ОРАЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Тігінші болу арманым еді. Осыған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы арқасында қол жетті. Бұл туралы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында тұратын Әлия Нұрмұханбетова мәлім етті.
-Енді тапсырыс атаулыны сапалы орындап, тұтынушылар қатарын көбейту керек, дейді ол.
Сөйтіп Тайпақ ауылдық округі бойынша алғашқылардың бірі болып 2 миллион теңге несие алған Әлия Нұрмұханбетова Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасына иек артып, өз кәсібін өрістетіп отыр. Ері Самат екеуі ақылдасып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы Оралда үш ай оқып, тігіншіліктің қыр-сырын үйренді. Сосын несие қаржысына «Подольск» тігін машинасын және 3 сиыр, бір өгіз, бір баспақ, 10 қой сатып алды. Бүгінде Әлия ауылдастарынан тапсырыс алып, көрпе-көпшікке тыс, балалардың жеңіл көйлек-көншегін, терезе, есік перделерін тігуде. Матаны өзі қаладан таңдап әкеледі. Мал күтіміне ата-анасы мен жолдасы қарап отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).