Жолдау жүктеген міндеттер: Мемлекеттік-жеке әріптестік ТКШ жұмысын соңғы нәтижеге бағдарлауға мүмкіндік береді - Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығының басшысы - Б.Смағұлов

СТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жеке инвестицияларды тартудағы мемлекеттік-жеке әріптестік тетігінің зор әлеуетке ие екендігі атап өтіледі.

Дәл осы жерде бұл тетіктің үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес жетілдіру қажеттілігі де баса назар аударылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жергілік инфрақұрылым сынды салалаларда мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін енгізу жұмыстарының қалай өтіп жатқандығы турасында ҚазАқпарат тілшісімен сұхбат барысында «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Болат Смағұлов әңгімелейді.

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін пайдалануға қолданыстағы концессиялық заңнама мүмкіндік бере ме?

- Біздің елімізде мемлекеттік-жеке әріптестік үшін құқықтық негіз бар. Қолданыстағы заңнама аясында біздің орталыққа әкімдіктерден бірқатар концессиялық ұсыныстар түсті - бұлар сумен жабдықтау бойынша нысандардың құрылысы және пайдалану, электр энергиясын өндіру, қоқыс өңдеу және балабақшалар кешені жобалары. Алайда ұсыныстардың дайындық сапасы онша емес. Жалпы, біздің орталық әзірленген жобаларға экономикалық сараптама жүргізеді, алайда олардың жасалу үрдісіне қатыспайды. Әкімдіктер концессиялық жобалардың сапасына ерекше назар аударуы қажет.

Сонымен қатар қазіргі уақытта ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі 2014 жылға дейін Қазақстанда мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Онда мемлекеттік-жеке әріптестік түсінігін анықтау және оның мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылады. Жекелей алғанда тұрғын үй-коммуналдық шарушалығында МЖӘ-нің түрлі үлгілерін қолдану мүмкіндіктері де бар.

- Бюджетке салмақ түсіруді төмендетуден басқа мемлекеттік-жеке әріптестік схемасының қандай басымдығы бар?

- МЖӘ тетіктері мемлекеттік бюджеттің белгілі бір қаржылай шектеуі болған мезеттерде жиі пайдаланылады. Сонымен қатар мемлекет үшін бұл - инфрақұрылымдардың жедел қарқынмен дамуын қамтамасыз ету, сапалы қызмет ұсыну, жеке секторды басқаруда тәжірибе тарту, заманауи технология және жеке сектормен тәуекелдерді бөлу. Сонымен қатар жеке секторға мемлекет жауапкершілігіндегі дәстүрлі саланы қаржыландыру және 20-30 жылдың ішінде тұрақты табыс көздерін алуға, әрине, мемлекетпен тәуекелді әрі жауапкершілікті бөле отырып тұрақты, кепілді мүмкіндік беріледі. Өз кезегінде тұрғындар қолжетімді бағаға сапалы қызметтер алатын болады. Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаны жүзеге асырудың шынайы шығындарын өте жақсы бағалауға мүмкіндік береді. Жоба құнының нақты әрі шынайы бағасы жеке компания үшін де қажет, бұл бағалау жоба құнының көтерілу тәуекелін біршама төмендетуге мүмкіндік береді.

- Тұрғын үй-коммуналдық саладағы мемлекеттік-жеке әріптестіктің қолданылу мүмкіндігі туралы тарқата әңгімелеп берсеңіз.

- Қазіргі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өте қиын жағдайда - барлық нысандардың 90 пайызға жуығы оларды жаңартумен айналысып жатқан квазимемлекеттік кәсіпорындардың балансында тұр. Олардың бюджеттен алатын қаржысы нысанның жылдан жылға жұмыс істеп тұруы үшін, яғни ағымдық жөндеу жұмыстарының бір бөлігіне ғана жетеді. Нәтижесінде жыл сайын пайда болған «ойықтарды» жамап-жасқауға тура келеді де, соңғы қорытындысында ықтималды жаңарту сомасы біршама басым болып шығады. Жобаға келетін жеке инвестор мұны түсінеді. Оған болашақта жыл сайын күрделі жөндеуге қаржы жұмсағаннан жаңартумен немесе қайта құрылымдаумен байланысты проблемаларды шешкен біршама пайдалы.

Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларының жүзеге асырылуының сәттілігі нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуге, жоспарлау сапасына, тәуекелдерді бөлуге, бақылауға және мемлекет тарапынан біржолғы қолдауға байланысты. «Концессия туралы» Заңға сәйкес концессорға мемлекеттік қолдаудың келесі шаралары ұсыныла алады: ерекше құқық беру, заттай гранттар ұсыну, тұтыну кепілі, инвестициялық шығындар өтемі және ортақ қаржыландыру.

