Жұмысшылар алдында жалақы қарызы көп өңірлер анықталды

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері жалақысын уақытында алмаған 10 мың жұмысшының құқығы қорғалды.

- Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 млрд 300 млн теңге мөлшерінде жалақы қарызын анықтады. Бүгінде оның 2 млрд 100 млн теңгесін жұмыс берушілер қызметкерлеріне төледі. Осылайша шамамен 10 мың жұмысшының құқығы қорғалды. Аздаған қалдық қарыз қалды, оларды белгіленген мерзім ішінде өтеу қажет. Біз жұмысшы алдындағы барлық берешекті міндетті түрде толық өтеуге қол жеткіземіз. Бұл мәселе – жұмысымыздағы басым бағыттардың бірі, - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Еңбек министрлігінің өкілі жалақыны жиі кешіктіретін өңірлерді атады.

- Өңірлер бойынша ең көп көрсеткіш Алматы облысында (190 млн теңге) және Шығыс Қазақстан облысында (140 млн теңге) тіркелген. Үшінші орында Астана қаласы (124 млн теңге). Кейде бір ай ішінде, кейде 2–3 ай ішінде өтеп жатады. Ұзақ уақыт бойы төленбеген жағдайда проблемалық кәсіпорын саналады. Олар, әдетте, банкрот немесе банкрот болғалы тұрған, болмаса қайта қалпына келтіру рәсімінде жүрген кәсіпорындар. Көп жағдайда олардың есепшоттары бұғатталған, мүлкі жоқ, яғни төлейтін қаржысы жоқ. Осындай жағдайлар кездеседі. Ал қалыпты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, қарыз болған жағдайда оны жылдам жабуға тырысады, - деп түсіндірді комитет төрағасы.

Айта кетейік, қазан айында отандық еңбек нарығында жұмысқа сұраныс пен ұсыныс теңесіп, әлеуметтік сектор көш бастады.