Бұл – Президенттің 8-ші Жолдауы еді. Дәстүрге сәйкес Мемлекет басшысы жыл сайын Парламенттің жаңа сессиясының ашылу рәсімінде сөз сөйлейтін. Тек 2022 жылы ғана бұл үрдіске өзгеріс еніп, бір жылда 2 Жолдау арналды: алғашқысы – наурызда, кейінгісі – қыркүйекте.
Президент Жолдауы - жай саяси мәлімдеме емес. Онда қоғамның көкейінде жүрген мәселелер көтеріліп, экономикадан бастап әлеуметтік салаға дейінгі басым міндеттер белгіленеді. Мысалы, өткен Жолдауларда көтерілген АЭС құрылысы, әкімдерді тікелей сайлау, Ұлттық қордан балаларға қаржы аудару, ауылдарды көркейту секілді мәселелер кейін нақты іске ұласқанын білеміз. Ал 2024 жылғы Жолдаудың өзегі болған заң мен тәртіп тақырыбы бүгінде ұлттық концепцияға айналып отыр. Сондықтан Жолдауда айтылған әрбір бастама түптеп келгенде қарапайым азаматтың өміріне әсер етеді десек жөн.
Парламенттің келешегі шешілді
Өткен жылғы Жолдауда Парламент тағдырына қатысты маңызды ұсыныс – бір палаталы Парламент құру идеясын естідік. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысты қоғам талқылауы керегін, шешімді де халықтың еркіне салу қажетін баса айтты. Кейін қазан айының басында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, халықтан келген 2 мыңнан астам ұсыныс-хат қаралғаны көпке белгілі.
– Мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет, – деген болатын Президент өткен жылғы Жолдауында.
Мемлекет басшысы айтқан жан-жақты талқы шынында жүзеге асты. Конституциялық комиссия отырысында, БАҚ пен әлеуметтік желіде Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты ел пікірін естідік. Бір палаталы Парламенттің ұтымды тұсын әрі заң шығару процесіне қатысты оңтайлы жағы басым шыққан. Нәтижесінде, жаңа Ата Заң қабылдау жөніндегі референдумда Парламентке қатысты реформа қолдау тапты.
Alatau City-ге арнайы мәртебе берілді
Мемлекет басшысы Жолдауда Alatau City-ге ерекше мән берді. Шаһарды іскерлік және инновациялық орталыққа айналдыру керегі бұрын да айтылғанымен, бұл жолы нақты тапсырма мерзіммен шегеленген. Президент қалаға ерекше статус беруге Үкіметке 10 күн мұрша беріп, басқару ережелері, қаржылық моделін нақтылауды тапсырды. Сондықтан Жолдаудан көп өтпей Алатау қаласы арнайы мәртебе еншіледі.
– Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн.
Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының тарапынан танытқан қызығушылық шетелдік компанияларды оятты. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыруға Surbana Jurong, KPMG Korea, Alatau City Bank секілді компаниялар атсалысуға ниетті. Alatau City қаласының құрылысына Оңтүстік Корея, Сингапур және АҚШ елдері аса қызығушылық танытып отыр.
Цифрландыру және жасанды интеллект
2025 жылы Жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбын арқау еткен. Көпшілік атауынан-ақ барлық секторды цифрландыруға басымдық берілетінін аңғарды. Оған қоса Президент те Жолдауда «цифрландыру» сөзін 14 рет, «жасанды интеллект» сөзін 31 рет қайталаған. Тіпті арасында цифрландыру стратегиялық міндет ретінде айқындалғанын аңғардық, яғни Мемлекет басшысы үш жылда жаппай цифрлық елге айналамыз деді.
Жолдауға Үкімет жауабы да жағымды болды. Тапсырманы орындау үшін жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Цифрлық кодексті әзірлеу, жасанды интеллектіні экономикаға енгізу қарқынды жүрді. Президент пәрменінен кейін он күннің ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің есігі ашылса, кейін салаға қатысты құқықтық құжаттар бірінен кейін бірі жарыққа шықты: Президент 2025 жылы 17 қарашада «Жасанды интеллект туралы» Заңға, биыл 9 қаңтарда Цифрлық кодекске қол қойды.
Жаңа министрліктің жасаған қадамы көп. Ведомство көмегімен Жасанды интеллектіні 2029 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы мен Digital Kazakhstan жалпыұлыттық стратегиясы бекітілді. Мұның бәрі жасанды интеллектіні экономика мен еңбек нарығына бейімдеп, барлық саладағы цифрлық трансформация қағидасын қалыптастыруға ықпал еткенін айта кету керек.
Білім беру мен медицина дамыды
Айта кетерлігі, Президент Жолдауда «Келешек мектептері» жобасын толық аяқтауды тапсырған болатын. Өйткені Жолдауға дейін жоба аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і ғана жұмыс істеп тұрғаны мәлім болды. Мемлекет басшысы қалған нысандарды қысқа мерзімде пайдалануға беруді міндеттеп, қалған білім ошағы 2025 жылы ел игілігіне берілді.
Нәтижесінде білім беру инфрақұрылымы артық жүктемеден арылды десек болатындай. Жоба аясында білім инфрақұрылымы 460 мың оқушыға арналған жаңа орындармен толықты. Бастысы, «Келешек мектептері» жобасының көмегімен үш ауысымда жұмыс істеген 54 мектептің және апатты жағдайдағы 12 білім ошағының мәселесі толығымен шешілгені есте.
Жолдау ауылдық жерлердегі медицинаның ілгерілеуіне де көмегін тигізді. Өткен жылдың соңына қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 195 нысанның пайдалануға беріліп, шалғайдағы миллиондаған ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмек ала бастады.
