***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында тұңғыш рет өткен «Ет асу» фестивалі барысында 20 этномәдени бірлестік 20 қой сойып, 20 қазанда арнайы ас әзірледі.
«Қазақтай қонақжай халық әлемде сирек. Құдайы қонаққа қорасындағы жалғыз қойын жарқыратып сойып беріп, жаяуға астындағы атын мінгізіп жіберетін сақы халықтың бар болмысын қазақ даласына алғаш келген саяхатшылар да байқаған. Олар достарына «қонған үйіңе жамбаспұл, тамағына ақша төлемек болсаң, қазақты ренжітіп аласың. Дұрысы, қазақ даласына барғанда ақша салған әмияныңды қалтаңның бір қалтарысына тығып таста» дейді екен.
Оңтүстіктегі «Оңтүстік» қабылдау үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында облыстағы 20 этномәдени бірлестіктің қатысуымен қазақтың ұлттық тағамы - «Ет асу» фестивалі өткенде осы жағдай жиі айтылды»,-деп жазады мақала авторы.
Іс-шараға зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, аудан, қалалардан арнайы шақырылған делегациялар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Этномәдени бірлестік өкілдері қазақтың ұлттық тағамын мейлінше сапалы дайындаудан, қонақтарға табақ тартудан, сорпаның құнарлылығынан және қой етін пісіру кезінде жылқының қазы-қарта, жал-жаясын пайдалану сынды ерекшеліктерден сайысқа түсті. Дайындалған еттің бір бөлігі «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында қаладағы тұрмысы төмен отбасыларға таратылды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімі аппараты басшысының орынбасары - Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов республикада алғашқы болып өткен фестивальдің мән-мағынасын түсіндіріп берді.
«Ортақ тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы арасында ырысты ынтымақ пен берекелі бірлікті барынша бағалауды ұстын еткен шара - достық пен этносаралық келісімді нығайтуды, қоғамдық келісім идеяларын жан-жақты насихаттауды және қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениетін кеңінен насихаттау арқылы құрмет көрсетуді көздейді», - деді.
- Біздің аталарымыз кезінде арып-ашып Қазақ еліне келгенде, қазақ бауырлар барын алдына тосып аштықтан аман алып қалған, - дейді Иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Капар Пур. - Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Кеңпейіл қазақ дастарқаны бәрімізді бір мақсатқа біріктіреді. Бұл материал « Ерекше фестиваль » деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Көппен көрген ұлы той» атты мақала көпшілік назарына ұсынылған. Қазіргі күні әлемде ұлттық валюталардың құнсыздануы жаппай орын алуда. Мәселен, жуықта ғана Аргентинаның песосы бір күннің ішінде 42,6 пайызға құлдырап шыға келді. Бұл оқиға валюталық операцияларды шектеу жөніндегі шешімнің жойылуына байланысты орын алды. Мұның себебі түсінікті де. Елдің бұрынғы басшысы Кристина Фернандес де Киршнердің тұсында ел үкіметі ұлттық валютаны қолдау үшін үлкен шығындарға барып, орталық ұлттық банктің резервтегі қаржыларын шығындап болған еді. Сондықтан, елдің жаңа президенті Маурисио Макри елдің экономикасын ауыр жағдайдан құтқару үшін жоғарыдағыдай шараға баруға мәжбүр болды.
Аргентинада осы оқиғадан кейін іле-шала негізгі тауарларға баға өсімі бірден байқала бастады. Енді осы жағдайдың қиындықтарын жою қажет. Жаңа президент осы үшін жағдайы нашар отбасыларға төлем төлейтіндіктерін айтып, уәде берді. Қазіргі күннің өзінде, шамамен алғанда 8 миллион адамның жәрдемге мұқтаж екендігі аңғарылып отыр.
Аргентина песосынан кейін іле-шала бауырлас ел Әзербайжанның ұлттық валютасы да құлдырау құрығына ілінді. Әзербайжанның Орталық банкі үстіміздегі жылдың 21 желтоқсанынан бастап манаттың бағамын еркін айналымға жіберуге мәжбүр болды. Манат бірер күннің ішінде 50 пайызға дейін құлдырады. Осыған байланысты елде бірқатар сауда нүктелерінің жабылғандығын, ақша айырбастау нүктелерінің қызметтерін тоқтатқандығын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда.
Айта кету керек, манат бір жылдың ішінде екі рет девальвацияны бастан кешіріп отырған ұлттық валюталардың бірі болып табылады. Бірінші жолы, ол үстіміздегі жылдың ақпан айында девальвацияланған болатын. Алайда, соған қарамастан, үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап мұнай бағасының күрт құлдырауы манат бағамына деген қысымды тағы да арттыра түсті. Оның үстіне ел экономикасының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетсіздігі қиындық бұлтын қоюлата түсті. Сөйтіп, Әзербайжанның Орталық банкі осымен бір жылдың ішінде екінші рет ұлттық валютасын девальвациялауға мәжбүр болды.
Девальвациялар шеруі үлкен елдерді де қамтуда. Мәселен, экономикасы осы уақытқа дейін қуатты, қарқынды дамып келе жатқан біздің алып көршіміз Қытай үкіметі де ұлттық валютасы юанды құлдырау құрығына іліктіріп алды. Мәселен, 7-11 желтоқсан аралығында юань әр күн сайын 100 пунктке дейін құлдырап отырды. Сарапшылардың айтуына қарағанда, Қытай үкіметі қазіргі күні валюталық операцияларға жасалынатын шектеуді алып тастауды көздеп отырған секілді.
