Құжатқа сәйкес, жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді жеделдету мақсатында мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік қаржылық қолдау бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асырылады.
– Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес бюджеттік трансферттер, кредиттер және субсидиялар бөлінеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 141-бабына сәйкес заңды тұлғаларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер беріледі, – делінген құжатта.
Егер күтпеген мән-жайлар туындап, жылумен жабдықтауды дамыту схемаларында көзделген жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкін болмаса, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету мәселесін қарау туралы жүгінеді.
– Күтпеген мән-жайларға еңсерілмейтін күш жағдайлары мен төтенше жағдайлардың жылумен жабдықтауды дамыту схемаларында көзделген іс-шаралардың орындалуына кері әсер етуі, сондай-ақ жобаларды іске асыру шығындарының алдын ала болжанбаған өсуі жатады, – деп атап өтілген хабарламада.
Қаулыға сәйкес, мемлекеттік қаржылық қолдау жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне барынша жедел қол жеткізу мақсатында жүзеге асырылады. Бұл көрсеткіштер жылу энергетикалық инфрақұрылымның тозуын, апаттылық деңгейін және жылу желілері мен қондырғыларындағы энергия шығындарын азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік сұранымдары жылумен жабдықтауды дамыту схемаларында көзделген нысаналы көрсеткіштерге әсер ету деңгейін ескере отырып қаралады. Мемлекеттік қаржылық қолдау қаражаты жергілікті атқарушы органдардың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына аудару арқылы жүзеге асырылады.
Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.