«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының арқасында қаратөбелік Е.Қожантаев жаңа кәсіп иесі атанды

ОРАЛ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Өткен жылдан бастап қолға алынған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

 Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылының тұрғыны Ерболсын Қожантаев «Нұршуақ - 2012» атты несие серіктестігін құрып, 2 миллион теңге алып, жұмыстануда.

Алға қойған мақсаты - жергілікті халық тұтынатын үй жиһаздары, пластикалық терезе жасау жұмыстарымен шұғылдану. «Мемлекеттік «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасымен толықтай танысып шықтым. Керекті құрал-жабдықтар алып, жұмысымды бастадым. Ауыл тұрғындары тарапынан алғашқы тапсырыстарды да қабылдадым. Пластик терезеге тапсырыс берушілерге өлшеміне қарай бағалары да әр түрлі. Қызметіме інім қолғабысын тигізуде. Ісім өрге басып жатса, кәсібімді кеңейту ойымда бар», - дейді Ерболсын Айсәуірұлы.