Жол тораптарының экономикалық маңызы зор

АСТАНА.ҚазАқпарат - Тарихи тұрғыдан алғанда, еліміздің аумағы арқылы Шығыстан Батысқа және кері қарай көлік легі бірнеше жүзжылдық бойы тоқтаусыз өтіп жатты, ал олардың жылжу жиілігі бүгінгі күні де саябырситын емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның міндеті отандық көлік және коммуникация кешенінің бәсекелестік қабілетін және ел аумағы арқылы өтетін сауда легінің ұлғайтылуын қамтамасыз етуге келіп тіреледі.

Белгілі бір дәрежеде бұл сала біршама дамығаны мәлім, ал ұзақ мерзімді келешекте жан-жақты өсу стратегиясының қарқынына ілесуге тиіс, мұның өзі ұлттық нарықты жан-жақты жетілдіруге және біздің көлік және коммуникациялық қызметімізге ден қоятын жаңа нарықтар іздеуге келіп саяды. Бұл стратегия автокөлік жасау, туризм, қызмет көрсету жүйесі, жол және күрделі құрылыс салаларын барған сайын дамыта беруге және отандық өнімнің өзіндік құнындағы көлік шығынын кемітуге жәрдемдесетін болады.

Ежелден бастап, Ұлы Жібек жолы Еуропа мен Азияны керуен жолымен байланыстырып, Батыс пен Шығыс өркениетінің өзара ықпалдасып дамуына мүмкіндік берді. Барлық дәуірлерде бұл бағыт ерікті қайырымдылық жолы болды. Егер қазіргі кезде теміржол магистральдары анық белгіленген болса, авиациялық жүйе мен автокөлік инфрақұрылымы үнемі өзгерістерге ұшырап отыр. Осылайша, Ұлы Жібек жолындағы автокөлік керуендері мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жоғары деңгейін тұрақты түрде қанағаттандырып отыруға әзірге жарамсыз деп қарастырылуда.   Жолдар - мемлекет инфрақұрылымының ең маңызды элементтерінің бірі. Еліміздің экономикалық өркендеуі мен қорғану қабілеті жол желілері дамуының деңгейіне тікелей тәуелді. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті жолдарды салу мен жөндеуді мемлекеттің басым тапсырмаларының бірі ретінде алға қойды.

        Бүгінгі күні құрылысы аяқталуға жақын қалған, ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің еліміздің экономикасына берері көп. Бұл жобадағы ең маңызды елдердің бірі - Қазақстан. Жоба бойынша құрлықтағы «Жібек жолының» едәуір бөлігі Қазақстан жерімен өткені тиімді, транзиттік потенциалы жоғары әрі саяси тұрақтылығымен көзге түсетін Қазақстанмен осы жоба арқылы ынтымақтасуға Қытай мүдделі болып отыр. Аталған жобаны толыққанды іске асыру нәтижесінде бес ғасыр өткеннен кейін қайта жанданып отырған Ұлы Жібек жолы бойындағы өңірлердің дамуы қарқын алып, ішкі және сыртқы сауда дамиды. Мұхиттар мен теңіз жолдарынан алыс жатқан Қазақстанның теңізге шығу мүмкіндігі артып, көлік кешенінің қарқыны еселеп артады.  

       Қазіргі уақытта елімізде автокөлік және теміржол құрылысы бірдей қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, жоғарыда атап өткен Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің құрылысы бүгінде кең ауқымда жүргізілуде. Қазақстанның 5 облысының аумағы арқылы өтіп, Қытайдан шыққан тауарды Еуропадағы діттеген жерге небәрі 15 тәулікте жеткізуге мүмкіндік беретін бұл мегажобаның құрылысы 2016 жылы толығымен пайдалануға берілетін болады. Аталған жұмыстарды тыңғылықты атқару үшін мол қаржының да керек екендігі түсінікті. Ол қаржының көзі бар екендігі тағы мәлім. Атап айтқанда, 2015 жылы жол жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан - 178 млрд. теңге бөлінсе, 2016 жылы 143,3 млрд. теңге бөлінеді.

      Қытай экономикасының, атап айтқанда оның батыс өңірлері экономикасының қарқынды өсуі, бүгіннің өзінде әлемдік нарықтарға тауарлардың алуан түрін жеткізу қажеттілігін туғызып отыр. Сонымен бірге, мамандардың бағалауы бойынша, Қазақстанда транзиттің қазіргі даму деңгейі саланың және тұтас алғанда республиканың әлеуетіне сай емес. Мысалы, 2013 жылы Қытайдың ЕО елдерімен сыртқы сауда көлемі 210 млн. тоннаны құрады, алайда Қазақстан Республикасының аумағы бойынша осы бағыттағы транзиттік тасымалдың көлемі шамамен 3 млн. тонна болды.

Көліктің негізгі түрлері бойынша транзиттік дәліздердің әлеуетті транзиттік мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Көлік дәліздері желісі географиялық жағынан өнеркәсіптік және шаруашылық қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған. Өңірлік даму, өндірістік күштерді орналастыру және халықты қоныстандыру перспективаларын ескере отырып, оны одан әрі оңтайландыру және ішінара қайта бағдарлау қажет болады.

      Әлемдік экономикадағы жағдай ел экономикасындағы құрылымдық реформаларды жетілдіруге және жаңа сынақтар кезінде тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған қағидаттар мен тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында елімізде жан-жақты іс-шаралар қарастырылып, қолға алынды. Инновациялық-индустриялық дамуды күшейте түсу, дамыған экономика құру, көлік-логистика, шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында тың мүмкіндіктер аз еместігі атап көрсетіліп, оны тиімді қолдануға талап барынша күшейтілетіндігі қарастырылуда.

    Сонымен қатар, отандық компаниялардың өнімдеріне деген сұранысты арттыру  жəне жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында жоспарланған барлық жобаларды қаржыландыруды ақпан айынан бастауға тапсырма берілді. Сөйтіп, ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысында «Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс және Орталық-Батыс» жобалары бойынша көліктік-логистикалық ифрақұрылымдарды дамыту үшін 1019 шақырым жолда жұмыстар жалғасын тауып, жыл соңына дейін 272 шақырымы пайдалануға беріледі. Мұнымен бірге, индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында алдағы жылы «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА құрылысының жұмысы толық аяқталады.

Еліміз «Өзбекстан-Түрікменстан-Иран-Оман» халықаралық транзиттік-көліктік дәлізіне қосылуда. Бұдан еліміздің транзиттік әлеуеті тағы әлденеше артқанын көреміз. Мұның бәрі әлеуметтік-экономикалық дамуға өзіндік серпін беріп, жаңа көкжиектерді бағындырудың бастамасына айналмақ.