- Нұржан Жалауқызы, өзіңізге лауазымды қызмет тапсырылғанда жүрексінген жоқсыз ба? Үш бірдей телеарна мен төрт радионың басын біріктіретін үлкен корпорацияның ақпарат кеңістігінде айтарлықтай жетістіктерге кенелуінің, көпшілік қолдауға ие болуының басты сыры неде деп ойлайсыз?
- Отыз жылдан бері осы саламен біте қайнасып келе жатырмын, шүкір, жинақтаған тәжірибем де жеткілікті, дегенмен, басшыға жүктелер талап мүлде бөлек. Сол себепті, әу баста сәл жүрексініп, қобалжығаным рас. Оның үстіне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі осы саланың тізгінін маған сеніп тапсырған соң, үрейдің орнын үміт жеңді. Ал жетістіктің сырына келсек, барлығы біліктілікке, кәсіби тәжірибеге, еңбекқорлыққа келіп тіреледі. Осы қасиеттер бойынан табылған адамның аспайтын асуы, баспайтын тауы жоқ.
- Сізді кезінде белді журналдардың бірі республикамыздағы ықпалды әйелдер қатарына жатқызғаны есімізде...
- Өмірде барлық нәрсе салыстырмалы. «Ықпалды әйел» деген түсінік менің қазіргі лауазымыма қатысты айтылса керек. Әр адам жауапты қадамға, маңызды іске алдымен өз мүмкіндігіне сеніп, осыған өзінің білімін, парасатын лайық санаған жағдайда ғана баратыны анық. Басқаша болуы мүмкін емес.
- Адамның жанына қашанда өзінің ең қымбат кезеңдері ыстық. Сондай сәттеріңіз көп пе?
- Мысалы, Қазақ радиосында жалындаған жастық жылдарым өтті. Онда 14 жылға жуық қызмет етіппін. Маған сондағы өмір мектебі көп нәрсе үйретті, журналистиканың қыр-сырына қанықтым, зор тәжірибе жинақтадым дегендей. Ал Президенттің баспасөз қызметінде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары мен биліктің арасындағы кәсіби байланыстың қалыптасуына үлес қосқанымды мақтаныш тұтамын. Былайша айтқанда, ол кезең мемлекеттік емес теле-радиолардың жаңадан қалыптасып жатқан кезі болатын. Халық пен билік арасында дәнекерші, көпір ретіндегі атсалысқан ол істеріміз бен елдегі оң жетістіктерді дүниежүзіне таныту үшін төккен теріміздің жөні өз алдына бөлек. Халықаралық «Интерньюс» ұйымының Қазақстандағы Өкілдігі директорының орынбасары, кейін Атқарушы директоры ретінде де елімізде отандық БАҚ-тың халықаралық деңгейде қалыптасуына біраз еңбек еттім. Өзгенің үлгісін үйрене жүріп, өзіміз де біраз ойды алға оздыра алдық. Мұнда әжептәуір 9 жылым өтті. Осы аралықта тек қазақстандық журналистикадан ғана емес, шетелдік, яғни халықаралық журналистикадан да көкірекке түйгендеріміз аз емес. Тәжірибелік іссапарларда шетелдік әріптестеріміздің жұмыс істеу машығын зердеге тоқыдық. Швеция, АҚШ, Ресей, Түркия сияқты бірталай елдердің телеарналарындағы озық үлгілермен таныстық. Олардың менеджменттік-маркетингтік бағыттағы жетістіктерінен үйренеріміз әлі де бар. Қазақтілді журналистерге арнап ең алғаш оқу тренингтерін ұйымдастыруды қолға алған біз болатынбыз. Дикторлардың бағдарлама жүргізу стилін, имиджін, бет-бейнесін, өнерін, одан қала берді, дауыстарының ырғағына дейін қалыптастыруға мейлінше атсалыстық. Сол кезде атқарған тағы бір үлкен жұмысымыз - Қазақ телевизиясының «Жаңалықтар» қызметінің бет-бейнесін қалыптастырғанымыз.
- Ұлттық арнаның мемлекеттік саясатты насихаттаудағы, қоғамдағы өткір мәселелерді көтерудегі ашықтығын өзіңіз қалай бағалар едіңіз?
