар жылыжай табиғи газбен жылытылады, – деп хабарлады облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

Ведомство мәліметінше, осыған байланысты жылыжай шаруашылықтарын экологиялық тұрғыдан жаңғырту және баламалы жылу көздеріне кезең-кезеңімен көшіру түйткілді мәселеге айналып отыр.

Түтінге тұншығып отырмыз: тұрғындар не дейді

Жылыжайлардан шығатын түтін мәселесі Сарыағаш пен Келес аудандарының тұрғындарын бірнеше жылдан бері алаңдатып келеді. Әлеуметтік желілерде тұрғындар бұл туралы бірнеше мәрте шағым айтып, мәселені көтерген.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

Әсіресе Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылдық округі мен Ынтымақ ауылында, сондай-ақ Келес ауданындағы елдімекендерде көмірмен жылытылатын жылыжайлардан шығатын қою түтін тұрғындардың наразылығын күшейткен.

Сарыағаш ауданында 2183 жылыжай орналасқан, олардың жалпы аумағы –807,2 гектар. Оның 551,8 гектары көмірмен, 7,5 гектары табиғи газбен жылытылады. Ал 247,9 гектары – қарапайым парниктік үлгідегі нысандар.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, түтін әсіресе күн суыған түндерде қоюлана түседі.

– Түнде түтіннен тыныс алу қиындап кетеді. Температура нөлден төмен түскенде жылыжайларда отты қатты жағады. Мәселен, түнде сыртқа шықсаңыз, айналаны қою түтін басып тұрады. Жылыжайлар көбейіп жатыр. Осы қарқынмен жалғаса берсе, ауаның ластануы күшейетіні анық. Газға көшеді деп жатыр, бірақ бәрі әлі толық көшкен жоқ. Осынша аумақты табиғи газбен қамту да оңай емес. Кемінде сүзгі орнатса да тиімді болар еді, – дейді сарыағаштық тұрғындар.

Фото: Ауыл шаруашылығы басқармасы

Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Марқабай Қалдарбекұлы соңғы жылдары мәселе күрделене түскенін айтады.

– Кейінгі екі-үш жылдан бері бұл өзекті мәселеге айналды. Сарыағашта шипажайлар көп, келушілер де аз емес. Соған жақын орналасқан жылыжайлардан шығатын түтін тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Қанша рет шағымдансақ та, нәтиже жоқ. Кейбірі қалдық көмір жағады. Үйдің есігін ашсақ, иісі өкпені ашытып, бас ауыртады. Амал жоқ, шыдаймыз. Қыста күн суытқанда ауа қатты ластанады. Мұның зардабы көрші Өзбекстанға дейін жетіп жатыр, – деді ол.

Ал Келес ауданы Ораз ата ауылының тұрғыны Рүстем Салибеков экологиялық мәселелердің жыл бойы жалғасатынын жеткізді.

Фото: Ауыл шаруашылығы басқармасы

– Қыста күн суығаннан бастап жылыжайлардың түтінінен тыныс алу қиын. Өйткені тонна-тонна көмір жағылады. Ал жазда Жартытөбедегі полигоннан шығатын қоқыстың иісі маза бермейді. Осылайша тұрғындар жыл он екі ай экологиялық қолайсыздықты бастан өткеріп келеді. Бұрын шипажай маңындағы қоқыс пен кәріз жүйесінің мәселесі болса, енді оған жылыжайлардың түтіні қосылды. Бұл табиғатқа да, халықтың денсаулығына да кері әсерін тигізіп отыр, – деді тұрғын.

Экология департаменті: Заң бұзған 64 тұлға жауапқа тартылды

Түркістан облыстық Экология департаментінің мәліметінше, биыл экологиялық кодекс талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бақылау жұмыстары күшейтілген. Нәтижесінде Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысы негізінде экологиялық заңнаманы бұзған 64 тұлғаға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.

Сәуір айында облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен өткен кеңесте жылыжайларды кезең-кезеңімен табиғи газға көшіру және тиімді сүзгілеу жүйелерін енгізу мәселелері қаралды.

– «QazaqGaz Aimaq» АҚ өңірді табиғи газбен қамтамасыз ету мүмкіндігі жеткілікті екенін мәлімдегенімен, жылыжай иелері газ тарифінің қымбаттығын негізгі кедергі ретінде атады, – деп хабарлады облыстық экология департаменті.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

Департамент мәліметінше, жылыжайларда орнатылған жаңа үлгідегі жылыту пештеріне жүргізілген талдау нәтижесінде азот оксидтері (NO, NO₂) мен көміртек тотығы (CO) мөлшерінің белгіленген нормативтерден жоғары екені анықталды. Бұл қолданыстағы жылыту жүйелерін одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетті.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, биыл 17 сәуірде облыста құрылған жұмыс тобының құрамындағы ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан әкімдіктері, «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалы мен Жылыжай қауымдастығының өкілдері Өзбекстанның Ташкент облысындағы Қыбырай, Ташкент және Юнусобод аудандарындағы жылыжай кешендеріне жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар барысында арнайы сүзгілермен жабдықталған қазандықтардың жұмысы зерделеніп, қазандық өндіруші кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу жүргізілді.

