ЖРВИ және гонконг тұмауы: Алматыда эпидемиологиялық жағдай қалай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы ЖРВИ, тұмау аурулары бойынша маусымдық өсім бар екенін айтты.
Оның сөзінше, өткен апта ЖРВИ-дің 32456 жағдайы тіркелген. Бұл оған дейінгі аптадағы көрсеткіштен 17,6%-ға жоғары (27582 жағдай). Ал былтыр осы уақытта көрсеткіш 37,2%-ға төмен болған, жалпы 23086 жағдай.
— Қаланың 178 мектебінде оқушылар арасында 10,0%-ға дейінгі ЖРВИ жұқтырудың 1930 жағдайы тіркелді, — деді ол.
Қасымхан Алпысбайұлы қалада А/H3N2 типті (гонконг) тұмау вирусы, сондай-ақ риновирус, парагрипп, аденовирус, коронавирус сынды ЖРВИ вирустары айналымда бар екенін растады. Қазіргі дейін гонконг тұмауының 52 расталған жағдайы тіркелген.
— Қала бойынша тұмауға қарсы 254 115 адам вакцина салды, бұл мегаполис халқының 10,8%-ы. Оның ішінде 250 мың адам «тәуекел тобындағы» адамдар. Оларды вакцинациялау биыл 13 қарашада аяқталды, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі ел арасында «гонконг тұмауы» деп аталып кеткен вирусқа қатысты түсініктеме берді.