- Қоғамнан тыс ешкім өмір сүре алмайды. Ақпарат құралдары мейлі ол коммерциялық сипаттағы, мейлі мемлекеттік меншікте болсын, қоғамның айнасы болып саналады және солай болып қала береді. Олардың басты міндеті - елдің дамуына жол ашатын өзгерістер, қадамдар мен шешімдер жайында халыққа ұдайы хабар жеткізу, насихаттау. Бұл ретте көзіқарақты көрерменге Ұлттық арнаның тек жақсы жаңалықтармен, игілікті шаралармен ғана шектеліп қалмайтыны мәлім. Біз, мәселен, Елбасының жүргізіп отырған саясатын жүзеге асыруда қабылданған үкіметтік бағдарламаларды орындау барысында туындап жатқан қиындықтарды, кетіп жатқан кемшіліктерді айқындап, көрсету бағытына ерекше назар аударамыз. Мысалы, Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында, «100 қадам» Ұлт жоспарында көрініс тапқан ел экономикасын өркендетудің негізгі бағыттарын түсіндіруде және ақпараттық тұрғыда қолдауда шығармашылық жұмыстарымызды ширата түстік. Оған телевизияның барлық мүмкіндіктері пайдаланылып жатыр. «Қазақстан» телеарнасын елдегі түрлі құбылыстарды, оқиғаларды объективті жеткізетін қоғамдық телевизия деңгейіне көтерілді деп айтуға толық құқым бар. Дегенмен, әлемде қоғамдық телевизияға жүктелетін әрі оны құруға қатысты арнайы шарттар бар екенін ұмытпау керек.
- «Қазақстан» теле-радиокорпорациясының бүгінгі таңдағы жетістіктерін білгіміз келеді.
- «Қазақстан» қазақ телевизиясы мен радиосының қара шаңырағы болып саналады. Мұнда Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев сынды белгілі қаламгерлер әдемі дәстүрлер қалыптастырды. «Қазақстан» телеарнасы Елбасының тапсырмасымен, халықтың қолдауымен 2011 жылы толықтай мемлекеттік тілде хабар таратуға көшірілді. Осы бір тарихи әрі аса жауапты кезеңде маған ұжымды басқару мәртебесі бұйырды. Бүгінде «Таза қазақ тіліндегі бағдарламаларды жұрт көрмейді» деген бұрынғы ескі түсінік теріске айналды. Рейтинг бойынша соңғы үш жылдан астам уақытта алдыңғы орындамыз. Негізінен, бұл шығармашылық ұжымның ортақ жеңісі екені даусыз. Осы аралықта көрермен саны екі есе көбейді. Бұдан басқа, телеарна хабар таратудың жалпы көлемінен 87%-ды құрайтын өз жобаларының өндірісі бойынша алдыңғы қатарға шықты.
- Ұлттық арна қандай тың жобалар әзірлеуде?
- Бір күн кеш қалған адам алдағы барлық табысынан қағылады. Ал телевизия сағат тілімен бірге тоқтаусыз айналып тұрған шиыршық сияқты. Жоспар мен мақсат-бағдар көп, олар алдағы уақыттың еншісінде. Қазір Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ассамблея мен Конституцияның 20 жылдық мерекелеріне дайындық қызуда. Таңдаулы жобалардан «Сенбілік кездесу» бар. Ол елге танымал тұлғалардың жеке тағдырына қатысты қалтарысбұлтарыстарды, шыққан биігі мен құлдилаған тұстарын бүкпесіз жаюға жетелейтін тележоба. Бағдарлама қонақтары - Асанәлі Әшімов, Жақсылық Үшкемпіров, Бибігүл Төлегенова, Бақытжан Ертаев, Әлімғазы Райымбеков, Роза Рымбаева, Арман Дәулетьяров сынды танымал жандар. Балапандарға базарлық ретінде «Баламен бетпе-бет» бағдарламасын ұсындық. Көрермендердің көзайымына айналған телехикаялар легі әрі қарай жалғасын табады. Тарихи драмалар мен шытырман оқиғаларға толы отандық телеөнімдерді молынан ұсынбақпыз. Сол сияқты «Қара шаңырақ» телехикаясында отбасы құндылығын, кәсіпкерлікті дамыту, қалалар мен өңірлерді өркендету секілді ел саясатындағы басымдық берілген мәселелер баяндалса, «Сырғалымда» - ауыл қызының табандылығы, білімге құштарлығы, «Жедел жәрдемде» - отандық медицинаның жетістіктері, «Ұстазда» мұғалім қызметінің сан түрлі қыры кино тілімен сөйледі. «Бапкер», «Әпке» секілді отандық көркем телехикаялардың да айтар ойы аз емес. «Қазына» атты шытырман оқиға жанрында түсірілген тұңғыш телехикая да көрерменнің ықыласына бөленді. Бұлар - қазақ эфирлерін жаулап алған түрік, корей телехикаяларын ығыстырып, келешекте төл туындының туын көтеруге жасалған қадамдар.
