ОРАЛ. 11 шілде. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 10 шілде күні журналист Л.Ахмедьяровтың өміріне қастандық жасағандарды айыпты деп танып,
түрлі мерзімге бас бостандығынан айырды.
Қылмысты ұйымдастырушы ретінде танылған Асхат Тахамбетовке мүлкін тәркілеумен 15 жыл, жүргізуші Мұрсалим Сұлтангереевке мүлкін тәркілеумен 12 жыл, журналиске травматикалық пистолеттен оқ атқан Алмаз Батырхайыровқа мүлкін тәркілеумен 11 жыл, журналисті пышақтаған Манарбек Ақболатовқа 11 жыл жаза кесілді. Үкім күшіне енген жағдайда олар жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады.
Сонымен қатар Л.Ахмедьяров сотталушылардан 10 млн. теңге моральдық шығын өтеуге арыз түсірген болатын, бұл ішінара қанағаттандырылып, олардан 4 млн. теңге өндірілетін болды.
Аталмыш оқиғаның өткен жылғы көктемде орын алғаны белгілі. Журналиске шабуыл жасағандар оған травматикалық пистолеттен оқ атып, сегіз жерден пышақ салған болатын. Кейін қылмысқа күдікті ретінде 31 жасар Асхат Тахамбетов, 34-тегі Мұрсалим Сұлтангереев, 24-тегі Манарбек Ақболатов, 23-тегі Алмаз Батырхайыров ұсталған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).