«Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» бойынша 2,5 мыңнан астам ауыл жұрты өз істерін ашты

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 7 айы ішінде Жұмыспен қамту бағдарламасының екінші бағыты «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету» бойынша 2,5 мыңнан астам ауыл жұрты өз істерін ашты, деп хабарлайды Pm. kz сайты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шағын несие алушылардың саны 3 364 адам болды, олардың 2 578 өз істерін ашты», - делінген ведомство хабарламасында.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың негізгі саласы мал шаруашылығы, ет өнімдерін өндіру, көкөніс өсіру --барлық берілген несиенің 76%  құрайды.

Соның өзінде қатысушылардың 10% жуығы қайта өңдеу өнеркәсібінде (нан өнімдерін өндіру, ет пен сүтті қайта өңдеу), сондай-ақ  қызмет ету және қызмет көрсету саласында (тігін және жөндеу шеберханаларын, монша, шаштараз ашу) өз істерін ашты.

Берілген шағын несиенің орташа мөлшері 1 985 мың теңге болғанын атап айту керек.

2012 жылы кәсіпкерліктің негіздерін оқып-үйренуге 311,4 млн теңге бөлінсе, оның 140,1 млн теңгесі игерілді. Кәсіпкерлік негіздерін 3 751 адам оқып-үйренді (жоспардың 62,3 пайызы).