- Телехикаяларда көбіне отбасылық құндылықтарды алға оздыру басым түсіп жатады. Оның себебі неде?
- Отбасы - қазақ қоғамының діңгегі, жетістіктеріміздің негізгі арқауы. Жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқорлық көрсетудің маңыздылығын жастар санасына сіңіру мақсатында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен «Отбасы күні» белгіленіп, өткен жылы тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізілген болатын. Биыл сол дәстүр жалғасын табуда. Халқымызда «Жетім көрсең - жебей жүр» деген сөз бар. Ата дініміз - исламда да жетім-жесірге, ғаріп жандарға жәрдем ету үлкен сауапты іс саналған. Осы тұрғыда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың құқықтарын қорғау, олардың алдағы тағдырына арналған жаңа телевизиялық жоба - балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі туралы сыр шертетін 66 сериялы телехикая түсіру қолға алынбақ. Біз осы арқылы қоғамға ой салып, балалар үйлері санының азаюына, жетім балалардың отбасында тәрбие алуына қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Сайып келгенде, осы және басқа да тақырыптар «Қазақстан» республикалық теле-радиокорпорациясының тапсырысы бойынша «Көркем фильм» кинокомпаниясы «Армандар орындалады» деген атпен түсіретін жаңа қазақстандық хикаяға арқау болмақ. Теленовелланы түсіруші - қазақстандық режиссер және сценарийші Рашид Сүлейменов. Оның басты және қосымша рөлдерін сомдауға арнайы кастинг жарияланды. Бір ерекшелігі, оған балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, телехикаядағы басты және эпизодтағы рөлдердің бірін сомдауға мүмкіндік алды. «Сырғалым» телехикаясы да «Қазақстан» республикалық теле-радиокорпорациясының тапсырысы бойынша түсірілді. Ол әкесінің ескі досының қызын өз отбасыларына қабылдаған заманауи қазақ отбасының өмірі туралы сыр шертеді. Қоюшы-режиссері, сценарий авторы - Рашид Сүлейменов. Түсіру алаңында лексиканың дұрыстығын тексеретін екі редактор қатар жұмыс істеді, себебі, кейіпкерлер қазақ тілінде дұрыс сөйлеуі тиіс. Бұл ретте көптеген тіл мамандары, қоғам қайраткерлері телехикаядағы қазақ тілінің жоғары деңгейін атап өтті. Сәуір-мамыр айларында жастардың романтикалық комедия жанрында түсірілген жаңа, 32-сериялы «Қыздар» телехикаясы эфирге шықты. Ол заманауи жастардың нағыз «өмір энциклопедиясына» айнала алды.
- Шетелдік өнімдер мен төл телехикаялардың бәсекелестігі туралы не айтар едіңіз?
- Бізде отандық сериалдардың басым көпшілігін мемлекет қаржыландырады. Онсыз болмайды. Ресейде, Түркияда, АҚШ-та, Еуропа елдерінде телехикаяларға бөлінетін қаражатты телеарналар өздері коммерциялық жобалардан табады. Олардың бөлетін қаржысы нарықпен есептеледі. Қазақстанның нарығы өткен жылы 135 млн. АҚШ доллары көлемінде болса, Ресейде бұл қаржы 1 млрд.қа жеткен. Сайып келгенде, бұл халықтың санына байланысты. Халқы 17 миллион Қазақстан қалай болғанда да 145 млн. халқы бар Ресеймен немесе халқының саны 70 млн.-нан асатын Түркияның нарығымен бәсекелесе алмайтыны анық. Оның үстіне әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты, жарнама нарығында да біраз қиындықтар байқалуда. Әйтсе де, мақсат тек жаңа жоба жасау емес. Сонымен қатар, көрермендердің көзайымына айналған жобаларды жаңа сапада жаңғырту да шығармашылық ізденісті талап етеді. Біз әр телемаусым сайын жаңа жобалар мен бағдарламаларымыз жайлы көрерменді алдын ала хабардар етеміз. Бірақ, бірнеше ай бұрын жоспарларымызды жария ете алмаймыз. Медианарықта бізден басқа да телеарналар бар, сол үшін кей тележобаларымызды құпия ұстаймыз.
