«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қызылағаштағы көпір пайдалануға берілді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақала авторының жазуынша, кеше ғана су тасқынынанзардап шеккен ауылдарда бүгін қайнаған тіршілік қайта басталған. Айталық осы тасқын кезінде Алматы-Өскемен күре жолындағы көпір бұзылып, жол қатынасы қиындаған еді. Апаттың алдын алу мақсатындағы жұмыс нәтижесінде елді мекен қайта түледі. Дегенмен, еліміздің шығысымен арадағы автокөлік қатынасы қиындап, жолаушылардың айналма жолды пайдалануына тура келді. Жақында Қызылағаштағы көпір құрылыс толық аяқталып, іргетасы монолитті темір-бетоннан құйылып, сейсмикалық жағынан күшейтіліп, аса ауыр салмаққа шыдайтындай дәрежеде салынған. Бір қуантарлығы аймақтағы осы уақытқа дейін атқарылған істер бір бұл ғана емес. Қызылағашты қалпына келтіруде атқарылған істер жөнінде білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөміріне зейін қойыңыз.
Сондай-ақ осы газеттің бүгінгі нөмірінде «Жүйелі жұмыс үшін қомақты қаржы қажет» атты мақала басылды. Мақалаға кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында талқыланған мал шаруашылығы саласын дамыту мәселесі арқау болған. «Елімізде мал басы 1990-2000 жылдар аралығында орта есеппен 56 пайызға, одан өндірілген мал өнімдері 86,5 пайызға кеміп кеткен. Ал асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 3 есеге, ондағы мал басы 17 есеге азайған. 62 құс фабрикасының жартысына жуығы өз жұмысын тоқтатқан болатын. Осындай мәліметтер келтірген Ауыл шаруашылығы министрі нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы, ветеринарлық жүйенің халықаралық талаптарға сай етілуі және осы салаға белгілі бір мөлшерде қаржының бөлінуі жағдайды жақсартатынынан хабардар етті. Соның нәтижесінде мал басы орта есеппен 44 пайызға өсіп, мал өнімдерін өндіру артып келеді. Тоқтап тұрған 14 құс фабрикасы өз жұмысын қайта бастап, құс етінің импорты 70-тен 58 пайызға төмендеген»,- делінген мақалада.
***
«Айқын» басылымының хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолданысқа бірқатар тың ережелерді енгізбекші. Жол полициясы комитеті жолда жүру ережелеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тағы бірқатар өзгертулер дайындап, жылдың аяғына дейін Үкіметтің қарауына береді. Мәселен, бұл нормативтік актілерде келесі жылдан бастап, әкімшілік соттардың қарауында аулада, тұрақтарда, жанармай құю бекеттерінде көліктер зақымданған жағдайда сақтандыру төлеміне қатысты істер пайда болады. Сондай-ақ алдағы уақытта көлік жүргізуші жаяу жүргіншілерді алыстан байқау үшін сыртқы киімдеріне жарық шағылыстыратын жолақ тағып жүруге міндетті болады. Өйткені түнгі мезгілдерде қарсы жақтан келе жатқан көліктің жарығынан жүргізуші жолдың жиегіндегі жаяу жүргіншілерді көрмей қалуы мүмкін. «Біз мұны қазақстандықтардың құқығын аяқ асты ету үшін емес, олардың өмірін сақтау үшін қарастырып жатырмыз» деп түсіндіреді Жол полициясы комитетінің бастығы Қайрат Тыныбеков. Бұл мәселеге зер салғыңыз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Жол жүру ережесіне жаңалықтар енгізіледі» атты мақаланы қараңыз.
