«Жұмыс беруші де қарттығыңызды қамтамасыз етеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 шілде, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының және Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасының мемлекетаралық бірлестігіне (БРИКС) мүше елдер президенттерінің басын қосқан саммиттерге қатысу үшін Башқұртстан Республикасының астанасы Уфаға келді, деп жазады "Егемен Қазақстан" басылымы.

«Уфа саммиттерінің» маңыздылығын оған әлемнің 14 елі президенттерінің, сонымен қатар, аккредиттеуден өткен 1 500-ге тарта журналистің арнайы келуінен-ақ аңғаруға болады.

Башқұртстанда ұйымдастырылған келелі жиындардың күн тәртібі алғашқы күні-ақ өзектілігімен ерекшеленді. "Кеше БРИКС мемлекетаралық бірлестігіне мүше елдер президенттерінің қатысуымен ауқымды саммит өтті. Бұл жиынға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Дилма Роуссефф, Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Моди, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зума қатысып, сөз сөйледі. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған саммит жұмысына арнайы шақырылған құрметті қонақ ретінде қатысты", - делiнген "Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Өзара ықпалдастық өрісімізді кеңейтеді" атты мақалада.

Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың басымдығы бар бірқатар бағыттарын атады, соның бірі - өңірлік ынтымақтастықты дамыту болып отыр. «Қазіргі үрдістер жағдайында ЕАЭО Батыс пен Шығыс арасындағы бір-бірін өзара толықтыратын ынтымақтастықтың дамуының жаңа кезеңі ретінде Ұлы Жібек жолын жаңғырту үдерісіндегі негізгі буынға айналып келеді. ШЫҰ да сенімсіздікті еңсерудегі қуатты серпінге айналды. Қысқа уақыт ішінде «Шанхай рухы» жаңа Еуразияның символына айналды. Қазірдің өзінде ЕАЭО мен ШЫҰ арасындағы қызу үнқатысу алдағы трансқұрлықтық тығыз ынтымақтастықтың басталуына оңтайлы негіз қалауда. ЕАЭО-ШЫҰ көлбеу көлік артериясы мен БРИКС тік көлік артериясының қосылуы сауданың күрт өсуіне ықпал ете алады. Болашақта оны біздің аумағымыздағы ортақ бірлестік және ортақ еркін аймақ ретінде қарастыруға болады», - деді Мемлекет басшысы.

"Егемен Қазақстанның" бүгiнгi санында "Қазақстан" ұлттық арнасының басшысы Нұржан Мұхамеджановамен болған сұхбат жарияланып отыр.

Алпыс жылға таяу тарихы бар, толықтай қазақ тілінде хабар тарататын еліміздегі бірден-бір ірі медиақұрылым - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы түрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтарымен, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарларымен, тартымды ток-шоу, ойын-сауық және танымдық бағдарламаларымен, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген тың жобаларымен танымал. «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджановамен әңгімеде отандық телевизияның ақпарат кеңістігіндегі рөлі, өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндалады. Толығырақ, "Мемлекеттік тілде хабар тарататын Ұлттық арна туралы" деген тақырыппен жарияланған материалдан оқуға болады.

Қазақстандық елшілердің әйелдеріне «елшінің жұбайы болғаны үшін» ғана он жыл жұмыс өтілі жазылатын болды, деп жазады "Айқын".

Кеше ұлттық заңнамадағы осындай қызықты норма туралы сенаторларға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтып берді. Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сенаторлар өздерінің сессия жабар соңғы жалпы отырыстарын өткізген болатын. Онда зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты ел күткен жаңа заң жобасы бірден екі оқылымда мақұлданып, Елбасының қол қоюына жолданды.

«Кейбір заңнамалық актілерге зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын жаңа жоба жұмыс берушілерді өз қызметкерлері үшін әр ай сайын оның жалақысының 5 пайызы көлемінде зейнетақылық жарна аударып тұруға міндеттейді. Осылайша, салық төлеп, ресми түрде жұмыс істейтін қазақстандықтардың болашақ зейнетақылары үш көзден қалыптастырылатын болды», делiнген «Жұмыс беруші де қарттығыңызды қамтамасыз етеді» атты мақалада.

Болашақта Қазақстанда шыны, пластик және басқа қалдықтар жеке-жеке жиналатын болады. Бұл туралы "Айқын" басылымының "Қоқысты қолыңыз емес, ұятыңыз тазартсын" атты материалында хабарлануда.

"Үкімет ел Парламентіне жаңа заң жобасын енгізді: кеше «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі мәселелері бойынша, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұсауы кесілді. Заңға сәйкес, Қазақстанда «тұрмыстық қалдықтардың әр түрін бөлек жинауды енгізу және соны ынталандыру» көзделуде", - делiнген аталмыш мақалада.

- Қазір біз осы норманы іске қосу процедураларын жүргізудеміз, - деді журналистерге сұхбатында Энергетика министрінің орынбасары Талғат Ахсамбиев. - Ол нақты міндеттемелерді бекітеді. Мұнымен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Нәтижесінде, биоқалдықтар - жеке, негізгі қоқыс - бөлек, пластик бөлек жиналуға тиіс.

