ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылына кіреберісте, халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент күре жолының бойында «М-32» кафесі ашылды.
Оны жолаушыларға қызмет көрсету мақсатында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес жеке кәсіпкер Рафик Камалиев іске қосты.
Жаңа нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың атап өткеніндей, ауданда шағын кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп келеді.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, Сырымда 904 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, соның 686-сы жұмыс жасайды. Салада 2166 адам еңбек етеді. Өткен жылы шағын кәсіпкерлік нысандарынан жергілікті бюджетке 70,9 млн. теңге салық түссе, биылғы бір айдың үлесі - 8,3 млн. теңге. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес берілген несиелерді кәсіпкерлер мейрамхана, наубайханалар, түрлі цех, қонақ үй, автосервис, жолаушыларға қызмет көрсету орындарын ашуға, мал шаруашылығын өрістетуге жұмсауда. Соған сәйкес жаңа жұмыс орындары да ашылуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).