Жұмысшы мамандықтар жылы: Талдықорғанда Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде еліміздегі заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Инновациялық зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Fab-Lab (Fabrication Laboratory) — әлемнің жетекші оқу орындары қолданатын цифрлық өндіріс зертханалары желісінің халықаралық форматы.

Зертхана үш негізгі бағытта жұмыс істейді:

- Робототехника зертханасы – NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар арқылы құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған.

- 3D модельдеу және 3D басып шығару зертханасы – Fusion 360, SolidWorks, Blender бағдарламаларында прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді.

- Жасанды интеллект зертханасы – Python, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрондық желілер бойынша практикалық білім алуға бағытталған.

– Жұмысшы мамандықтар жылында осындай заманауи зертханалардың ашылуы – еліміздің болашақ инженерлері мен техниктерін дайындаудағы үлкен стратегиялық қадам. Fab-Lab жастардың тек оқып қана қоймай, нақты өнім жасап, инновациялық жобалар әзірлеуіне мүмкіндік береді. Бұл — еңбек нарығына қажетті жаңа буын мамандарын қалыптастырудағы маңызды бастама, – дейді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы Әсет Мұхамбетов.

Жаңа орталық студенттерге теорияны тәжірибемен ұштастырып, өз идеяларын іске асыруға, өнеркәсіп пен IT саласына қажетті жобалар әзірлеуге жол ашады.

Айта кетейік, Қазақстан геологиясын жаңғыртатын хаб іске қосылды.