Көлік-Логистика: Smart Cargo-дан теміржолға дейін
Жолдауда көлік-логистика саласы қалыс қалмады. Көптен айтылып жүрген кедендік рәсімдер мен логистиканы цифрландыру жайы күн тәртібіне қайта шықты. Мәселен, Президент қазан айына дейін іске қосуды тапсырғанSmart Cargo жүйесі қазір жұмыс істеп тұр. Платформа кеден мен логистикадағы 58 ақпараттық жүйені бір ортаға біріктірді. Бұл арқылы Smart Cargo жүйесі елдегі көлік-логистика саласындағы жүктердің барлығын дерлік бақылауға алуға қауқарлы деген сөз. Бүгінде цифрлық шешімнің арқасында шекарадан өтетін жүк қозғалысы 30 пайызға және кезек күту 10 есеге кеміген.
Жолдаудан кейін теміржол инфрақұрылымына қатысты маңызды жобалар жалғасты. Ұзындығы 836 шақырымды құрайтын «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші теміржол желісі пайдалануға берілсе, «Қызылжар – Мойынты» және «Бақты – Аягөз» теміржол желілерінің құрылысы басталған. Жаңа желілер толық көлемде іске қосылған жағдайда Қазақстан-Қытай теміржол бағыттарының өткізу қуаты бес есеге дейін артпақ.
Ауыл шаруашылығы мен су саласы
Өткен жылғы қыркүйекте берілген тапсырманың бір парасы ауыл шаруашылығына да қатысты. Президент бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлуге пәрмен берді. Мемлекет басшысының ұстанымына сүйенсек, жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.
Сондықтан кейінгі бір жылда мемлекетке қайтарылған жерлерді қайта айналымға қосу жұмысы жалғасып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 13,5 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері өткен болса, соның шамамен 6 млн гектары ғана бастапқы кезеңде қайта бөлініпті. Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін Президент әкімдіктерге қайтарылған алқаптарды тиімді пайдалануға беріп, тұрақты ауыл шаруашылығы айналымына енгізуді жүктеді.
Министрліктің мәліметінше, қазір 7,5 млн гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөніндегі тапсырма орындалған. Оның 3,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті тұрғындарға, 4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге конкурстық негізде берілген екен. Қалған бөлігі кезең-кезеңімен үлестірілетін болады.
Сонымен қатар Жолдаудан кейін жерүсті және жерасты сулары жөніндегі ақпаратты жүйелеуде ілгерілеу бар. Осы мақсатта Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жауапты министрлік платформаны жыл соңына дейін пайдалануға береміз деп отыр. Жүйеге су қорлары, гидротехникалық нысандар туралы деректер енгізіліп, жасанды интеллект пен ғарыштық мониторингпен байланыстырылмақ.
Футбол клубтары жекеге өтті
Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтарын жекешелендіру қарқынына көңілі толмайтынын білдіріп, бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керегін айтты. Содан бері бірқатар клуб электронды аукцион арқылы сатылды. Олардың қатарына:
- «Ақтөбе» футбол клубы;
- «Тұран» футбол клубы;
- «Атырау» футбол клубы;
- «Қайсар» футбол клубы;
- «Қызылжар» футбол клубы;
- «Жеңіс» футбол клубы;
- «Шахтер» футбол клубы;
- «Ордабасы» футбол клубы;
- «Оқжетпес» футбол клубы;
- «Елімай» футбол клубы;
- «Тобыл» футбол клубы қосылған.
Сонымен қатар өткен жылдан бастап мемлекет ҚПЛ клубтарындағы шетелдік ойыншылардың шығындарын бюджет есебінен өтеуге заңмен тыйым салды.
Ескерер жайт, Жолдаудан кейін отандық кәсіби футболдың қаржыландыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Бұған дейін клубтардың негізгі шығыны өңірлік бюджет есебінен жабылса, қазір мемлекет бұл модельден біртіндеп алыстап, футболдың ұзақ мерзімді дамуына қажетті инфрақұрылым мен академияларды қолдауға басымдық беруде. Ал кәсіби командалардың күнделікті қызметі мен қаржылық тұрақтылығы жеке сектордың жауапкершілігінде.
Инвестицияға иек арту
Өткен жылғы қыркүйекте өзге салалардың жай-күйі де қараусыз қалмады. Мысалы, Президент инвестицияларды тек шикізат секторына емес, өңдеу өнеркәсібі, сирек металдарды өңдеуге де бағыттауды талап етті. Тіпті геологиялық мәліметтерді жүйелеу үшін ЖИ-ді белсенді қолданып, Ұлттық геологиялық қызмет базасында арнайы зертхана ашуды жүктеді. Мұның барлығы қазір орындалу барысында.
Оған қоса инфрақұрылым саласында көлік-логистика әлеуетін арттыру, су ресурстарын басқаруды толық цифрландыру және тұрғын-үй коммуналдық жүйесін жетілдіру басты міндет ретінде бекіген. Әлеуметтік саясатқа тоқталған Мемлекет басшысы тиімсіз жеңілдіктер мен төлемдерді оңтайландыруды, ал медицина саласында қызмет сапасын арттырып, бірыңғай пакеттерді енгізуді тапсырған. Елдегі кадр тапшылығын шешу үшін 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланып, техникалық кәсіптердің беделін арттыруға баса назар аударылғаны тағы бар.
Қорыта айтсақ, Президенттің Жолдауда қойылған тапсырмалары нақты нәтижесін берді. Жаңа мектептер мен медициналық нысандар іске қосылды, көлік саласында ірі жобалар аяқталды. Сол себепті өткен жылғы Жолдау экономикаға да, халық өміріне де әсер етті деуге толық негіз бар.