«Жолдардың жадау кейпі қашан түзеледі?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 27 шілде, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Жолдардың жадау кейпі қашан түзеледі?» атты мақала жарияланды.

«Бас-басына бірден көлік тізгіндеген кезеңде ортақ игілік - жол инфрақұрылымының жан жабырқататын жадау кейпі қашан түзелмек?!» деп сауал тастайды басылым аталған мақалада.

«Сол соқталы сауал əсіресе, шығыс өңірінің жолдарымен келе жатқан жолаушылардың жадында еріксіз бүр жаратыны бар. Еліміздегі ең ұзақ республикалық жол - шығысқазақстандықтарға тиесілі. Облыс аумағын 3414 шақырым республикалық жол басып өтеді. Ұшы-қиырсыз ұзақтығы ма, жолшылардың, жол құрылысшыларының мимырт, өнбес еңбегі ме, оларға бас-көз болған мердігер- серіктестік жетекшілерінің жауапсыздығы ма, əлде қайдан құлақ шығарам деген қазаншының (тендер бөлуші мекемелердің) еркіндегі дүние ме, əйтеуір осы жолдың жағдайы жақсарғаны некен-саяқ. Жыл сайын жөнделіп жатқан жолдың қашықтығы жөндеу көрмеген жүдеу жолдың ширегіне татымайды. Əрине, тиісті мекемелердің есебінде мұның барлығы ағымдағы жөндеу, орташа жөндеу сияқты сылап-сипайтын жұмыстардың тасасында қалып, жалпы жұмыстың жағдайы жақсы сияқты көрініс беретінін жасырмаймыз. Осы бұлтарыс- қалтарысы көп жолдың үстінде ажалмен бетпе-бет келетіндер азаймай тұр. Қазақы таныммен қайырғанда, жолдың жаманы жоқ, жаманнан аманы жоқ... Шұрқ тесік жол көлік иесін шырқыратады, асыққан жолаушының жүйкесіне батады», - делінген мақалада.

«Жақында шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында облыс орталығына қарай даңғыл жолдар келе жатқанын айтқан еді. Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Астана - Семей - Өскемен, Алматы - Талдықорған - Өскемен жолдары заманауи талаптарға сай толығымен қайта салынуы тиіс», - деп жазады басылым.


Енді бір аз ғана уақыттан кейін бекіре балықтың Арқа жұртына таңсық болудан қалатын түрі бар. Олай деуге негіз де жоқ емес. Дмитрий Əбілдин деген кəсіпкер Қарағандының іргесіндегі Үштөбе ауылының маңынан балық өсіретін шаруашылық ашты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің «Бекіреден ет жейміз» атты мақалада xабарлануда.

«Екі жылға ұласқан еңбек далаға кетпепті. Таяуда осы бірегей кəсіпорын көптен күткен шаруаны іске асырды: арнайы хауыздарға балық шабақтары жіберілді.

Бұлар кəсіпорынның тапсырысы бойынша Шымкенттегі тəлімбақта өсірілген 15 мың сібір бекіресі жеткізілген. «Кəсіпорын өзінің толық қуатына шыққанда, - дейді кəсіпкер сенімді түрде, - жылына 45-50 тонна бағалы балық етін өндіретін болады. Бассейндер санын 13-ке жеткізу де ойда бар.

«ҚазАгроҚаржы» лизингтік компаниясы көрсеткен қолдаудың арқасында балық фермасы Латвияда əзірленген жобаға сəйкес еуропалық заманауи құрал-саймандармен жабдықталған», - делінеді мақалада.

***

«Қантқа қатысты қырқысқа кім кінәлі?» атты мақала «Айқын» газетінде жарияланды.

«Ақ халатты абзал жандар» қанттың денсаулыққа аса зиян екендігін айтады. Бірақ дәл қазір осы бір тәтті тауар әмиянның жауына айналып тұр. Өткен жылы еліміздің бас қаласында өткен жәрмеңкелерде қанттың әр келісі 150 теңгеден сатылған болатын. Қазір оның бағасы дүкендерде 300-350 теңгеге дейін жетті», - деп жазады басылым. Рас, танымал бір супермаркеттер желісінде бұл өнім бағасы 265 теңгеге дейін төмендегені сол еді, елордалықтар соңғы түйіріне дейін сыпырып алып кетті. 

