Жүк көліктерінің шекті салмағы жолдардың бұзылуына себеп болып отыр

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінде жүк көліктерінің шекті салмағы еліміздегі автожолдардың тез бұзылуына себеп болып отыр.

Бұл, әсіресе, Астана қаласында қатты байқалады. Осыған байланысты Қазақстан құрылысшылары одағы жүк көліктерінің шекті салмағын қайта қарап шығуды ұсынды.

«ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институтының мәліметіне сәйкес, жүк көліктерінің салмағын арттырудың салдарынан автожолдар тез бұзылып жатады. Бұл жағдай құрылыс жұмысытары қарқынды түрде жүргізілетін аймақтарда барынша байқалады. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, жүк көліктерінің шекті салмағы жолдың қалыңдығына байланысты. Мәселен, 1985 жылға дейін Қазақстанда салынған үш қатпарлы жолдардың жүктемесі 8 тонна болған. Бүгінде еліміздегі жолдардың барлығы 8-10 тоннаға есептелген. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі ғана 13 тонналық салмаққа есептелген.

«Осы зерттеулерге қарамастан, құрылысқа қатысып жатқан жүк  көліктерінің басым бөлігі шекті салмақты асырып, жолдарды бұзылуына себеп болып отырады. Әсіресе, Астана қаласында осы проблема қатты байқалады», - дейді Қазақстан құрылысшылары одағындағылар.