Сондай-ақ «Айқынның» бүгінгі нөмірінде «Елбасымыз инновациялық бағдарламаны жаңа сапалық деңгейге көтерді», деген тақырыппен сұхбат жарияланды. Сұхбат беруші химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі Еділ Ерғожин. Оның айтуынша, Қазақстан жылына 100 миллион тонна мұнай өндірсе де, әлемдік рыноктағы оның орны онша сезінерліктей емес. Бұған қоса қазіргі таңда жер қойнауындағы көмірсутек қорының азаюына байланысты, сондай-ақ жердің экологиялық жағдайын да ойлағандықтан дүниежүзі мемлекеттері ядролық энергия өндірісіне ерекше ден қоятынын мәлімдеп үлгерді. Қытай, АҚШ, Үндістан, Ресей секілді энергия тапшылығын қазірдің өзінде сезіп жүрген мемлекеттер таяу жылдарда жиынтығы жүзден астам ядролық реакторларды іске қосуды жоспарларына енгізіп қойды. Ал Қазақстан қазірдің өзінде ядролық отын өндірісі мен экспортынан дүние- жүзінде бірінші орынға шығып үлгерді. Демек, елімізде ядролық отын өндірісі одан әрі ұлғайса, оның банкингін жасауға шетелдіктер келісімін беріп қаржыландырып жатса, әлемдік энергетика саласында Қазақстан соңғы сөзді айтатын басты ойыншы болып шығады.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Ресей бәсекелестіктен неге қашады» атты мақал басылды. Мақалада автор «отандық кәсіпкерлерге жол ашады» деген Кеден одағының керісінше оларды аяғынан тұсап отырғандығын айты, дабыл қағады. «Нақтырақ айтқанда, осы одаққа мүше Ресей тарапы мұндағы шарттар бойынша жұмыс істеуге дайын емес болып шықты. Сол себепті бүгіндері жүктері Ресейдің кеден бекетінде көп тұрып қалған, негізсіз тексеруге бой ұрған еліміздің ірі экспорттаушы компаниялар «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасына арыздануға мәжбүр болған. Өйткені құзырлы органның, тіпті мемлекеттің араласуынсыз бұл мәселелерді шешу қиынға соғып тұрған жайы бар», делінген материалда.
Сондай-ақ «Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Қызылорда өңірінде ұрланған малды саудалауға қажетті жағдай жасалып жатқан сияқты. «Қызылорда облысының орталығында мал базары бар. Бір қызығы, күндіз аталмыш базардың есігінде қара құлып ілініп тұрады. Сауда-саттық күн ұясына кірген сәттен басталады. Неге? Оны ешкім түсіне алмай дал. Бұрын қалыптасқан дағды солай. Бұл мәселе бұрыннын қозғалып келеді. Жергілікті тұрғындар тарапынан талай мәрте қала басшылығына айтылған. Алайда мал базардың тіршілігі бәз-баяғы күйінде қалып отыр. Солай бола тұра, кіреберісте жазылған кестеде таңғы сағат 6 мен 10-ның арасында жұмыс жасайтыны көрсетілген. Ол заңдылық мүлдем сақталмайды», - дейді мақала авторы Бұл жайында газеттің бүгінгі санындағы Қызылорданың мал базары неге түнде ғана жұмыс істейді» деген мақаладан біле аласыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының директоры Янез Ленарчичтен алынған сұхбат «Казахстан уважает мандат БДИПЧ» деген тақырыппен жарияланды. Я. Ленарчичтің пікірінше, ЕҚЫҰ-ы оған қатысушы елдердің басын біріктіріп, аймақта қалыптасқан қауіп-қатерлерге қатысты мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. «Бұл ретте біз тек дәстүрлі әскери және саяси аспектілерді ғана назарға алып отырған жоқпыз. ЕҚЫҰ-ның еркшелігі сонда, ұйымға мүше елдер экологиялық мәселелер мен адам құқықтарының бұзылуы сияқты проблемалардың шешілмеуін де үлкен қауіп деп біледі. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бағытта бірқатар кешенді стандарттарды тізіп отыр. Олар әруақытта осы стандарттарға арқа сүйейтін болады»,- дейді Я. Ленарчич.