Жолдаудың әр отбасы үшін маңызы жоғары

ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Елбасының биылғы Жолдауы бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыстан шығудың айқын жолдарын көрсетіп берді. Егемендік алғаннан бергі 20 жылға жақын уақыт ішінде Үкімет тарапынан әрбір отбасына, көп балалы аналарға деген қамқорлық жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Қызылорда қалалық әділет басқармасының АХАЖ бөлімінің бастығы Райхан Садықова ҚазАқпарат тілшісімен жолыққанда, осылай атап өтті. - Қандай бір қиыншылық кезеңдерде, дағдарыстың бел алған уақытында Елбасы назарынан халықтың әлеуметтік жағдайы, оның ішінде "Қазақстан 2030" стратегиясын жүзеге асыратын ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылар тыс қалған емес. Былтыр да, биыл да өмірге келген сәбилер өздеріне арналған жәрдемақыларын алуда. Мыңдаған студенттер оқу ақысын төлеуден босатылып, отбасыларға үлкен әлеуметтік қолдау көрсетілді, дейді ол. "Отбасы ? шағын мемлекет" деп бекер айтылмаған. Қазіргі таңда әрбір отбасы бірлігімен іргесін шайқалтпай, қиындыққа берілмей өмір сүре білсе, алынбайтын асу жоқ. Жолдаудағы "Қауырт өсу кезеңінде үйреншікті болып кеткен ысырапқорлық та ойлы тұтынумен және үнемдеумен ауыстырылуы тиіс" деген жолдар әрбір отбасына нақты берілген тапсырма деп түсінуге болады. Туған күндерден басталатын соңғы кезде көбейіп кеткен отбасылық мерекелер, ұланғайыр үлкен тойлар, бәсекелесіп мінетін автокөліктер бәрі де үнемсіздікке, ысырапшылдыққа әкеледі. Ынтымағын сақтап, ұл-қыз өсіріп, өсіп-өнген ұлағатты отбасыларымыз еңбек пен бала тәрбиесін ұштастырып өз өмірлерімен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып отыр. Осынау қиын да күрделі уақытта алдыңғы буын аталар мен аналар мызғымас бірлікті сақтап, жастардың отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін тәрбиелеуге зор үлес қосатынына сенімім мол. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы тұрып, өтпелі қиындықтан өз еңбектерімен, білімімен, қайрат-жігерімен шығу әрбір Қазақстан азаматының борышы деп білеміз. Қалалық әділет басқармасының қызметкерлері халыққа қызмет жасап, адамдардың проблемаларын нақты шешуге, сөзбен және іспен көмектесуге, Елбасының биылғы Жолдауын насихаттап, дұрыс орындалуына өз үлестерін қосуда аянбақ емес. Бүгінде сала қызметкерлері арасында Елбасының дәстүрлі Жолдауының маңызы түсіндіріліп, онда нақтыланған міндеттер бойынша жұмыстар жүргізу қызу қолға алынды, дейді Р. Садықова.