Мемлекеттік-жеке әріптестік барлық проблемаларды шешуге дауа бола алмайды, бірақ жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру барысындағы құрылымданған әрі тиянақты салмақтанған тұрғы мемлекет анықтайтын соңғы нәтижеде коммуналдық сектордағы әріптестердің жұмысын бағдарлауға мүмкіндік береді.

- Коммуналдық сала жекешелендірілгеннен бері біршама уақыт өтті. Бұл әзірше күткен нәтижелерді әкелмеген сияқты ғой?

- Әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да коммуналдық саланы дамыту және жаңарту жобаларын қаржыландыру бюджет қаржысы есебінен жүргізілді және жүргізілуде де. Бюджет қаражатының шектеулілігі және коммуналдық саланың мол инвестициялық қажеттілігі жеке сектордан сыртқы инвестицияны тарту қажеттілігін өткір қоюда. Сонымен қатар мемлекет пен жеке сектор арасында тараптардың ұзақ мерзімге құқықтары мен жауапкершіліктерін бекітетін нақты келісімді қарым-қатынас болуы қажет. ТЭН, конкурстық құжаттама, жобаларды сараптау және олардың міндетті одан арғы мониторингі қосылатын жобаларды сапалы кезең-кезеңімен жоспарлау жобаның институционалды дұрыс ұйымдастырылуына, жоба қаржыландырылуының құрылымдалуына және оның сәтті жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.

Мемлекет қатардағы тұтынушылармен бірге жалпы жұмыс нормасын, тариф саясатын әзіреу арқылы осы саладағы жеке компанияның қызметіне бақылаушы рөлін орындай алады және бұл орайда бизнес ресурстарды тарта отырып, жекешелендіруге қарағанда меншік құқығынан айрылмайды.

- Неліктен осы уақытқа дейін мемлекетке бұл салаға тиімді бақылау жасау мүмкін болмады?

- Жұмыстың іркіліссіздігін бақылау үшін алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына кешенді тізімдеу және жаңарту бойынша шараларды қабылдау қажет. Бұл бағытта Қазақстан Үкіметі 2009 жылы ТКШ-ны дамыту және жаңарту жөнінде тұжырымдама және оны жүзеге асыру бойынша кешенді жоспар қабылдады. Жоспарға коммуналдық сектор нысандарына тізбе жасау және инвестициялық қажеттілігін анықтау бойынша бірқатар іс-шаралар қосылған. Ел ауқымында коммуналдық шаруашылықты қаржыландыру көлемінің қажеттілігін анықтау бойынша нақты кешенді тәсілдер МЖӘ тетіктеріне жеке инвестиция тартудың әлеуетті бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекеттік активтерді құру мен пайдалануда сапалы бақылау болмайтындығын атап өткен орынды. Осыған орай мемлекеттік активтерді есепке алу тәртібін, яғни мемлекет активтерінің жиынтық есебін жүргізу, актив құру бойынша шығындардың жалпы құнын анықтауға байланысты іс-шара өткізу қажеттілігін анықтау, бюджет қаражатын шығындау нәтижесінде пайда болатын мемлекет активтерін пайдалану тиімілігін бақылауға мүмкіндік беретін баланс активтерін әзірлеу қажет. Одан әрі оның жүзеге асырылуының барлық кезеңдерінде жобаның сапалы мониторингі қажет.

- Әлемдік тәжірибе ТКШ үшін қандай схемлар ұсынады?

- Сумен жабдықтау саласына қатысты мысал келтіре аламын - Дүниежүзілік банк зерттеулеріне сәйкес, әлемдік тәжірибеде сумен жабдықтау секторында мемлекеттік-жеке әріптестіктің үш негізгі моделі бар. «Голландық модель» аталған секторда меншік иесі мемлекет болып табылатын акционерлік қоғам үлгісіндегі кәсіпорынға басқару құқығын ұсынады. Қазіргі уақытта Қазақстанда дәл осы модель қолданылу үстінде. «Француздық модель» барысында сумен жабдықтау коммуналдық кәсіпорын қызметтерін көрсететін жеке компанияға сумен жабдықтау нысандарын басқару қызметі беріледі. Бұл модельде жеке секторға басқару қызметі табысталады. Бұл модель Ресейде де қолданылуда. «Британдық модельде» сумен жабдықтау мекемесі барлық мүлкімен және жерімен жеке меншіктің қолында болады. Осы негізгі үлгілермен қатар аралас схема да қолданылады, мәселен, белгілі халық санатына қызмет көрсету үшін шағын кәсіпорындардың жекешелендіруге қатысуы. Осыған ұқсас мысалдар басқа секторларда да бар.

