Жоғары Сот судьясы Серік Әбінәсіров: Алқабилер сотында қаралатын істерге қоғам сеніммен қарайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біздің елімізде алқабилер институты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Отандық алқабилердің он жылға жуық тәжірибесі жайында «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында Жоғары Сот судьясы Серік Әбінәсіров айтып берді.

- Серік Қазбекұлы, алқабилердің халық арасындағы «танымалдылығы» қандай? Себебі, алқабилер істі болғандардың ерікті таңдауымен ғана жиналады емес пе?

Соңғы 10 жылда, сот өндірісіне алқабилердің қатысуымен  қылмыстық істер бойынша 2007 жылы - 36, 2008 жылы - 42, 2009 жылы  59 іс қаралып, сот үкімі шықты. Аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 16 бабында көзделген қылмыстарды қоспағанда, алқабилердің қатысуымен қарастырылуы мүмкін барлық аса ауыр қылмыстар бойынша істер осы соттың қарауына берілді. Соның нәтижесінде, 2010-2014 жылдар арасында қылмыстық істерді қарайтын арнайы соттар алқабилердің қатысуымен 1,5 мың адамға қатысты 1133 қылмыстық іс қарады.

Алқабилердің қатысуымен осы жылдары 134 адам ақталды. 2015 жылы республика бойынша алқабилер соты 61 адамға қатысты бар-жоғы 42 қылмыстық істі қарады. Оның ішінде 2 адам ақталды. 2014 жылы 121 адамға қатысты 64 іс қаралып, 3 адам ақталған.

Көріп отырғаныңыздай, 2015 жылы алқабилер соты қараған қылмыстық істер 35,4 %-ға кеміген. Себебі, 2013 жылдың 3 шілдесінде процестік заңға өзгерістер енгізіліп, алқабилер сотына сотты болатын қылмыстық істер қысқартылды. Алқабилер сотында қаралатын қылмыстық істер соттылығы қысқартылғаннан кейін бұл сотта тек Қылмыстық кодекс бойынша ауыр жағдайда адамға қасақана қаза келтірілген қылмыс қана қаралатын болды.

Оның үстіне осы қылмыс ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерімен жасалса немесе аса ірі көлемде есірткі сату фактісі анықталса, мұндай қылмыстық істер алқабилер сотына қаралуға берілмеді. Соның салдарынан алқабилер соты қарайтын қылмыстық істер бірден қысқарып кетті.

2016 жылдың 6 айында алқабилер соты 42 тұлғаға қатысты 25 іс қаралды. Олардың ішінде ақтау үкімі шығарылған істер саны - 4. 2015 жылы 6 айдың ішінде 27 тұлғаға қатысты 18 іс қаралып, 1 адам ақталған. Көріп отырғанымыздай, азаматтарымыздың алқабилер сотына сенімі арта бастады және осы сенімге нұқсан келтіріп алмау маңызды.

 - 2016 жылғы 1 қаңтарда жаңа ҚР ҚПК бойынша алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот ауқымы кеңейтілді...

-Бұл Ел Президенті Н.Назарбаев алға тартқан Бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында да алқабилерге назар аударылған. 21­қадамда алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың қолдануын кеңейту көзделіп, соған орай алқабилердің қатысуымен жүргізілетін қылмыстық істер санаты анықталған.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың соттылығына қылмыстық топпен бірге жасалған адам ұрлау, байқаусызда адам өліміне алып келетін қылмыстар мен өзге де ауыр қылмыстар алқабилердің араласуымен өтуге жол ашылды.

- Серік Қазбекұлы, дегенмен алқабилер құрамы заңнамаға қанық білікті мамандар емес, олардың құзырына қаншалықты иек арта аламыз?

-Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот - сот төрелігін атқаруда халықтың қатысу нысандарының бірі. Бұл институт процестің жарыспалылығын ынталандырады, сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының неғұрлым пәрменді қорғалуына ықпал етеді. Сот ісін жүргізудің осы нысанының басты айырмашылығы сотталушының кінәлілігін немесе кінәсіздігін кәсіби судьяның емес, сотталушыға қатысты үкімді қарапайым адамдардың шешетіндігінде болып отыр. Бұл сотталушы мен басқа да қатысушылар үшін сот ісін жүргізудің қылмыстық процесі шын мәнінде ашық әрі әділ болуына негіз болады. Алқабилер қылмыстық іс­әрекет жасалды ма және оны жасағаны үшін сотталушының кінәсі бар ма немесе жоқ па деген сауалдарға жауап беретін болғандықтан, олардың пікірін жеткіліксіз деп санауға болмайды.

Өйткені, алқаби сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға, төрағалық етуші арқылы процеске қатысушыларға сұрақ қоюға, заттай дәлелдемелерді, құжаттарды тексеріп­қарауға қатысуға, заңнама нормаларын түсіндіру үшін төрағалық етушіге жүгінуге құқығы бар. Осы және басқа да құқықтар алқаби міндеттемелері жүктелген азаматтарға қылмыстық істің мән­жайларын өз бетінше бағалау және алқабилер алдында қойылатын сұрақтарға жауап беру мүмкіндігін береді.

Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот қоғамды сот төрелігін атқаруға тікелей тартады. Заң бойынша алқабилерге қойылатын талаптарға сай келетін Қазақстанның әрбір азаматы қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуға құқылы. Бұл сот төрелігін атқару жүйесімен етене танысып, оның тетіктерін ұғынуға бірден­бір жол ашады.

 - Дегенмен, сот төрелігін қамтамасыз етудің бұл түрі соншалықты мінсіз деп айта аламыз ба? Әлде басқа бір қиындықтар бар ма?

Бұл мәселелер алқабилерге кандидаттар тізімін жасаудың сапасына қатысты дер едім. Алқабилер сотына үміткерлерді ұсыну жергілікті жердегі биліктің қолында. Олар тізімді үш айлық мерзім беріледі. Бұл мерзім алқабилер құрамына қажетті үміткерлер тізімін сапалы жасауға әбден жетеді. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар жіберген тізімнің талапқа сай болмауы жиі кездеседі. Кейде алқабиге кандидаттардың мекен жайы нақты болмайды, олардың жұмыс орны, тіркелу орны дұрыс көрсетілмейді, кейде мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер де тізімге еніп кетеді, соның салдарынан алқабилер шақыру бойынша сотқа келмейді. Әдетте, сотқа бір жүзден екі жүзге дейін кандидаттар шақырылады. Бірақ, кейде соның 40-қа жуығы да де келмей жатады. Осының салдарынан соттар алқабилер алқасын қалыптастыра алмай, кейде сот процесін бірнеше мәрте кейінге қалдыруға мәжбүр болады.

 - Осы мәселе бойынша нақты мысалдар болды ма?

Мәселен, 2015 жылы алқабилер құрамына үміткер ретінде Ақмола облысында мұндай тізімге Көкшетау тұрғыны енген, дегенмен кейін анықталғанындай, оның жасы 25-ке толмаған, бұл заңға қайшы. Осы облыста тағы бір жағдай орын алды, тізімге бұрын марқұм болып кеткен азаматтың есімі еніп кеткен. Бұл өз кезегінде марқұмның туған-туыстарының ашу-ызасын келтірді. Аталған облыста алқабилер тізіміне үміткер ретінде бұрын сотты болған азаматтар да енгізілген, тіпті жүріп-тұруы қиын егде жастағы зейнеткерлер де кірген. Сондықтан, алқабилерге кандидаттардың тізімін уақтылы және сапалы жасау үшін жергілікті атқарушы органдардың құрылымында тұрақты жұмыс істейтін, алқабилерге кандидаттардың тізімін анда­санда емес, жыл бойы дайындауға уәкілетті орган құру керек. Оның құрамына отставкадағы судьялар мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерін енгізу керек.

Мемлекетте алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың болуы, Бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарына сәйкес, алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың соттылығына жататын қылмыстық істер санының кеңеюі құптарлық. Ол азаматтарымыздың заңдылықты, әділдікті сақтауға қатысуын қамтамасыз етеді.