Жолдауды жүзеге асыру үшін ең негізгі салаларға қаржы бөлінді

АНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Тоқтарбай Қадамбаев аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік етті. Депутат заңға қандай толықтырулар енгізілгені және Парламент қабырғасында заң жобасының талқыланғаны туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бұл заң жобасы «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерінің нақтылануына және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында шығыстардың басым бағыттарына қаражатты қайта бөлуге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына Жолдауы аясында болашақтың іс-қимыл бағдарламасын, оның ішінде еліміздің әр азаматының дамуы мен өркендеуіне бағытталған әлеуметтік жаңа саясатты іске асыру мәселелері «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде де айтылған болатын.

«Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бюджетті нақтылау қажеттілігінің себептерін баяндап, фракция мүшелері - депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Бүгін жалпы отырыста да ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов сөз сөйлеп, депутаттарға ел бюджетінің жоспарына енгізілген толықтыруларды талқылауда белсенділік танытып, бірлесе жұмыс атқарғандары үшін ризашылығын білдірді. Және де Үкімет басшысы депутаттардың бюджетті жетілдіруге және әлеуметтік салаларды тамытуға қатысты айтқан ұсыныстары ескерілетінін мәлім етті.

- Ел бюджетіне енгізілген өзгерістерге нақты тоқталып өтсеңіз?

- 2011 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 2011 жылға арнап бекітілген жоспарға қарағанда 207,9 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Бұл жерде трансферттер түсімдері есепке алынған жоқ.

Салықтық түсімдер бойынша 208,5 млрд. теңгеге ұлғайту, салыққа жатпайтын түсімдер бойынша 3,1 млрд. теңгеге ұлғайту, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша 3,7 млрд. теңгеге азайту есебінен ел бюджетінің кірісі 2 трлн 844,8 млрд. теңге сомасында айқындалды.

2011 жылға арналған республикалық бюджеттің жалпы сомасы шығыстары4 трлн 954,1 млрд. теңге болып көзделеді немесе бекітілген бюджетпен салыстырғанда 301,3 млрд. теңгеге ұлғайды.

Бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайту көздері мыналар, яғни: кіріс бөлігінің түсімдерін ұлғайту - 207,9 млрд. теңге, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатының бос қалдықтарын тарту - 82,9 млрд. теңге.

- Елбасы Жолдауына сәйкес қандай салаларға қанша қаражат бағытталады?

- Заң жобасында 2011 жылы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға арналған шығыстарды ұлғайтуға бағытталған қаржы - 232,2 млрд. теңге. Оның ішінде 40,2 млрд. теңге - 2020 жылға дейін халықты жұмыспен қамту жөніндегі жаңа бағдарламаны іске асыруға, 20,5 млрд. теңге - білім беруге, 7,1 млрд. теңге - денсаулық сақтауға, 8,2 млрд. теңге - сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар 9,9 млрд. теңге - гидротехникалық құрылыстарға және жағалауды нығайту іс-шараларына, 75 млрд. теңге - жылжымайтын мүлік нарығы мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтарын (ТКШ) қолдау жөніндегі шараларға, 56,9 млрд. теңге - үдемелі ин­дустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДМБ) шараларын іске асыруға, 8,8 млрд. теңге - дағдарыстан кейінгі қалпына келтірудің жаңа бағдарламасына, 1,0 млрд. теңге - өңірлерді дамыту бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға, 0,6 млрд. теңге - омырауға тағатын белгілерді дайындауға көзделеді.

Кезек күттірмейтін өзге де шығыстарға 69,5 млрд. теңге көзделіп отыр.

2011 жылғы республикалық бюджеттің тапшылығы 93,3 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып, 695,8 млрд. теңгені құрады.

Осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобының, сондай-ақ депутаттардың, Қаржы, Экономикалық даму және сауда, Әділет министрліктері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі өкілдерінің қатысуымен Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жалпы, ел бюджетіне толықтырулар дер кезінде енгізіліп отыр.

- Рақмет әңгімеңізге.