13:02, 13 Мамыр 2009
ЖШС басшысы 362 миллион теңгенің салығын жасырып қалған ? қаржы полициясы
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Салық төлеуден жалтару фактілерінің көпшілігі салық декларациясына жалған мәліметтер енгізумен байланысты болып отыр.
Бұл мәселе жөнінде журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, Қостанай облысында «Делмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Е.Қасенов салық декларациясына жалған мәліметтер енгізу арқылы 362 миллион 600 мың теңгенің салығын төлеуден жалтарған. Осы әрекеті үшін ол 2 жылға басшылық қызметте болу құқығынан айырылып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 3 жылға бас бостандығынан шартты түрде айырылған. «Тап осындай жолмен
347 миллион теңге көлемінде салық төлемеген Батыс Қазақстан облысындағы «Спутник-Ойл» ЖШС басшысының
ісі сотта қаралуда. Сондай-ақ Қостанайда «Талисман-Е» және «Скарапея-9» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жетекшілерінің де істері сотқа жолданды. Олар салық төлеуден жалтарудың 8 әрекеті бойынша айыпталуда. Ал төленбеген салық мөлшері 2 миллиард 400 миллион теңгені құрап отыр», деді ресми өкіл. Оның мәліметтерінше, Оңтүстік Қазақстан облысында да осы тектес оқиға орын алып, ЖШС директорының салықтан жасырып қалған 199 миллион теңгесі толық көлемде қайтарылды. Айыпты азамат қамауға алынған.