Дегенмен, жұртшылық дәстүрлі Жолдаудың әлеуметтік мәселелерді, оның ішінде халықтың әл-ауқатын жақсарта түсетін шараларының қамтылуын да асқан ыждаһаттылықпен қабылдап отыр. Президент әлеуметтік саланы жаңғырта түсу бағытында ел алдына түбегейлі жаңа міндеттерді жүктеп отыр деуге болады. Жолдау арқылы 2012 жылдың нақты міндеттері мен басымдықтарын айқындаған Елбасы Н. Назарбаев негізгі басымдық ретінде 10 мақсатты жолды атаған болатын. Бұл бағыттың ішінде елдің білім мен ғылым әлеуетін көтеру мәселесі де ерекше маңызға ие болды.
Атап айтқанда, Қазақстанда адам капиталының сапалы өсуіне жіті назар аудартқан Мемлекет басшысы, ең алдымен, білім және денсаулық сақтауға көңіл бөлу қажеттігіне ден қойған еді. Оның ішінде білім жүйесін жаңғырту, ғылымды қолдау барысында да бірқатар маңызды шаралар атқару тапсырылды. «Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет. Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет. Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс. Үшіншіден, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру қажет. Мемлекет бір мезгілде білім беру қызметтерін көрсетуге әрі олардың сапасына баға беруге тиіс емес», - деген болатын Елбасы өз Жолдауында.
Бұдан бөлек, Президент, мемлекет-жеке меншік әріптестігі мәселесін көтеріп, ауылдық жерлерден және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан жастардың жол жүруі мен өмір сүруін субсидиялау, жатақханалар желісін дамыту тетіктері арқылы білім берудің қолжетімділігін кеңейту қажеттігін айтты. Оқудың жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиістігіне назар аударды. «Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар - патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс», - деген болатын Елбасы.
Жақында алқа мәжілісін өткізген Білім және ғылым министрлігі былтырғы жылды қорытындылап қана қоймай, Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді табысты атқару жолдарын талқылаған болатын.
Расында бұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру бүгін ғана қолға алынып отырған шаруа емес. Мәселен, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, былтыр қабылданған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Елбасы жүктеген міндеттерді атқаруға түбегейлі мүмкіндік береді. Осы ретте «Ғылым туралы», «Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және Назарбаев Қоры мәртебесі туралы» жаңа заңдар қабылданды. «Білім туралы» заңға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, білім және ғылым жүйесінің құқықтық базасы толық жаңарды. Техникалық және кәсіптік білім беруді басқарудың түбегейлі жаңа жүйесі жасалды.
«Елбасының тапсырмасымен барлық білім беру деңгейлерінде сапаны бақылаудың бірыңғай вертикалі құрылды. Оның білім саласы үшін маңызы ерекше. Бұл - білім сапасын арттыру мен теңестіруге, министрліктің білім беру ұйымдарымен кері байланысын күшейтуге жасалған маңызды қадам. Білім беру ұйымдарында қоғаммен, бизнеспен байланыс жасаудың жаңа механизмі - қамқоршылық кеңестер құрылуда», - дейді Б. Жұмағұлов.
Жалпы алғанда, Елбасының Жолдауда жүктеген міндеттерін толыққанды жүзеге асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі бірқатар шараларды атқаруды жоспарлап отыр. Оның маңыздысы - «Е-Learning» -электронды оқыту жүйесін дамыту. Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, «Е-Learning» электрондық оқыту жүйесі біздің елде бұған дейін де қолданысқа енгізіле бастаған болатын. Қазір мәселен, 44 білім беру ұйымында «Е-Learning» жүйесі қанатқақты жоба ретінде сыналуда. Министр бүкіл әлемде электронды оқыту жүйесі кеңінен тарала бастағанына тоқтала отырып, осы жүйені қолданатын білім беру ұйымдарының санын 2012 жылы, 537-ге дейін жеткізіп, жылдамдығы секундына 10 Мбиттік интернетпен қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
«Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттерінің бірі - 2015 жылға қарай білім берудің барлық деңгейлерінде жан басына қаржыландыру тетігін енгізу. Орта білім беру саласында жан басына қаржыландыруды енгізу революциялық қадам. Бұл жаңалық бірінші кезекте адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне ықпал ететініне сенімдімен. Өйткені, бұл білім берудің ең ауқымды бұқаралық саласы болып табылады. Екінші жағынан, ол орта білім беру саласында бәсекелестікті дамытуға жол ашпақ. Тағы бір маңызды тұсы, ол ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестіруге мүмкіндік береді», - дейді министр Б. Жұмағұлов. Министрдің айтуынша, аталған жаңалық - жан басына қаржыландыру тетігі биыл Ақмола, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қолданысқа енгізу дайындығы жүргізілмек.
Министрлік тарапынан жарияланған тағы бір жаңалық - мұғалімдердің орташа жалақысы 2015 жылға қарай жеке сектормен теңеседі. Нақтырақ айтқанда, алдағы уақытта ұстаздардың мәртебесін арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Бұл ретте мемлекет педагогтердің жалақысын көтеру мәселесін басымдық ретінде қолдайтын болады. Сонымен қатар, қоғамдағы мұғалім, ұстаз мәртебесін көтеру мақсатында министрлік өз порталында «Мұғалімнің даңқ кітабы» бөлімін ашатын болады.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, мұғалімдер біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі де жасалған. Ол бойынша мектеп мұғалімдері әлемдік тәжірибеге сәйкес үш айлық дайындықтан өтеді. Оның нәтижесімен мұғалімдерге бұрынғы категорияларына қосымша, жаңа біліктілік деңгейі беріледі. Мұндай біліктілік деңгейі мұғалімнің еңбекақысын әрі қарай көтеруге негіз болмақ.
Алқа жиынын қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев өз сөзінде 2012 жылы шешімін табуы тиіс бірнеше мәселелердің басымдығын атап өтті. Олар - Функционалдық сауаттылық жөніндегі бес жылға арналған ұлттық жоспарды қабылдау, мектептерде өлшемдік бағалауды енгізу, салалық қауымдастықтар базасында пилоттық режимде тәуелсіз біліктілікті арттыру орталықтарын құру.
Сондай-ақ 2012 жылдағы басты міндет білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы мәселесі болып табылады. Ағымдағы жылы Білім беру ұйымдарына тәрбие жұмысын енгізу жөніндегі кешенді жоспар қабылданып, онда жастарды толеранттылық, ұлтаралық келісім, адамгершілік негіздері, патриоттық, заңға мойынсынушылық және еңбексүйгіштік принциптері бойынша тәрбиелеу мәселесі қарастырылатын болады.
Бұдан бөлек, биылдан бастап Назарбаев Университетінің базасында интеллектуалдық-инновациялық кластерлер қалыптасатын болады. Ғылым, бизнес пен мемлекеттің Назарбаев Университеті төңірегіндегі кластерде бірігуі технологияларды, инновациялар мен жаңа білімдерді трансферттеу мен жасауға ықпал ететін ұлттық ғылыми-инновациялық жүйе құруға негіз қалыптастырады.