Жолдау барша халықты қанаттандырды - БҚО тұрғыны, майдангер Ә.Кенжешев

ОРАЛ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Дәстүрге айналған Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын үлкен әсермен тыңдадым.

Әр жыл сайын берілетін Жолдаулар мүлде бір-біріне ұқсамайды. Бұл пікірін Тасқала ауданында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагері Әли Кенжешев білдірді.

«Әр жылдың өзіндік ерекшелігі мен алар асуы болады. Өткен жылғы Жолдауда еліміздегі дағдарыс салқынының алдын алу бағытындағы жүйелі міндеттер алға қойылған болатын. Соның нәтижелі болғанын көрдік. Ал биылғы Жолдау еліміздің сыртқы рыноктағы ұстанымын орнықтыруды, индустриялық-иновациялық  стратегияны одан әрі дамытуды, аграрлық сектордағы жаңа бастамаларды  нақтылауды, жұмыссыздықтың  алдын алу, тағы да басқа өрелі міндеттерді алға тартты. Сонымен қатар біз сияқты зейнеткерлердің, көп балалы аналардың, әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылғандардың жағдайы да едәуір жақсаратын тәрізді. Қоғамның басты байлығы қашан да адам екені сөзсіз. Демек, олардың денсаулығының, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жыл санап жақсара түсетіні абзал. Осы мәселелер Жолдауда ерекше айтылды», - дейді ол.

«Мен өзім күнделікті ақпарат  құралдарынан болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей қадағалаймын. Оған зейнет демалысында болғандықтан, уақытым толық жетеді. Оқып естігенімнің бәрін отбасыммен  бөлісіп, айтып отырамын. Бір сөзбен айтқанда, Жолдауды жылы қабылдадық. Оның мақсаты айқын. Оны жүзеге асыруға барлық қазақстандық атсалысады деп сенемін», - деп қорытты ойын майдангер.