Қазақстан халқы асыға күткен Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы 2012 жылдың 28 қаңтарында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланды.
Қазіргі жаһандану заманында елдің елдігін сақтап, тәуелсіздігін баянды ету үшін болашаққа нақты ойластырылған қадамдар жасалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің өсіп-өркендеп, дамуына дұрыс жол көрсетілуі қажет. Яғни, алдағы уақытта жоспарсыз қадам басу мүмкін емес. Сондықтан, Елбасының Жолдаулары 1997 жылдан бері дәстүрлі жалғасын тауып, әртүрлі мәселелерді қамтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту, егеменді ел ретінде дамып, болашақта өркениетті және бәсекеге қабілетті әлемнің жетекші 50 елінің қатарына қосылу көзделген.
Елбасының осы жолғы Жолдауында Қазақстан халықының әл-ауқатын жақсарту мақсатында он негізгі басым бағыт атап көрсетілді. Солардың екіншісі және ел өміріне аса қажет мәселені қамтитын баспана мәселесі ретінде аталды. Онда Президент Н.Ә. Назарбаев тұрғын үй мәселесіне қатысты: «Біз тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік» деп атап көрсеткен. Демек, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы өткір мәселенің бірі - қолжетімді баспана екендігі ескерілген. Оған айтарлықтай қаражат та қарастырылған.
Жалпы, мемлекет бұған дейін де бірнеше тұрғын үй мәселесін шешуге арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып келді. Соның арқасында көптеген жастар, мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер және тағы басқалары баспаналы болды. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қызмет жасайтын жастарына жағдай жасау қажет. Әрине, мемлекет қаражат бөліп, қамқорлық жасағаннан кейін, оның қайтарымы да болуы шарт. Өйткені, барлығы тегін болса, қайтарым болмаса, ол шығын мемлекеттің қаражат қорына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан, еліміздегі қызметкерлерге пәтерлер берудің түрлі бағдарламалары болуы керек және оны жүзеге асырудың механизмдері жетілдіріліп, соңынан қадағалаудың болуы шарт.
Болашақта Қазақстан дамыған мемлекеттердің көшіне ілесуі үшін жастарға қолдауды баспана беру, жұмыс орнына тарту деген сияқты мәселелердің нақты жолдарын айқындай түсуі керек. Әлеуметтік мәселеге қатысты кезінде ұлтымыздың жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлым дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұл қайдан болсын» деген ғой. Яғни, ел болашағы жастар екендігін меңзеп, көрегендікпен айтылған сөз деп қабылдауымыз керек.
Қазіргі күрделі үдерістер жүріп жатқан әлемдік қауымдастықта Қазақстан өз орнын иелене білді деп нық сеніммен айтуымызға болады. Себебі, біздің еліміз тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде биік белестерге шықты. Осындай әлемдік дағдарыстардың толқыны көрініс беріп, бүкіл адамзат баласы алаңдап, түрлі күй кешіп жатқанда, мемлекетіміз одан аман шықты. Қиын кезде тығырықтан жол тауып, елді қауіп-қатерге ұрындырмай алып шыққан қазақ жұртының басқарушы элитасы сарабдал саясатпен байыпты әрекет жасай білді. Бұл жетістіктер әлем елдерінің таңданысын тудырды. Енді, алдағы уақытта қайталануы мүмкін деген дағдарыс жағдайына ел басқарушы азаматтар тізе қосып жұмыс жасауда. Міне, сондай күрделі құбылыстар қылаң беруі мүмкін деген болжамдар жасалса да, халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған нақты жоспарлар жасалып, қаражат бөлінуде.
Елімізде жас отбасылар мен қызметкерлерге қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің нақты жоспарлары жүзеге асырылып, оны қадағалауды да күшейту қажет. Мәселен, ел ішінде еңбек етіп жүрген жастардың пәтерге бірінің қолы жетсе, көпшілігінікі жетпей жатады. Оның түрлі себептері мен бөгеттері бар. Бірінші кезекте, жастар баспаналы болуы үшін бірқатар бағдарламалар ойластырылуы тиіс. Онда: арендалықтың екі түрі, біріншісі, мемлекеттің өз иелігінде болатын пәтерлер, екіншісі, белгілі мерзім өткеннен кейін тұрғынның атына аударылатын пәтерлер. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың белгілі бір 2 жылдық немесе 3 жылдық мерзімін қамтитын жоспарлы құрылыстар болуы керек. Бұл бағдарламаларға қатысатын жастардың пәтер алу үшін жинайтын алғашқы жарнасы 10 немесе 15 %-дан аспауы тиіс. Себебі, қазіргі күнде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне барған жастардан алғашқы жарнаның 50 % - дық көрсеткішін талап етеді. Ол дұрыс емес. Ондай қаражатты жас отбасылар жинақтай алмайды. Бұл жерде бөгеттер көп. Сондай-ақ, жылдық пайыз 4 немесе 5 %-дан асырылмауы қажет. Тек, сонда ғана жас отбасылар баспаналы болады.
Жалпы, жастарды және баспанасыз жүрген қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мемлекетіміздің қуаты жетеді. Тек, бағдарламалардың механизімін нақтылап жетілдіру және оған бөлінетін қаражаттың соңында сұрауы, қадағалануы, құрылыстың сапасын тексеру деген мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс.
Қазір біздер өркениет заманында өмір сүріп отырмыз, сөйте тұра, мемлекеттік бағдарламалармен салынған тұрғын үйлердің кейбіреуінде сапасы төмен көріністер бар. Оған себепкер болатын сыбайластық, жемқорлық сияқты әрекеттер болуы мүмкін. Өйткені, мемлекет қаражат бөледі, оны ортасынан сапасыз материалдармен алмастырып немесе үнемдеп жеу секілді келеңсіз жағдайлар байқалады. Яғни, құрылыс жасаушы компаниялар толық жауапкершілікпен жұмыс атқармайды, оны тексеретін қызметкерлердің де немқұрайлы қарауы дұрыс емес.
Болашағымызға үміт артқан ел болсақ, өз-өзімізге жанашырлықпен қарауымыз керек. Әсіресе, ел өміріндегі маңызды мәселе - қолжетімді құрылыстарды дұрыс қадағалап, халықтың баспаналы болғандығын есепке алу қажет. Сонда, жас отбасылардың жағдайы түзеліп, алаңсыз мемлекетке қызмет жасап жүреді. Олай жасамайынша, олардың көңіл-күйі дұрыс болмайды, ертеңіне алаңдаған адам күнделікті жұмысын толық атқара алмауы да мүмкін. Халқымыз айтады ғой: «Үйі жоқтың, күйі жоқ» деп. Сондықтан, мемлекет тарапынан жастардың қолы жететіндей пәтерлері болуы керек. Одан кейін жастар жағынан мемлекетке оның қайтарымы да болуы тиіс.