- Коронавирус инфекциясынан көз жұмғандардың басым көпшілігі қант диабетімен ауырғаны анық. Ал енді жүрек- қан тамырлары ауруына шалдыққан адамдар үшін бұл инфекция қаншалықты қауіпті?
- Коронавирус - өте қауіпті инфекция. Дені сау адамның өзінің жағдайын қиындатып жібереді. Жүрегі ауыратын адамдарда белгілі бір өзгерістер болатыны анық. Коронавирус туралы сөз қозғағанда көбінде өкпе туралы айтамыз. Алайда, ол тек қана өкпе емес, тұтас жүйелі бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Коронавирус өкпе альвеоласының жасушаларын, яғни альвеоциттердi, сондай-ақ барлық тамырлардың, артериялардың ішкі қабаты - эндотелийді зақымдайды. Көбiнде коронавирустың әсерiнен қан қатты қоюланып, тамырларда тромбоз болатынын шетелдiк ғылыми зерттеулер, әсiресе патологанатомдардың зерттеу көрсеткiштерi нәтижесiнде дәлелденген. Зақымданған қан тамырлары қанның қоюланып, тромб түзiлу қаупiн арттырады. Онсыз да вирус қанның формалық элементтеріне әсер еткендіктен қабыну басталады. Қанның коагуляциялық белсенділігін арттырып жібереді. Иммундық қабыну процесi бiр ғана органның көлемiнде, немесе жүйелi түрде тұтастай организмдi өзгерiске ұшыратуы мүмкiн. Осының салдарынан (тамырлардың эндотелийiнiң зақымдануынан) қанның ұйығыштығы артып, тромбтар түзiледi. Осылайша қан тамырларын бiтеп қалады (оны микротромбоз, немесе макротромбоз деп атайды).
Өкпе артериясының түгелдей емес, кiшiрек бұтақтарының бiрiн бiтесе, өкпенiң тұтастай бiр сегментiнде өкпе инфарктi болады. Егер бiр iрi бұтағын, немесе тұтастай бұтағын бiтесе бiрден өлiп кетуi мүмкiн. Бұл медицинада «өкпе артериясының тромбоэмболиясы» деп аталады. Сол сияқты жүректiң коронарлы артериясын бiтесе, жүрек инфарктiне соқтырады.
- Жүрек-қан тамырлары ауруы бар адам коронавирусқа шалдықса, үйден емделуіне бола ма?
- Амбулаториялық жағдайда антикоагулянттық препараттарды тәулігіне 1 рет қана қолдануға болады. Алайда науқасқа антикоагулянтты 1-ақ рет қолдану жеткіліксіз болатын жағдайлар бар. Ондай ауруларды стационарға жатқызу керек. Интернеттен оқып алып, өзін өзі емдеумен айналысуға болмайды. Білместікпен өліп кетуі мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желіде адамдар бір-біріне «Клексан» деген дәріні пәлен дозада иньекция ретінде алдым, «Ксарелто» сияқты дәрілерді пәлен дозада іштім деп кеңес беріп жатады. Амбулаториялық жағдайда «Клександы» күнiне 1 рет 0,3 мл немесе 0,4 мл дозада ғана қолдануға болады. Клександы 10 күн терi астына ектiрген соң, әрi қарай (немесе бiрден Клексанның орнына) Ксарелтоны күнiне 1 рет 15 мг iшуге болады. Бiрақ оны дәрiгердiң бақылауынсыз қолдануға болмайды. Сондай-ақ, науқастың сатурация, оксигенация индексі, коагулограмма деген көрсеткіштері де бақылауда болуы керек.
- Коронавирус жұқтырып, жазылып шыққан адамдарға қандай кеңес бересіз?
