Облыс басшысының сөзіне қарағанда, дағдарыстың жағымсыз салдары аясында тәуекелдерді төмендету мақсатында былтыр жұмыс берушілермен, кәсіподақтармен және Кәсіпкерлер палатасымен 620 меморандумға қол қойылған. Негізінен еңбек үдерістерін тұрақтандыру, жұмысшылар құқығын қорғау және жұмыспен қамтуға бағытталған аталмыш меморандумға өңірдегі ірі кәсіпорындардың барлығы толығымен қамтылған. Осының арқасында 2015 жылы өнеркәсіп кәсіпорындарынан жаппай қысқартулар мен жұмыстан босату орын алған жоқ.
Әкімнің айтуынша, осындай тәжірибені жалғастыру мақсатында 2016 жылдың басынан бері өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындарымен 16 үшжақты меморандум жасалды.
«Тұтастай алғанда, 2015 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығындағы көрсеткіштер жақсарды. Мысалы, Маңғыстау облысындағы экономикалық белсенді халықтың саны 7 пайызға артып, 283,4 мың адамнан 302,4 мың адамға дейін өсті. Экономика саласында қызмет етушілер саны 286,9 мың адамды құрады. Облыстағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 19,7 мыңнан 15,2 мың адамға дейін азайып, жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы олардың үлесі 5 пайызды ғана құрады. Бұл - еліміздің аймақтары арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Сонымен қатар, ашық нарықтағы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыздан 5,1 пайызға төмендеді. Соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық 7,4 пайыздан 4,7 пайызға дейін қысқарды», - дейді А. Айдарбаев.
Облыс басшысының сөзіне қарағанда, 2015 жылы 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан, аталған көрсеткіш 2014 жылы 26,4 мың адамды құраған еді. Бұл ретте индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру аясында жұмысқа орналасқандар саны - 24 мың адам болса, ондағы тұрақты жұмыс орындары - 20,1 мың адам, маусымдық жұмыс орындарына 3,2 мың адам тартылды. Ал әлеуметтік жұмыс орындарымен 1,5 мың адам, жастар практикасы аясында мыңнан астам адам еңбек еткен.