Жолдауды түсіндіріп жүрген Парламент депутаттары С. Демирел университетінде болды

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат -«Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауындағы негізгі бағыттарын жұртшылыққа түсіндіру мақсатында бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серік Үмбетов, Нұрлан Жазылбеков және Сенат депутаты Нұрлан Сүлейменовтер Алматы облысындағы сайлаушылармен жүздесті. Атап айтқанда, Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы Университеттегі кездесуге депутаттармен бірге Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов та қатысты.

Жұртшылықпен жүздесу барысында, Парламент депутаттары Мемлекет Басшысы айқындаған 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясында қамтылған басым бағыттар туралы әңгімеледі. Президент жүктеген міндеттерді сапалы атқаруға қатысты мәселелер төңірегінде пікір алысып, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Сондай-ақ, депутаттар Қаскелеңдегі 2012 жылы пайдалануға берілген орта мектепте болып, ұстаздар ұжымымен кездесті, оның барысында орта білім беруді сапалы дамыту мәселесі талқыланды.