«Жомарт» кенішінде қаза тапқан шахтерлер отбасына қандай көмек берілді

Фото: Kazinform

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков «Жомарт» кенішінде қаза тапқан жеті шахтердің отбасына көрсетілген қолдау шаралары туралы айтып берді.

— Біз бірден оқиға орнына барып, қаза тапқандардың туыстарымен кездестік. 14 психолог қажетті психологиялық қолдау көрсетті. Мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек, корпорация тарапынан да қолдау ұсынылды. Ұжымдық келісімшартқа сәйкес, әрбір отбасына 10 есе жылдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу қарастырылған, — деді Д. Рыспеков елордада Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Облыс әкімінің айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясы қаза тапқандардың отбасыларының барлық несиелерін жапқан және студенттер болса, олардың оқуын төлеп отыр. Сондай-ақ бірқатар басқа да төлемдер қарастырылған.

— Оқиғадан кейін бес ай өткен соң кеніште кейбір учаскелерден басқа жерлерде жұмыс қайта жанданды. Онда екі ай бойы ауқымды тексеріс жүргізіліп, бірқатар нұсқама берілді. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаңа жабдықты жеткізу мен орнату, сондай-ақ персоналды оқыту ұсынылды, — деді Д. Рыспеков. 

Еске салайық, биыл ақпан айында «Жомарт» кенішінде тау массасы құлап, 7 шахтер мерт болды.

Апаттан кейін өндірісте қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.