«Жол картасының» арқасында Ақмола облысы бойынша инфрақұрлым нысандары жетіле түсті

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақмола облысында «Жол картасы» бағдарламасының аясында әлеуметтік нысандар бойынша 15 мың оқушыны қамтитын 41 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 Сонымен қатар, бұл бағыттағы шаралар 400 сәбиге арналған 3 балабақша мен 600 орындық 3 балалар үйін де қамтыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ бойынша 6 мың адам оқитын 20 лицей мен колледждерде, 18 аурухана мен емханаларда және 5 ауылдық клубта да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы білім мекемелерінде тек жөндеу жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, ондағы бөлмелер мен сыныптарды жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және жаңа стандарттарға сәйкестендіру бағытында да тиісті шаралар атқарылуда. Осы уақыт аралығында 43 білім беру және 11 денсаулық сақтау  нысанының құрылысы аяқталды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде мектепке дейінгі балаларға арналған мекемелердегі мектептер мен колледжердегі және лицейлердегі жағдай айтарлықтай жақсарды.

Бұл, әсіресе, кәсіби-техникалық мамандық бойынша білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда ерекше маңызды болып отыр. «Жол картасы» шарасы сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелеріндегі қызмет сапасының ілгерілеуіне де ықпал етуде. Ал Көкшетаудағы перинаталдық орталық пен онкологиялық диспансерде қызмет көрсету деңгейі мүлдем жаңа сипат алды. Көптеген аудан орталықтарындағы орталық ауруханалар мен емханалар жөндеуден өтті. 5 мәдени нысанның жөндеу жұмысы уақытында аяқталды. Осы жобалардың арқасында аймақтағы инфрақұрылымның жағдайы ғана жақсарып қоймай, жергілікті кәсіпорындардың жұмыстары жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындарды жұмыспен қамтуда мол мүмкіндіктер туып отыр. Ал ол өз кезегінде мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер мен салықтардың мөлшері ұлғайды деген сөз.