Жүк көлігінің «соқыр аймағы»: елімізде жыл басынан бері 47 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыр жүк көлігінің жан-жағында жүргізушінің көзінен таса қалатын «соқыр аймағы» болады. Ол әсіресе оң жақта ауқымдырақ келеді. Дәл сол тұста тұрған адамды, баланы, тіпті жеңіл көліктің өзін де жүргізуші байқамай қалуы мүмкін. Соңғы жылдары қала көшелерінде осындай апаттар көбейген. Kazinform тілшісі жүк көлігі ұшырайтын осындай жол апаттарын зерделеп көрді.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Жуырда Астанада жүк көлігі велосипед мінген 8 жасар баланы қағып кетті. Мұндай оқиғалар жыл сайын қайталанып, көбіне баланың не жаяу жүргіншінің өлмімен аяқталады. Көпшілік оны жай ғана жүргізушінің абайсыздығы деп ойлайды. Шын мәнінде, мұның артында әрбір ірі жүк көлігіне тән «соқыр аймақ» құбылысы тұрғанын көпшілік ескере бермейді. 

Басты қатер неден

— Соқыр аймақ деген — осы, көліктің оң жақ бұрышы. Осы жерде өте сақ болу керек. Адам да, бала да, көлік те сол жерге кіріп кетпеуі үшін біз оны әріден, алыстан көріп, есептеп отырамыз. Бұл — жиырма тонна көлік. Көліктің үлкендігін, ұзындығын, енін сезінбесең, рөлді ұстама, — дейді 48 жыл рөл басынан түспеген жүргізуші Марат Мұхамедғалиев.

Фото: Камила Мүлік

Жүргізушінің айтуынша, негізгі қауіп тым жақын жүретін жеңіл көлік пен жол ережесінен бейхабар самокат, велосипедшілерден келеді.

— Жүк көлігінің алдына жақын тұрып алмай, арақашықтық сақтау керек. Әсіресе бағдаршамда немесе кептелісте көліктің алдыңғы дөңгелектері көрінетіндей қашықтықта болған жөн. Көп жүргізушілер осы ережелерді ескере бермейді. Сосын көбі дәл бүйірінде қатар жүріп алады. Егер мен оны көрмей, кенеттен жолақты ауыстырсам, апатқа ұшырауымыз мүмкін ғой. Кейде адам жүк көлігінің биікте отырған жүргізушісі қалай байқамай қалады деп ойлауы мүмкін. Алайда көлік неғұрлым үлкен болса, көзге көрінбейтін жері де соншалық кең, — дейді жүк көлігінің иесі. 

8 мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған

— Жүк көлігінің соқыр аймағында болған жол апаты бойынша жауапкершілік әр оқиғаның мән-жайын жан-жақты қарағаннан кейін ғана белгілі болады. Көбіне жүргізуші маневрдің қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, жол жүрісі қағидасын бұзады, — дейді Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешов.

Фото: Астана қаласының Полиция департаменті

Заң кінәні бірден бір жаққа артып қоймайды. Жағдайға қарай жауапкершілік жүргізушіге де, кейде жаяу жүргіншіге де жүктеледі.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жол ережесін бұзғаны үшін 7898 жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылған, 3608 мемлекеттік нөмір белгісі алынып, 42 көлік айыптұраққа қойылған. Заң бойынша мұндай көлік жылдамдықты елді мекенде сағатына 50 шақырымнан асырмауға тиіс, ал шеткі сол жолаққа тек бұрылу үшін ғана шығуы керек. Бұл талаптарды патрульдік полиция да, автоматты тіркеу жүйесі де қалт жібермейді.

Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, ірі көлемді көлік жүргізушілері жиі алға тартатын соқыр аймақ жол апаты кезінде қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан көлікті басқарып келе жатқан әрбір жүргізуші әуелі бәріне өзі жауапты екенін ескерген жөн.

Жаяу жүргінші мен ата-ана жауапкершілігі

Ауыр жүк көліктерінің «соқыр аймақ» кесірінен балаларды қағып кетуі өте өзекті мәселе.

— Жаяу жүргінші өткелге аяқ басар алдында көліктің тоқтап, өзіне жол беріп тұрғанына көзі жетуі керек. Содан кейін ғана жолға шығуға құқығы бар, — дейді Махамбет Төлешов.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Бала жолды ересек адамдай байқай алмайды. Сол себепті полиция ата-аналардан күн сайын балалармен сөйлесіп, жолдағы қарапайым қауіпсіздік ережесін үйретуді сұрайды. Дәл осы ойды рөл басындағы жүргізуші де айтады.

— Кішкентай баланы ата-анасы қолынан жетелеп жүргені дұрыс, бір сәт қараусыз қалдырмау керек. Қозғалыс көп жерде құлаққапты тағып, телефонға телміруді қойған жөн. Велосипед, самокат мінгендер де өткелден өтерде көлігінен түсіп, жаяу өткен дұрыс. Бірақ оны бүгінде көп адам ұстана бермейді, — дейді ол.

Технология қауіпті азайта ала ма?

— Жаңа көліктерде соқыр аймаққа арналған датчиктер қойылып жатыр. Оң жаққа қойылады, қашықтықты өлшеп, дабыл беріп, көлікті өзі тоқтатады. Ескі көліктерге де сондай орнатса, қаншама апаттың алдын алар еді, — дейді жүргізуші.

Фото: Камила Мүлік

Жүргізушінің бұл тілегі — заман талабы. Махамбет Төлешовтің айтуынша, көп елде мұндай апаттың алдын алу үшін жүк көлігіне қосымша айна, бейнекамера, соқыр аймақты бақылайтын жүйе орнатылады. Бұл құрылғылар адамның көзі жетпеген жерді көрсетеді. 

Сандар не дейді?

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, жыл басынан бері қалада жүк көлігі ұшыраған 306 жол апаты тіркелген. Зардап шеккендер саны — 454 адам. Олардың 407-сі жарақат алған, 61-і — кәмелетке толмаған бала. Осы апаттан 47 адам қаза тапты, оның 9 — бала. Жүк көлігі ұшыраған әр алты-жеті апаттың бірі адам өлімімен аяқталған.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Әрине, жүк көлігі экономиканың қозғаушы күші, онсыз қаланың күнделікті тіршілігі тоқтайды. Алайда жиырма тонна көлік басып өтсе, адам аман қалмайды. Сондықтан жүк көлігімен болған апаттың саны аз болса да, зардабы әрдайым ауыр.

Кінәні бір ғана жаққа арту мәселені шешпейді. Жүргізуші көлігінің үлкендігін сезініп, сақ жүрсе, жаяу жүргінші мен ата-ана өткелде асықпай, көліктің тоқтағанына көз жеткізсе, қала велосипед пен самокатқа бөлек жол салса, ескі көліктерге де қауіпсіздік құрылғысы орнатылса, апат азаяр еді. Ол енді жолдағы қауіпсіздікті арттырумен айналысатын мамандардың еншісіндегі іс. 

Еске сала кетейік, бұған дейін, ірі жүк көліктерінің апатқа ұшырауының жиілеу себебін полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов түсіндірген болатын.