- Қазақстанда қандай схема қолданылуы мүмкін?

- Барлық схемаларды да қолдануға болады. Келесі мәселе - келісім аясында оны пайдалану кезеңінде жеке секторға тұрақты кіріс алуға мүмкіндік беретін саланың инвестициялық тартымдылығы.

- Қазіргі уақытта инвесторлар шығындарын оларды тұтынушыларға ауыстыру арқылы өтеу қажеттігі туралы көп айтуда. Демек тарифтерді көтеру ұсынылуда ма?

- Тарифтің қай бөлігін көтеру, қашан және қаншаға екендігін анықтау қажет.

Біріншіден, МЖӘ жобаларында жеке сектор конкурстық негізде және ол өзінің табыстылығын қамтамасыз ете отырып, қолжетімді бағамен тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетеді деген шартпен іріктеледі.

Екіншіден, МЖӘ тетіктері тариф құрылымдауды реттеу және шешу мәселелерін тек қана жоспарлау кезеңінде ғана емес, сонымен бірге жүзеге асыру барысында да реттеуге мүмкіндік береді. Бұл аспектілер келісім-шартта көрініс табуы қажет. Тарифтердің көтерілуі, әрине инвестициялық тартымдылықты арттыру шаралары тізіміне кіреді. Алайда, халықаралық тәжірибе тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңарту әрқашанда да олардың өсуін талап етпейтіндігін көрсетіп отыр. Мемлекет тұрғындарды әлеуметтік қолжетімді тарифтермен қамтамасыз ету үшін жоба бойынша инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу мүмкіндігін қарастыруы мүмкін.

МЖӘ тетіктерін пайдалану жеке секторға қызметтер көрсетуде тарифтерді бекіту саласында теңгерімді келісімді қажет етеді. Шет елде инвестор нысанға көптеген миллиондаған инвестиция салғаннан кейін де пайда табуға арқа сүйеп, қолданыстағы тарифтер шартымен 20-30 жылға келісім жасасатындығы жиі кездеседі. Әрине осы келісіммен ерекше жағдайларда, мәселен инфляция кезінде тарифтерді өзгерту мүмкіндіктерін келіседі.

Қазақстанда қазірдің өзінде сараланған тарифтерді, яғни электр энергиясына инвестициялық тарифті қолдану тәжірибесі бар. Инвестициялық тариф инвестор үшін оның инвестициялық жоспарына сәйкес белгілі бір кезеңге беріледі және өзінің шығындарын өндіру әрі салынған капиталға белгілі инвестициялық жобаның пайдалылығын алу үшін Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен бекітіледі.

- Сіз келісімге қатысушылар арасында жауапкершілікті бөлу маңыздылығы туралы айтып отырсыз. Ал тәуекелдерді бөлу қалай?

- ТКШ тәуекелдерінің жоғары деңгейі бірінші кезекте коммуналдық жүйені жаңартуда және іске қосуда шығындардың анықталмаған жалпы көлемі барысында ірі қаржы қаражатын салу қажеттігімен байланысты. Жекелей алғанда жер астында жатқан желілердің шынайы жай-күйі жиі белгісіз болады. Бұның барлығы болашақ кірістер көлемінің белгісіздігіне әкеледі. Сондықтан тәуекелдерді бөлу проблемасы өздігінен өте қиын. Әріптестерді құру схемасы анықталған тәуекелдерді теңгерімді бөлуге негізделеді және олардың белгілі бір бөлігін жеке операторға беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәуекелдің әрбір түрі оларды бағалауға машықтанған, басқаруды бақылап, дер уақытында шаралар қабылдай алатын тарапқа беріледі, ал кейбір жағдайларда - оған жол берілмейді.

- Тәуекелдер мемлекет пен бизнес арасында тең бөліне ме?

- Тәуекелдерді бөлудің ұстанымды базасы бар. Тәуекелдерді бақылау - олардың пайда болуын бастап-ақ байқау дегенді білдіреді және оларды азайтатын, бақылайтын, белгілі бір сыйақыға оларды шешуді өз мойнына алатын тараптарды анықтайды. Мәселен, жобаның қымбаттау тәуекелі - бұл жеке бизнестік біржақты тәуекел. Жобаның өзінің құрылыс сапасы да осыған тең. Кейбір жағдайларда тұтыну тәуекелін төмендетуді мемлекет кепілдендіруі мүмкін. Сонымен қатар мемлекет келісімшарт тұрақтылығы тәуекелін де өз мойнына алады. Яғни тараптардың келісімімен ғана өзгерістер енгізілетін болады. Тараптардың ортақ жауапкершілік арқалайтын да тәуекелдері бар.

- Әңгімеңізге рахмет!