- Коммерциялық жобалардан түсетін қаржыны қандай мақсатқа пайдаланасыздар?
- Жалпы, мұндай жобалардың қаржысын техникалық құрал-жабдықтарымызды жаңартуға, қайта жабдықтауға жұмсаймыз. Бүгінгі заман - техниканың қарыштап дамып жатқан заманы. «Негізінде телевидениеге қажетті техниканы қол қойып, сатып алған сәтте ол ескіреді» деген қағида бар. Себебі, оны орнатып, қыр-сырын меңгергенше, жаңадан басқасы шығып жатады. Сондықтан, телевидение, радио үнемі жаңартуды талап етеді. Оның үстіне, біздің әрбір облыс орталығында филиалдарымыз бар, оларды да техникалық жағынан жабдықтап, жаңалап отыру қажет. Еншілес телеарналар, радиолар мен аймақтағы филиалдарды техникалық жағынан қамтамасыз ету, материалдық базасын нығайту, 3G, 4G желісі арқылы тікелей эфирде көрсету тәжірибесін күшейту жұмыстары басты назарда. Өткен жылдың өзінде бірнеше миллион теңгенің жабдықтары сатып алынып, ірі телекөпірлер өткізілді. Жер-жерде HD-форматта хабар таратуға көшуге тиіспіз, ол үшін техникалық ауысымға негіз жасалуы қажет. Алайда, бұл салаға қажетті техникалық мамандар тапшы. Сондықтан, бұл мәселе келешекте Үкімет деңгейінде шешімін табады деген сенімдеміз.
- Осы жылдар ішінде 900-ден астам серия немесе 50-ге жуық телехикая түсіріліпті. Соған қарамастан, шетелдік сериалдардан жұрт көз ашпай кетті. Мысалы, «көгілдір экранда» «Келін» үнді сериалының созылғанына - 3 жыл...
- Жоғарыда айтып кеткенімдей, менеджмент тілінде «маркетингтік қадам» деген ұғым бар. Екіншіден, біз сол арқылы өз арнамызды, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған төл туындымыз -100 сериялы «Қара шаңырақ» телехикаямызды насихаттадық. Адами қарым-қатынасты, адамгершілікті, достықты, махаббатты үлгі еттік. Қайын ене мен келін, ата-ана мен бала, дос пен достың, бауыр мен қарындастың арасындағы қарым-қатынастарды жік-жігімен сараладық. Адамгершілік, жақсылық ұлтқа, нәсілге бөлінбейді. Сол сияқты, жамандық та... Кезінде үнді телехикаясындағы басты рөлдерді сомдаған әртістерді халықпен қауыштыру мақсатында арнайы Қазақстанға шақырдық. Хан Шатыр мен Мега орталықта болған кездесулерге 60 мыңдай адам келді. Ал 300 қонақ сыятын студиямызға мың адам жиналды, телехикая кейіпкерімен суретке түсіп, қолтаңба алған халықтың қуанышында шек болмады. Бұл да көрермен үшін бір мерекелік шараға айналды. Ең бастысы, оған танымал үнді актері Сидхарт Шукхла ғана емес, «Қара шаңырақта» үш ағайындының рөлдерін сомдаған қазақтың танымал актерлері келді. Тағы бір ескеретін жағдай - арнада эфирге шығатын көптеген телехикаялар мен маңызды жобалар орыс тіліндегі субтитрмен беріліп отырады. Сол арқылы, өздерін Қазақстанның азаматымыз деп санайтын басқа ұлт өкілдері қазақтілді бағдарламаларды субтитрлі аудармамен көру арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше құлшыныс таныта бастағанын аңғардық. Яғни, біздің арна ана тілімізді үйренушілерді де назардан тыс қалдырмайды деген сөз. Мұнымен арнаның тәрбиелік және ағартушылық мәні арта түсті.
