Қанат Бейсекеевтің «Бала» фильмінің кейіпкері, Рүстем (Джордан Голдман) 19 жыл бойы Америкада тұрып келген.
Есейіп, өмірдегі көп нәрсені қабылдайтын жасқа жеткенде Рүстем туған отанына келуді ұйғарды.
Тағдыры талайлы қазақ баласының Қазақстанға алғашқы сапары қала болғанын сұрап білуге тырыстық. Америкаға жеткен кезінде Рүстем біздің әлеуметтік желідегі сауалдарымызға жауап берді.
Рүстем 1998 жылы 27 наурызда Көкшетау қаласында туған. Дүниеге шыр етіп келісімен одан туған анасы бас тартады. АҚШ-тан келген жұп Рүстемді бір айлығында нәрестелер үйінен асырап алған.
«Қазақстанға баратын кезімде АҚШ-тағы танитын қазақ азаматтарын жинап алдым. Олардан Қазақстанның ерекшеліктерін, дәстүрлерін, қоғамдық ұстанымы туралы білдім. Дегенмен соның өзінде мені көп нәрсе таң қалдырды. 1998 жылғы Көкшетау қаласы туралы әке-шешем айтқан еді. Ол уақыттан бері талай дүние өзгергенін де білемін. Алайда, мен тіпті Астана мен Алматыда да прогресс пен кемшіліктер бар екеніне ойша дайын болдым», - деді Рүстем.
Бозбала Алматыда өзін нағыз қазақ екендігін сезінгенін айтты.
«Адамдардың бәрі ақжарқын. Мен мұнда соңғы рет шақалақ күнімде болсам да маған Қазақстан туған үйім сияқты. Өзім қандай сезімде екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын»,- деді Рүстем.
Жас жігіттің қазақ, орыс тілдеріндегі сөздік қоры өте аз екен. Айналасындағылармен ым-ишара арқылы сөйлескен.
15-16 жасқа толғанда Рүстем өзінің тағдырын қабылдап, кезінде өзінен бас тартқан анасымен кездесуді ұйғарған.
Алайда, туысқандары онымен кездесуге өте құштар болмаса да американдық қазақ Отанына пайдалы азамат болғысы келетінін айтты.
«Туғандарым салқын қабылдаса да оларды іздегеніме бір сәт те өкінбеймін. Ерте ме, кеш пе бұл қадамды жасауым керек болатын еді. Осындай тәжірибе адамды ширатады. Мен бұл жайтты жүрегіммен қабылдай аламын. Сондай жасқа жеттім»,- деді Рүстем.
Жас жігіт Астанаға сапарында ЭКСПО-ны аралап, Ғалымжан Молданазардың концертін тамашалап үлгерген.
«Маған Алматыдан гөрі Астана қатты ұнады. Заманауи сәулет іздері бар өсіп келе жатқан қала екен. Менің көптеген достарым мен таныстарым Астанада тұрады. Олар бірақ Астанаға деген махаббатыңның шынайылығын тексергің келсе, қыста кел деді», - деп күлді Рүстем.
ЭКСПО-да бозбала туған елінің тарихымен, мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды.
Қазір американдық қазақ халықаралық қатынастар мамандығында білім алып жатыр. Лондондағы оқуы аяқталған соң жігіт отанына пайдасы тиетін азамат болғысы келеді.
«Мен мансабымды Қазақстанмен байланыстырғым келеді. Қазақстанды танып-білгелі бері бизнесте болсын, үкіметтік деңгейде болсын көмегімді тигізгім келеді. Қай салада жетістікке қол жеткіземін, сол салада пайдалы болғым келеді. Шамалы уақыт Қазақстанда тұрсам деп те ойлаймын», - деді Рүстем-Джордан.