Жүрегіне пышақ сұғылған жігітті аман алып қалғанымыз есімнен кетпейді – дәрігер-хирург

Қай дәуірде де адам жанына араша тұрып, ажалдан алып қалу оңайға түспеген. Қазіргідей білім мен техника қарыштап дамыған заманда дәрігерлер алдында қандай мақсат-міндеттер тұр? Осы орайда Орал қалалық көпбейінді ауруханасы жоспарлы хирургия бөлімшесінің бөлім меңгерушісі, «Медицина саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, жоғары санатты дәрігер-хирург Алмат Оразовпен Kazinform тілшісі әңгімелескен еді.

Фото: дәрігердің жеке архивінен

— Алмат Айсағалиұлы, дәрігер болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?

— Жоқ, дәрігер боламын деп бала күнімнен армандамаппын. Шынымды айтсам, бала кездегі арманым әртүрлі болатын. Тек кейін, 10-11-сыныпқа келгеннен кейін дәрігер болсам, адамдарға көмек бере алсам деген мақсатым болды. Осылайша мектеп бітіргеннен кейін, әрине, ата-анамның бата-қолдауымен М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетіне оқуға түсіп, осы салаға жол тарттым.

— Жоғары санатты дәрігер-хирург болғанша қандай жолдан өттіңіз?

— Қазіргі таңда облыста халыққа хирургиялық көмек көрсетіп жүргеніме 24 жыл болыпты. Алғашқы еңбек жолымды Сырым аудандық ауруханасында хирург болып бастадым. Содан кейін облыстық клиникалық ауруханада, кейін қалалық көпбейінді ауруханада хирургия саласында шеберлігімді барынша шыңдап келемін. Жоғары санаттың берілуі осы 24 жылдық еңбегімнің жемісі деп білемін.

— Өміріңіз бен қызмет баспалдақтарын нақтылай кетсеңіз?

— 2000 жылы Ақтөбе медицина университетін тәмамдап, диплом алғаннан кейін алты жыл Сырым ауданында еңбек еттім. Сосын 11 жыл бойы облыстық клиникалық аурухананың эндо-видео хирургиясы бөлімшесінде қызмет атқардым. Ал 2017 жылдан бері қалалық көпбейінді ауруханада жоспарлы хирургия бөлімшесіндемін. Жеке өміріме келсем, Сырым ауданы Бұлдырты ауылында 1977 жылы дүниеге келдім. Әкем Айсағали Батырашұлы құрылысшы, анам Ақзила бухгалтер болды, қазір екеуі де зейнет демалысында, Орал қаласында тұрады.

Бір шаңырақтан өрбіген үш баласының жоғары білім алып, өмірден өз жолдарын табуына әке-шешеміздің сіңірген еңбегі ештеңемен өлшенбейді. Бәрі де — ата-анамның арқасы деп білемін. Қарындасым Айнұр Латыпова — көз дәрігері, інім Алмаз мұнайшы. Жұбайым Далила Болатқызы да дәрігер, дерматолог. Үлкен қызым Диана мен ұлым Айболат — Ақтөбе медицина академиясының студенттері, кенжем Инабат 3-сыныпта оқиды.

— Өзіңізден бастап есептегенде, дәрігерлер отбасы деуге болады екен. Сонда барлығын қосқанда, жалпы еңбек өтілдеріңіз қанша?

— Қарындасым 2002 жылдан бастап есептегенде, 21 жыл бойы медицина саласында қызмет етіп келеді. Жарымның еңбек өтілі — 20 жыл. Менде — 23 жыл. Сонда бәрін қосқанда, 64 жыл болады екен. Оның үстіне ұлымыз бен қызымыз біздің жолымызды қумақшы.

— Есіңізде қалған ең қиын да күрделі отаны айтып берсеңіз?

— Әр ота өзінше күрделі, өзінше ерекше. Әр ота үлкен дайындықты, айрықша жауапкершілікті талап етеді. Адам өмірімен тікелей байланысты болғандықтан мен үшін отаның жеңіл, ауыры жоқ. Оған қоса әр ағза өзінше ерекше, күрделі. Дегенмен сонау 2003 жылы Сырым аудандық ауруханасында жасалған ота есімнен кетпейді. Небәрі үш жылдық еңбек тәжірибемізбен жоғары оқу орнында бірге білім алған досым, әріптесім Мәлік Өтеғұловпен бірге жүрегіне пышақ сұғылған жас жігітке ота жасауға тура келді. Ота сәтті аяқталып, науқас аман-есен үйіне кетті.

— Пластикалық ота да жасайды екенсіз, мұның ерекшеліктері қандай?

— Пластикалық хирургия туа және жүре пайда болатын кемістіктерді қалпына келтіру үшін қажет, оның түрлері өте көп. Әдетте пластикалық отаны қажет ететін адамдар көп жағдайда ауырып емес, өмір сапасын жақсартып, өзіне деген сенімділігін арттырғысы келеді. Пластикалық отаның қиындығы мен ерекшелігі де осында, сол себепті талаптары да жоғары. Өмірде әртүрлі жағдайлар болады, хирург соның бәріне дайын болып, кәсіби шеберлігін көрсете білуі керек.

— Дәрігер Гиппократ антына адал болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Бұл жерде көп тереңге бармай, қысқаша былай деп жауап берер едім. Дәрігер ең әуелі алдына келген науқастың орнына өзін қойып қарауы керек. Сондай-ақ дәрігер мамандығы адамгершілікті, үлкен жауапкершілікті және ең бастысы, адалдықты талап етеді.

— Медицина саласындағы ұстаздарыңыз бен шәкірттеріңіз, ұжымдағы әріптестеріңіз жөнінде не айтар едіңіз?

— Ұстаздарымның ішінде ең үлкені марқұм Юрий Николаевич Хван еді. Ол кісі менің хирург болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ Серік Ғұмарұлы Хайрекешов — күні кешеге дейін халқы үшін қызмет еткен ұстаз-дәрігер. Қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста болса да, үнемі хабарласып, ақылдасып отырамыз. Самарбай Медетұлы Мұқанов — ауданнан облысқа ауысып келгенде, құшақ жая қарсы алған тәлімгерлерімнің бірі.

Фото: дәрігердің жеке архивінен

Сол секілді Серік Оразбайұлы Қарекеновті айтпай кетуіме болмас. Ол кісі студенттік шақтан бастап қанатының астына алып, ағалық қамқорлығын көрсетті. Күні бүгін травматология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Шәкірттеріме келсем, соңымнан ерген жігіттерім баршылық. Негізі, біздің аурухана ұжымында жастар өте көп. Хирургтардың орташа жасы — шамамен 30 жас.

«Мен жастарға сенемін», деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, олардан көп үміт күтіп, үлкен сенім артамын, болашақтары зор дей аламын. Мен үшін әрқайсысының орны бөлек, әрқайсысы мақтауға лайықты. Әріптестерімнің ішінде Ақылбек Хазадиязұлы Ермұхановты ерекше айтып кеткім келеді. Ол болашақтың мамандығы болып есептелетін интервенциялық хирургияны республика көлемінде дамытып жүр.

— Республика күніне орай не тілек қосар едіңіз?

— Қазақ елін Республика күнімен құттықтаймын. Халқымызға тыныштық, бейбітшілік, молшылық, денсаулық тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Соңғы кездері әлемде болып жатқан келеңсіздіктер тұсында елімнің тыныштығынан, біртұтастығынан айырмасын дегім келеді.

— Әңгімеңізге бек рахмет. Алдағы уақытта да адам жанының арашасы ретінде абыройлы еңбек ете беріңіз!