– Қазіргі уақытта жылыжай қазандықтарына түтін сүзгілерін орнату бағытында «TERMOGROUP» ЖШС және «ЭЛНУР» шаруа қожалығымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. «ЭЛНУР» шаруа қожалығы тәжірибелік негізде екі су сүзгісін жасап, фермерлік жылыжайларға орнатты. Мамыр айында Экология департаментінің зертханасы тиісті сынақ жүргізді. Оның қорытындысы енді белгілі болады, – деп мәлім етті басқарма.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

Басқарма мәліметінше, мемлекеттік бағдарлама аясында фермерлік жылыжайларға әр гектарға 4,8 млн теңге, ал өнеркәсіптік жылыжайларға 8,1 млн теңге көлемінде субсидия беріледі. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап электр энергиясы, табиғи газ және көмір шығындарының бір бөлігін субсидиялау тетігі енгізілген.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныс жолданған. Атап айтқанда, субсидиялау кезінде түтін сүзгілерін орнатқан шаруашылықтарға басымдық беру туралы қағидаға өзгерістер енгізу ұсынылды.

Жылыжай иелері: Сүзгі орнатуға дайынбыз, бірақ нақты талаптар қажет

Жылыжай шаруашылығы ең дамыған Сарыағаш ауданында төрт гектар аумақты алып жатқан Agro Tur жылыжай кешенінде көкөніс пен гүл дақылдары өсіріледі.

Шаруашылық басшысы Тұрсын Тасқожаевтың айтуынша, биылғы күзден бастап жылыжайлардың сүзгісіз жұмыс істеуіне жол берілмейтіні ескертілген. Қазір Түркістан облысындағы 100-ден астам жылыжай шаруашылығы экологиялық жауапкершілік жөніндегі меморандумға қол қойған.

– Ірі жылыжайларға сүзгі орнату жөнінде талап қойылды, бүгінде оның тізімі нақтыланған. Біз Өзбекстаннан су арқылы жұмыс істейтін сүзгіні тауып, тәжірибе ретінде орнатып жатырмыз. Бұл жүйе қара түтінді су арқылы өткізіп, зиянды заттарды ұстап қалады, сыртқа тек бу шығады. Орнатқаннан кейін экологтерді шақырып, тиімділігін бірге бағалаймыз. Егер нәтиже жақсы болса, осындай сүзгілерді жаппай енгізуді жоспарлап отырмыз. Бір сүзгінің құны шамамен 500 мың теңге, – деді кәсіпкер.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

Оның сөзінше, бұған дейін жылыжайларда циклонды сүзгілер пайдаланылғанымен, олардың тиімдігі төмен болған.

– Зиянды бөлшектер сүзгіде жиналғанымен, түтіннің қара түсі толық жойылған жоқ. Сондықтан қазір тиімдірек технологияларды іздестіріп жатырмыз. Мұнда көмірдің сапасы да маңызды. Сапасыз көмір толық жанбай, түтін шығарады. Ондай жағдайда сүзгінің де тиімділігі төмендейді, – дейді ол.

Кәсіпкер тағы бір маңызды мәселе ретінде су негізіндегі сүзгілеу жүйелерінің сәйкестік сертификаттарының жоқтығын айтты.

– Бұл Қазақстанға ғана емес, өзбекстандық әріптестерімізге де ортақ мәселе. Қазір бірнеше сүзгінің тиімділігін сынап жатырмыз. Қайсысы экологиялық талаптарға сай келсе, соны қолданамыз. Біз сүзгі орнатуға дайынбыз. Алайда сертификат болмағандықтан, экологтер мұндай жүйелерді талапқа сәйкес емес деп есептейді. Әзірге ескерту жасап келеді, бірақ жылыту маусымы да жақындап қалды, – деді ол.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

Жылыжай иелері мәселені барлық мүдделі тараптың қатысуымен талқылауды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, кәсіпкерлер, экологтер, жергілікті атқарушы органдар және облыс басшылығы қатысатын дөңгелек үстелде шығарындыларды бағалау әдістемесі, қолданылатын сүзгілерге қойылатын талаптар және сертификаттау тәртібі нақты айқындалуы қажет.

Газға көшу: экология мен экономиканың ара салмағы

Жылыжай иелері үшін өзекті мәселелердің бірі – көмірден табиғи газға көшу. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының мәліметінше, 2025-2026 жылдары газдандыруға өтінім берген 73 жылыжайға техникалық шарт берілген.

– Оның ішінде 59 жылыжай атқарушы техникалық құжаттаманы толық рәсімдеп, табиғи газ желілеріне қосылды, – деп хабарлады мекеме.

Фото: Түркістан облысы Экология департаменті

 

Табиғи газ экологиялық тұрғыдан көмірге қарағанда әлдеқайда таза отын болғанымен, кәсіпкерлер оның экономикалық тиімділігіне алаңдайды. Таяуда табиғи газ тарифі өсіп, бір текше метрінің құны шамамен 100 теңгеге жеткен.

Аграршылардың пікірінше, газға көшу кезінде мемлекеттік қолдау жеткіліксіз болса, жылыжай өнімдерінің өзіндік құны өсіп, шағын шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін.

Бұған дейін Түркістан облысында экологиялық заңнаманы бұзудың 73 дерегі анықталғаны туралы жазған едік.