Бұл ретте Астана әкімдігі өз бетінше пилоттық жобаны қолға алып, 54 үйдің жанына түрлі-түсті 3 контейнер қойды. Ол бойынша, шыны, пластик және басқа қалдықтар жеке-жеке жиналуға тиіс.

Вице-министрдің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстан аумағында шамамен 100 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып қалған. Жыл сайын оған тағы 5-6 миллион тоннасы қосылады. 2014 жылы осының 3,43 пайызы ғана өңделді.

Елімізде 500 мың тоннадай пластмасса, тағы 500 мыңдай тонна шыны қордаланып жатыр. Тек осыларды ғана бір жерге үйсе, тау туар еді. Оларды өңдеп, іске жаратуға болады. Мысалы, Маңғыстау облысында, Жаңаөзендегі кәсіпорын пластик бөтелкелерді өңдеп, олардан төбе жабатын тамаша материал (черепица) жасауға кірісіпті. Бұл жердегі ең үлкен қиындық - қажетті қалдық түрін жинау делінді. Ешбір қайта өңдеуші зауыт қала шеттеріндегі қоқыс полигондарын қопарып, керекті заттарын іздеумен айналысуға бармайды. Үкімет бұл мәселені «негізгі қалдық түрлерін қоқыс жәшіктерінде-ақ бөлек жинауды жаппай енгізу шешеді» деген сенімде.

"Түркiстан" апталық басылымының бүгiн келiп жеткен санында "Каспий дің толқыны соғады жағаға... көк теңіздің дауы шешілер түрі жоқ " атты сараптама материал жарыққа шықты.

"Каспий - өте маңызды стратегиялық аймақ. Географиялық орналасуы оны Еуразиядағы ғана емес, дүние жүзіндегі ықпалды теңіздердің қатарына қосты. Қарт Каспийдің қойнауынан мұнай мен газдың мол қоры табылғалы бері талас-тартыс тіпті күшейіп кетті. Бес мемлекеттің үлесі бар құйқалы теңізде 68 миллиард баррель қара алтын қаттаулы дейді геолог мамандар. Ал әлемдегі мұнайдың барланған қоры - 150 миллиард баррель. Ендеше, Каспий маңындағы мемлекеттер үшін теңіздегі үлесті тиімді бөлудің маңызын бағамдай беріңіз", - деп жазады газет.

Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созылып жатыр, жағалау сызығының ұзындығы - 7000 шақырым. Төрт құбыласы түгелдей құрлықпен шектесетін су алабы бес мемлекеттің шекарасын шаяды. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне - 29 пайызы (2340 шақырым), Ресейге - 9 пайызы, Әзірбайжанға - 20 пайызы, Түрікменстанға - 21 пайызы, Иран Ислам Республикасына - 14 пайызы тиеді.

"Егер Каспий көл деп танылса, онда әр ел өз жағалауынан 16 шақырымға дейінгі жерді ғана өз еркімен игере алады, ал теңіздің қалған бөлігі Әзірбайжан, Иран, Ресей, Қазақстан, Түркіменстан мемлекеттерінің ортақ меншігі болып саналады да, ондағы табиғат байлығын бес ел бірлесіп, келісіп пайдаланады. Ал теңіз деп бекітілсе, онда бес ел өздеріне тиесілі аумаққа ғана қожайын болады. Онда майлы жілік бізге тимек. Себебі Каспийдің ең ұзын жағалауы бізге тиесілі. Мұнда мұнай мен газ қоры мол. Бір ғана Шығыс Қашаған кен орнында 7 миллиард тоннаға жуық мұнай қоры бар. Каспий теңіз деп танылған жағдайда айдынның 13-ақ пайызын иемденетін Иран секілділер оңбай ұтылады", - делiнген мақалада.

Бурабайдың қақ ортасында Абылай хан орынтағының орналасқан жерiнде үш астаналық тұрғын жергiлiктi полицейге қоқан-лоққы көрсеттi. Құқық қорғаушы табельдiк қаруды қолдануға мәжбүр болды. Бұл туралы "Экспресс К" "Выстрелы на священной земле" атты мақаласында жазуда.

"Сол күнi BMW көлiгiн басқарып келе жатқан бiр қыз, тыйым салатын белгiнi елеместен, танымал алаңқайдың автотұрағына басқа жерден кiрген. Жүргiзушi әйелге полицей тақалып, одан құжаттарын ұсынуды сұраған. Бiрақ жүргiзушi одан бас тартты. Көп ұзамай көлiктен бiр жас жiгiт шығып, сержанттың жағасынан алады және оны беделдi туыстарымен қорқытып, жұмыстан қуып тынатынын айтып зекiген. Оның iзiн ала көлiктен тағы екi жiгiт шықты. Полицей мен жас жiгiттер арасында аға жыртыс басталып кетедi. Сержант шиеленiскен жанжалды тыймақ болады, алайда қандары қызу жiгiттер оны тықсыра бастайды. Олар полицейдiң көйлегiн жыртып, рациясын сындырып тастаған. Осының бәрiне курортта демалып жатқан көптеген ресейлiк туристер куә болды және бұл жанжалды өздерiнiң мобильдi телефондарына түсiрiп жатты. Сержант табельдiк қаруын алып, ескерту ретiнде аспанға оқ атты. Осыдан кейiн оқиға орнына полиция қызметкерлерi келiп, қаны қызу жiгiттердi қамауға алды", - делiнген мақалада.