«Құмшекердің қымбатшылығы барлық дерлік өңірлерді басты. Ал Көкшетаудағы қант үшін қырқыс YouTube арқылы бүкіл әлемге тарап кетті. Жағдайға Үкіметтің тапсырмасымен, Ұлттық экономика министрлігі арала­суға мәжбүр болып отыр. Бұл ведомство арнайы тексеру-зерттеу жүргізе келе, тапшылықты және қымбатшылықты қант өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы делдал буындар туғызғанын анықтап отыр», делінген мақалада.

Осыған орай монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңнаманы бұзған-бұзбағанын анықтау үшін қантты бөлшек және көтерме өткізушілердің қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуде. Қантты көтерме саудада өткізу нарығында бірінші тергеу ендігі басталған: оны Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша депар­таменті жүргізуде. Бұл ретте адал емес жеткізушілерге қатысты дәл сондай тергеу-тексерулерді еліміздің басқа да өңірлерінде жүргізу жоспарлануда. 

 

Биыл министрлік мемлекеттік білім грантының санын анықтап, басым бөлігін қазақша мектеп бітіргендерге бөліп отыр. Бұл туралы «Айқын» басылымы «Сағадиев грант санын көбейтті» атты мақалада xабарлауда.

«Министрдің грант санын өсіруіне Ұлттық бірыңғай тест тапсырған оқушылардың 72 пайызы сынақты қазақ тілінде тапсырғаны себеп болған сияқты. Бұған дейін қазақша мектеп бітіргендерге бөлінетін грант саны алпыс пайыз болатын. Оның өзі министр Жақсыбек Құлекеевтің кезінде жүзеге асырылған еді. Осыған дейін министрліктің мемлекеттік білім гранттарының алпыс пайызын қазақ бөліміне, 40 пайызын орыс бөліміне бөліп келгендігіне қынжылатындар да көп еді. Тіпті «елімізде қазақ тілінде орта мектеп бітіргендердің санының басым екенін ескерсек, бұл қазақ баласына жасалып отырған қиянаттай көрінеді» деп ренжігендер де болған», - деп жазады газет.

Сол олқылықтың орнын толтырып, биыл Білім және ғылым министрлігі қазақ мектептеріне бөлінетін грант санын молайтты. Бұл туралы таяуда вице-министр Тахир Балықбаев мәлімдеген еді. Ол: «Биылғы жылы бөлінетін мемлекеттік білім грантының саны анықталды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 39 994 орын. Оның ішінде бакалавриат - 32 168 грант, магистратура - 7 241 грант, докто­рантураға - 623 грант бөлінді. Биылғы жылы да мемлекеттік гранттардың басым көпшілігі техникалық мамандықтарға беріледі. Техникалық мамандықтардың үлесі - 42,4 пайыз. Биылғы жылдың мемлекеттің тапсырысындағы басты ерекшелік - гранттардың оқу тіліне байланысты болып отыр. Мемлекеттік гранттардың 75 пайызы қазақ бөліміне және 25 пайызы орыс бөліміне бөлінетін болады. Осы уақытқа дейін гранттар екі тілге шамалас пропорциямен бөлініп келген еді. Бірақ мектеп бітірушілердің үлесі бойынша, қазақ мектебін бітіргендер орыс мектебін бітіргендерден басым. Сондықтан осындай шешімге келдік», - деді. 

***

Қазақстандық әйелдер тұрмыстық зомбылықтан жиі көз жұма бастады, ал нәзік жандыларымыздың кемінде 70%-ы жұбайларынан соққы жегені анықталды, деп xабарлайды «Экспрес К» газеті.

«Мамандардың пікірінше, отбасылық жанжалдан зардап шегетін әйелдер үшін кризистік орталықтар ашып, үйдегі «жауыздыққа» байланысты дабыл белгісін орнату қажет», - делінген « В постели с врагом» атты материалда.

Алматылық Ақерке Байғазиева күйеуінің «жалынды» маxаббатын татып көрді. Жаңа жылдық мерекелердің қарсаңында жұбайы оған бензин шашып, кіші ұлының көзінше өртеп жіберген.

 - Мен шырақ сияқты лап етіп өртендім, - деп еске алады Ақерке. - Өзін-өзі сақтау сезімі бірден істеп кеткені жақсы болды, мен бірден оппа қарға секіріп кеттім. Көршілер менің айғайымды естімес үшін, ол мені үйге сүйреп кіргізді.

Ақерке Байғазиева екінші және үшінші санаттағы күйік алды. Бірақ оның күйеуі әлі бостандықта жүр.