Қытайдың мұндай амалға баруына АҚШ-тағы Федералдық резервтер жүйесінің доллардың базалық пайыздық ставкасын 0-0,25 пайыздан 0,25-0,50 пайызға дейін көтеру жөнінде шешім қабылдайтындығы туралы хабар таратқандығы себеп болған секілді.
***
«Елбасы айтқанындай, әлеммен бірге, Қазақстан да аса күрделі, қиын кезеңде, жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуалда өмір сүруге көшті. Бұл заман билік пен халықтың тілегі де, тірлігі де бір болуын талап етеді. Сонымен бірге мемлекет халықтың қамқорлыққа зәру бөлігін өз қанатының астына алып, қолдау шараларын күшейтпек. Президенттің Жолдауын жүзеге асыру аясында алдағы аптаның жұмасынан бастап, Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі артатын болды»,-деп жазады «Айқын» газеті.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Жолдауға байланысты әлеуметтік төлемдердің қайсысы қанша пайызға өсетінін түсіндіріп берді.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында ынтымақты зейнетақы төлемі мөлшерінің жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстелуі қарастырылған еді. Ал Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында мақұлданған «Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына» сәйкес, аяқталып қалған жылы инфляция 6-8% аралығында қалады деп белгіленген. Сол себепті келесі жылдың қаңтар айынан бастап ынтымақты зейнетақы төлемінің мөлшері 9%-ға артады (7% - инфляцияның орташа деңгейі және 2% - ілгерілеу). Сонымен қатар «2016 - 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң бойынша базалық зейнетақы 11 мың 965 теңге көлемінде белгіленді, ал ең төменгі зейнетақы 25 мың 824 теңге болды. Осылайша, 2016 жылы зейнеткерлер қолға алатын зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері (әлгінде айтылған «ең төменгі зейнетақы» мен «базалық зейнетақыны» қосқанда) 37 мың 789 теңгеге тең болады. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы « Жұмада жәрдемақылар мен зейнетақылар өседі» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Ғалымдарымыз қашанғы сыртқа жем болады?» деген мақала берілген. «Еліміз әлемдік білім беру саласын бір ізге түсіруді көздейтін Болон жүйесіне қосылғалы ғалымдарымыз арасында наразылық, айқай-шу көбейді. 2010 жылдан бастап бұрынғы кандидаттық, докторлық қорғау жүйесіне жол жабылды. Жоғары оқу орындарында білім беру жүйесі бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты негізгі үш сатыға көшірілді. Докторанттарға өз елімізден және шетелден екі бірдей жетекші тағайындалатын болды. Ең басты қатаң талап - докторант атанғысы келетіндер «Thomson Reuters» («ISI web of Knowledge») компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық ғылыми журналдарға кемінде екі ғылыми еңбегін жариялауы міндетті. Яғни мұндай атағы жер жарған халықаралық журналдарға жарияланатын мақала міндетті түрде ағылшын тілінде жазылуы керек»,-деп жазады мақала авторы.
Бұл талап ғылымның жаратылыстану бағытындағы нақты ғылымдар үшін құптауға тұрарлық дүние делік-ақ. Ал фольклортану, қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихы сынды ұлттық сипаты бар қоғамдық ғылымдарға соншалықты қажет пе? «Қажет емес» дейді бұл саланың ғалымдары. Мәселен, белгілі академик Мырзатай Жолдасбеков «Шетелдің импакт-факторлы журналдарына (әлемдік деңгейдегі жоғары рейтингті журналдар) міндетті түрде мақала жариялайтын, оған мақалаң шықпаса, сені ғалым деп танымайтын түсінік қалыптасты бүгінде. Мүмкін, ғылымның басқа салаларына бұл керек те шығар. Бірақ қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, қазақ тілінен, қазақ мәдениетінен біздің еңбегімізді сонда шетелде кім бағалайды? Мен мұны қазақ халқының ұлтына қатысты ғылым саласын қорлау, құртудың жолы деп білемін. Бүгінде докторантқа Қазақстан ғалымымен бірге міндетті түрде шетелдің бір ғалымы жетекші болуы керек. Әйтпесе, докторант қорғай алмайды. Сонда деймін-ау, қазақ әдебиетінен, қазақ тілінен, қазақ тарихынан, қазақ мәдениеті тарихынан жазылатын диссертацияға шетелдің ғалымы қалай жетекшілік етеді? Қалай бағалайды? Осындай шешімді қабылдаған қандай адам деп әлі күнге аң-таңмын» дейді.
***
«ҚазМұнайГаздың» бұрынғы кен орындары мұнай бағасы барреліне 40 доллар болған кезде өзін ақтамайда. Бұл туралы « Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Өндірісті келешекті дамыту бойынша басқарма төрағасының орынбасары Глеб Люксембург мәлім етті.
«Жұмыс орындарының саны кен орындарының қажеттіліктеріне байланысты болады. Мұнайдың барреліне 40 доллар болған кезде бұрынғы кен орындар өзін ақтамайды. Алайда, бұларды жабу туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Себебі барреліне 50 доллар болған жағдайда осындай кен орындары тиімділік дәлізіне шығады»,-деді ол. Бұл жайында «КазМунайГаз: через трансформацию на новый уровень» атты сұхбатта толық берілген.