- Жалпы, бүгінгі таңда бағдарламалардың қаншасы көшірме, ал қаншасы түпнұсқа?
- Бағдарламалар 100 пайыз телеарнаның ішкі өнімі десек, асыра айтқандық болар. Оған қаржылық та, техникалық та мүмкіндігіміз жетпейді. Соңғы 4 жылда аутсорсингтік компаниялармен жұмыс істеудің ережелерін бекіттік. Оларға қойылатын талаптарды қатайттық. Шығармашылық жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін Қоғамдық кеңестің жауапкершілігіне баса назар аударудамыз. Кейбір жобаларға байқау да жариялап жүрміз.
- Телевидениедегі басты тұлға ежелден кәсіби жүргізуші болып табылады. Ал ондай мамандар қалай және қайда даярланады?
- Сырт бейне адамның ішкі жан дүниесінің айнасы тәрізді. Кез келген адам бірінші кезекте әдемілікті, көркемдікті іздейді. Алайда, ажарлы көркем жанның кәсіби деңгейінің төмендігін, білімсіздігін көрермен ешқашан кешірмейді. Сондықтан, телеарна басшылығы тележүргізушінің көркі мен ақыл-ойына айрықша мән береді. Рас, Ұлттық арна жүргізушілеріне көптеген сын-ескертпелер жасалып жатады. Мұндай сын негізсіз айтылмайды. Себебі, әрбір журналистің кәсіби деңгейі, жоғары тележүргізуші болып қалыптасуы ұзаққа созылатын үрдіс. Оған белгілі бір уақыт керек. Олар эфирге шыққанға дейін дайындықтан өтеді. Эфирге шығып жүргеннің өзінде шеберлік шыңдау тоқтап қалмайды. Мысалы, рейтингі жоғары болып тұрған «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбектің қазіргі деңгейге жетуіне жылдар керек болды. Өзі қатарлы журналистердің арасында тележүргізушілікті меңгеріп әкеткен жалғыз осы Бейсен ғана. Сол секілді «Алаңды» жүргізетін Нұрмұхамет Байғара да үлкен шыңдалу мектебінен өтті. Сондықтан, менің ойымша, тележүргізуші болып қалыптасу уақытты қажет етеді.
- Жүргізушіге қойылатын арнайы талаптар, орындалуға тиіс шарттар бар ма?
- Жүргізуші өзін ешқашан көрермендерден, тыңдармандардан биік ұстамауы керек, олармен тең дәрежеде тұрғаны абзал. Телеарна алдында отырған қауымға құрметі айрықша сезіліп тұруы тиіс. Сондықтан, тележүргізушілерді даярлауға үлкен мән беріледі. «Қазақстан» республикалық теле-радиокорпорациясының талабы таудай, қаламын ұштаймын деген қайратты жастарға қашанда есігі айқара ашық. Ол үшін ара-тұра түрлі жаңалықтар мен бағдарламалардың жүргізушілеріне кастинг жарияланып, іріктеу жүріп отырады. Қазақ журналистикасының осы заманғы мектебі мен өзіндік стилі біртіндеп қалыптасып келе жатыр және болашағы зор дер едім. Кез келген телеарна өз жұлдыздарын тәрбиелеуге барынша тырысып бағады. Біздің телекорпорация да осы жолда. Рабиға Аманжолова, олардан кейінгі толқыннан Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт секілді тележүргізушілерді қазақ көрермендері ұмыта қойған жоқ. «Қазақстан» телеарнасында соңғы үш жылдан бері тележұлдыздар шоғыры қалыптасып келеді. Мәселен, жаңалықтарды жүргізетін Гүлназ Әлімгерейді, Ламбриан Топузидисті, «Таңшолпанның» жүргізушілері Жансерікті, Иринаны білмейтін жан кемде-кем. Шынын айтқанда, қазір тек жақсы журналист болу аздық етеді. Телевидение саласына, мәселен, мықты менеджерлер керек. Әлемдегі озық технологияларды, жаңашыл жобалар мен үрдістерді тез қабылдап, қолдану үшін адамға білім мен тәжірибе қажет. Соңғы екі жылда корпорациядан оннан астам қызметкер Елбасының «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шетелдерге барып, білімдерін жетілдіріп келді. Енді тағы біразы жақын күндерде оқуға аттанбақ. Журналистерді белгілі бір салаға мамандандырып даярлау ежелден әлемде бар үрдіс. Бізде де маманданған журналистер бар, бірақ аз. Бұл іспен журналистер даярлайтын жоғары оқу орындары айналысса құба-құп. Соңғы жылдары қол жеткізген тағы бір тренд - жаңалықтар қызметі тілшілері арасынан шеттілді журналистердің қалыптасуы. Соның арқасында біз өз сұхбатымызды ағылшын, француз, неміс тілдерінде аламыз. Бұл бізге, біріншіден, арнаға келетін қонақтардың сапасын өзгертуге, екінші жағынан, журналистердің дайындық деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, көрерменнің қызығушылығын арттырып, олардың аясын кеңейте алдық, және бізге деген сенімін нығайттық. Меніңше, әзірге мұндай тренд өзге арналарда жоқ. Осының бәрі төл арнаның өз аудиториясын кеңейтуге жасаған нақты қадамы болып табылады. Дегенмен, жағдайды нарық анықтайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті, әзірге бізде миллионер жүргізушілерді шығаратындай нарықтық орта қалыптасқан жоқ. Тіпті кейде журналистердің әлеуметтік жағдайын шешуге келгенде қауқарсызбыз.
