«ЖОО-ға автономия беру білім сапасын арттыра ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 ақпан, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Бас прокуратураның алқа мәжілісі өтті. Онда жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, соның ішінде шетелдік азаматтардың асырап алуының тәртібі туралы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік уәкілеттік органдардың 2012-2013 жылғы қызметіне жүргізілген тексеру қорытындылары талқыланды», - деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті сенбілік санындағы « Бала құқығы қорғалады » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, соңғы 15 жыл көлемінде республикада 50 мыңнан астам бала асырап алынған, олардың 41 мыңнан астамын қазақстандық отбасылар, 9 мыңға жуығын шетелдік азаматтар асырап алған. Соңғы жылдары асырап алу рәсіміне сауданың және қылмыстың араласу үдерісі, кәмелетке жасы толмағандарды сату фактілері байқалып отыр. Өткен жылы бала саудасы фактілері бойынша 25 қылмыс анықталған. Кейінгі екі жыл ішінде заңмен белгіленген тәртіпті айналып өтіп, бала асырап алуға есепте тұрмаған адамдар 457 баланы асырап алған. «1858 жетімді орталықтандырылған есептен алып тастаған қамқоршылық және қорғаншылық органдардың лауазымды тұлғаларының кінәларынан балалар асырап алыну және отбасына ие болу мүмкіндігінен айырылған. Ал Қарағанды және Алматы облыстарында балаларды наркологиялық есепте тұрған, психикалық аурулары бар және өтелмеген соттылығы бар адамдарға асырап алуға берген шектен шыққан жағдайлар анықталды. Бала асырап алған отбасыларды, әсіресе, шетелдердегі балалардың өмір сүру жағдайын тиісті есепке алу және оларға бақылау жүргізу қамтамасыз етілмеген», деп жазады басылым.

Жуырда Парламент депутаттары аймақтарға барып, сайлаушылармен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жаңа Жолдауын және одан туатын міндеттерді түсіндіріп келді. Осы ретте « Егемен Қазақстан » газеті солардың бірі, белсенді сенатор Светлана Жалмағамбетованы әңгімеге тартқан. «Мен біршама жергілікті мамандар мен жанашыр адамдардың ұсыныстарын біліп келдім, енді соларды қорытындылап, осы мәселені шешу бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдамақпын. Елбасы білімнің сапасы жоғары болуын талап етіп отырған жағдайда Білім және ғылым министрлігінің ұсынған дистанциялық және ресурстық орталық арқылы оқыту сияқты әдіс-тәсілдерінің тиімділігі жоғары бола қояр дегенге сену қиын. Біздіңше, бұл мәселені осы заманғы барлық жабдықтармен жарақталған интернаттар салу арқылы шешкен дұрыс», - деді ол басылым тілшісіне.

***

Кеше украиндықтар саяси жанжалдың салдарынан жазықсыз қаза болғандарды еске алып, аза тұтты. 18 ақпан күнгі жаппай наразылық шерулерін басу кезінде 26 адам көз жұмған. Билік пен оппозиция уақытша келісімге келгенімен, Украинадағы саяси дағдарыс ұзаққа созылатындығын саясаттанушы Досым Сәтпаев топшылап отыр. Ол мұндай пікірін « Айқын » газетіне берген сұхбатында ашық айтады. Саясаттанушының пайымынша, Янукович кеткен күннің өзінде Украина қақтығыс жағдайында қала береді. Себебі ол орнын босатқаннан кейін оппозицияның өз ішінде жанжал күшейеді. Өйткені олардың арасында бірлік жоқ. Оппозициялық әрбір топ елдің болашағын өзінше топшылайды. Осыған қарағанда, Украина ұзақмерзімді саяси кикілжіңдердің, экономикалық шиеліністердің келесі фазасына өтетін сияқты. «Қазақстан үнемі бұл елдермен байланыстардың экономикалық жағына басымдылық беріп келді. Сондықтан Украинаның бұрынғы басшылары - Кучма, Ющенкомен де, кейінгі президент Януковичпен де орнықты қарым-қатынас орната алды. Егер украин билігіне халықаралық қауымдастық мойындайтын, заңды басшы келсе, Астана онымен де ынтымақтаса алады деп ойлаймын. Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі кикілжіңді жағдайларда үнемі прагматикалық ұстаным танытып, өзін бейтарап ұстауы әрдайым шиеленістерге араласпай, төңкерістен кейін келген заңды үкіметтермен тіл табысып кетуге мүмкіндік берді», деді ол. Сұхбат « Қанды қақтығыс - украин халқы үшін ауыр сабақ » деген тақырыппен берілген.

Былтыр білім сапасы төмен кейбір жоғары оқу орындары жабылып, кейбірі біріктірілгені белгілі. Енді университеттерге автономия беру мәселесі күн тәртібіне шығып тұр. Негізі бұл туралы айтылып жүргені бүгін емес. Осыдан 3 жыл бұрын қабылданған 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстанның білім беруді дамыту бағдарламасына сәйкес, ЖОО кезең-кезеңімен автономдық жүйеге өтіп бітуі тиіс. Осы жайт арқау болған мақала « Айқын » газетінде « ЖОО-ға автономия беру білім сапасын арттыра ма? » деген тақырыппен беріліп отыр. Басылымның жазуынша, автономияға көшпей-ақ, ақылы оқу бөлімдерінің жылдық оқу құны 500-600 мыңнан асып жығылады. Ал жылына осындай қаржы төлеп оқытатын отбасылардың саны көп емес. Сондықтан Экономика және басқару академиясының (бұрынғы Еуразия нарық университеті) ректоры Айтқали Шоқәлиұлы баға саясатын автономия берген күннің өзінде, ЖОО демпингтік тәсілге жол беруіне немесе бағаны шектен тыс шарықтатпауын қадағалап отыру қажеттігін айтады. Бұл өзгеріс еркіндікпен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Өзінің оқу бағдарламасын қалыптастырып, өзінің дипломын беретін ЖОО-лар білім сапасына, түлектерінің жұмысқа орналасуына тек өздері ғана жауапты болады. Ал мұндай жауапкершіліктің үдесінен шығу оңай емес.