- Жазылып шыққан адам 45 күн үйінде жатуы керек. Қытай вирусолог-эпидемиологтарының зерттеулеріне сүйенетін болсақ, ауырып емделiп шыққан адамдардың 50 пайызға жуығы 45 күнге дейін коронавирусты тасымалдаушы ретінде жұқтыруы мүмкін. Қазір коронавирустың жаңа штаммына қарсы вакцина жоқ. Коронавирусқа арналған арнайы дәрі-дәрмектер де жоқ. Дегенмен, еліміздегі коронавирус жұқтырып қатты науқастанғандарға әлемдік тәжірибелерден құралған стандарттар бойынша ем жасалынып, оң нәтижеге жеткен жетістіктер де аз емес. Қазір COVID-19 вакцинасын тапқанмен, оған эксперименттік-клиникалық зерттеулер жасауға кем дегенде бір жарым жыл уақыт керек. Ондай уақытта коронавирустың жаңа мутацияланған түрлері де пайда болып, COVID-19 вакцинасы керек болмай қалуы да мүмкін. Кейбiреулер «мен коронавирус жұққан соң ауырдым. Одан емделiп, сауықтым. Ендi менде коронавируске қарсы антитела бар. Маған ендi коронавирус жұқпайды. Мен маска тақпаймын, басқаларға менен жұқса жұға берсiн» деген эгоистік көзқарасты ұстанады. Олар 45-50 күнге дейiн оқшауланып, маска тағып жүруі керек. Ол адамда КВИ-дiң 1-2 штаммасына ғана антитела болуы мүмкiн. Дәл сен сияқты басқа бiреу саған да КВИ-дiң сенде антителасы жоқ басқа штаммасын (мутацияға ұшыраған басқа түрiн) жұқтыратын болса одан адам аман қалмайды. Өйткенi КВИ-мен ауырып жазылғандардың өкпесi фиброздық өзгерiске ұшырайды. Фиброз деген қалпына келмейді. Яғни, өкпесі 70 пайыз зақымданған адам былайша айтқанда, өмірінің соңына дейін қалған 30 пайызбен өмір сүруіне тура келеді. Өкпе тканi неше процент фиброзға ұшыраса, сонша процент өкпе тканы iстен шығады. Ал сау қалған жерiн коронавирустың мутацияланған жаңа түрi зақымдайтын болса, одан аман қалу мүмкiн емес. Бұл жерде донорлық өкпе іздеуден басқа амал қалмайды.
- Гигиеналық талаптар туралы да айта өтсеңіз?
- Коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың бірден-бір жолы – маска тағу, гигиеналық шараларды сақтау, қолды жиі жуу, лас қолды көзге, мұрынға, және ауызға тигізбеу, қол беріп амандаспау, жөтелгенде немесе түшкіргенде бір реттік орамалды қолдану, қолданғаннан кейін дереу тастау, адам көп жиналатын (кафе, тойхана, концерттік зал, театр, кинотеатр және т.б.) қоғамдық орындардан аулақ жүру және иммунитетті көтеру. «Құтты болсын» мен «қайырлы болсын» кейін айтуға да болады. Иммунитетті көтеру үшін күнделікті белсенді дене қимыл-қозғалысын арттыру, уақтылы түрде рационалды және толыққанды тамақтану, ұйқыны қандыру, эмоцияға берілмеу, ашуланбау, жүйкеге күш түсірмеу, көңілді жүру және суыққа ұрынбау керек. Коронавирустың ең жаманы бiр адамнан екiншi адамға тасымалданған сайын мутацияланған жаңа түрiне айналып өзгерiп отырады. Сол себептi, бiреуге жұқтырсаң өзгерген түрi өзiңе қайта жұқпасына кiм кепiл. Оның үстiне, халқымыз жаппай ауырса, экономикамыз да құлдырайды, елдiң жағдайы нашарлайды. Алдымызда әлi күз бар, қылышын сүйреткен қыс бар. Күн суытқан кезде тұмау, грипп эпидемиясына КВИ қосылса аман қалу екi талай. Егер бiз КВИ-дi жұқтырмау шараларын дұрыс қолдана бiлсек аман қаламыз, КВИ-дi жеңемiз.
- Әңгімеңізге рахмет.