«Жинақ банкі» ЕБ» АҚ-ның несие қоржынының өсу қарқыны алғашқы жартыжылдықта 30 пайызды құрады - Олег Смирнов

АЛМАТЫ. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Банк секторының несие қоржынының өсу қарқынының нарықтағы көрсеткішінен алғашқы жартыжылдықта «Жинақ банкі» еншілес банкі» АҚ-ның көрсеткіші 10 есе жоғары болды.

Оны банктің Басқарма төрағасы Олег Смирнов бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

«Алғашқы жартыжылдықта банк активтері 32 пайызға немесе 54 миллиард теңгеге ұлғайды. Ол негізінен несие қоржынының айтарлықтай өсуінің есебінен жүзеге асты. Несие қоржыны корпоративтік блогта 47 миллиард теңгеге өсті. Несие қоржынының өсу қарқыны 30 пайызды құрады. Бұл нарықтағы көрсеткіштен 10 есе жоғары», - дейді Олег Смирнов.

Оның айтуынша, банк алдағы уақытта несие қоржынын ұлғайтуды одан ары жалғастырмақ. Өйткені әлемдік дағдарыстан кейін ел экономикасы қалпына келуде. Инфрақұрылымдық үлкен жобалар жүзеге асырылуда. «Жинақ банкі» ЕБ» АҚ-ы энергетика, металлургия және астық индустриясы сияқты салаларды қаржыландыруда. Мамыр айында берген шағын бизнесті қаржыландыру бағдарламасын іске қосты. Биыл шағын бизнес категориясындағы біріңғай өнімдер желісі анықталып, несие қоржыны әртараптандырылмақ.