- Ұлттық арна әлемдік деңгейдегі арналармен терезесі тең тұруы үшін қандай істер атқарылуда?
- Теле-радиокорпорацияның жұмысын әлемдік талаптарға сай ету мақсатымен 2014 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ Директорлар кеңесі жанындағы сараптамалық-консультативтік Кеңес құрылып, оның I-ші отырысы өтті. Оған білікті халықаралық деңгейдегі сарапшылар - Халықаралық теле-радиотаратушылар Ассоциациясының бас директоры Саймон Спэнсвик, «Ресей радиосы» Мемлекеттік радиотаратушы компаниясының директоры Вячеслав Умановский мен BBC Advertising аймақтық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин қатысып, медиа және коммуникациялар саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Оның ішінде Кеңес мүшелерімен өзара қарым-қатынас орнату бағыттары, медиа-активтерді басқару саласындағы халықаралық тәжірибедегі озық үлгілер, бизнес-үдерістерін жетілдіру, техникалық және ақпараттық жаңарту мен «Қазақстан» РТРК» АҚ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жайлары ортаға салынды. Мұның барлығы жұмысты әлемдік стандарттарға жақындатудың алғашқы қадамы деп айтар едім. Сонымен қатар, күнделікті жұмыс барысында көмекке жүгінетін кеңесшілеріміз бар. Олардың ақыл-кеңесінен, тәжірибесінен көрермендер ұтпаса, ұтылмайды. Жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттырып, әлемдік деңгейге жақындату үшін корпорация есебінен отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен оқыту бағдарламалары, сондай-ақ, теле-радио саласындағы озық тәжірибені зерделеу мақсатында әлемдегі үздік теле-радиокомпаниялармен тағылымдамадан өту, өзара тәжірибе алмасу бойынша іс-шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2013 жылы 449 қызметкер біліктілігін арттырып, 7 қызметкер Лондон қаласында BBC Aкадемиясында және 1 қызметкер Мәскеу қаласында ВГТРК ВИЗАРТ АҚБ тағылымдамадан өтсе, 2014 жылы 334 қызметкер оқу курстарына қатысты, Нью-Йорк кино өнері академиясында 2 қызметкер тағылымдамадан, ал 6 қызметкер Russia Today телекомпаниясында іс-тәжірибеден өтті.
- Осының бәрінен отбасыңызға қалай уақыт табасыз?
- Бақыт есімді қызым, күйеу балам, лақтың асығындай үш бірдей немерем бар. Жуырда ғана 5 жасқа толған немеремді сүндетке отырғызып, кішкентайымыздың тұсауын кестік. Осылайша, балапандарымыз тағы бір белеске қадам басқанда арқа-жарқа күй кешіп жатқан жайымыз бар. Жалпы, адам бақытты алыстан іздемеу керек. Қажет кезде сыр бөлісетін адал достарыңның болуының өзі баға жетпес байлық емес пе? Кәсіби біліктілігім мен ізденісіме қолдау көрсеткен әрі жұмыс істеуіме мүмкіндік беріп, сенім артқан басшыларыма деген құрметім де өмірімнің мәнімен өзектес.