***
«Бұл хабарды әріптес інім Байқал Байәділовтен естіп, Мағжан Жұмабаев ішігін көзімізбен көруге асықтық.
Қасқыр ішіктің бүгінгі иесі, Көкшетау қаласының тұрғыны Бәтима Аяғанова Қарағанды мұғалімдер институтын 1951 жылы бітірген. Ғұмырының 52 жылын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз өз әулетінде 30-жылдардан бері сақталып келе жатқан қасқыр ішікті қымбат жәдігеріне санайды. Ел-жұртқа ертерек таныстырмағанының сырын аманат жүгінің ауырлығымен түсіндіреді.
Салмақтап көрдік, зілдей ап-ауыр екен. Желбегей жамылуға да рұқсат берілді. Апайдың айтуына қарағанда, жеті қасқырдың терісінен тігілген. Жоны қара қылшықтанған, түгі мен түбіті сол қалпы сақталған, сырты қалың, мықты шұғамен қапталған өнер туындысы дерлік. Шалғайы мол пішілген, қолтығы кең, жағасы ойықталып, мойын мен басты тұтас жабатын көл-көсір дүние. Илеуі әбден қандырылған ішік қабырғаның жасауын жарқыратып тұр. Қаншама уақыт өтсе де, өңін жоймаған. Түз тағысының қасиеті де мықты-ау», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Бұл ішіктің тарихы да терең. Бәтима Әшірбекқызының әкесі Әшірбек ата қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданының аумағындағы Үлкен Қараойдың маңында 1883 жылы дүниеге келген. Анасы Шәкира Әубәкірқызы Кіші Қараойдың қызы. Анасының інісі, яки нағашысы Жақия Әубәкірұлы заманында Омбы қаласында білім алған. Кейін Бестөбенің маңайындағы Қызылқақ ауылында мұғалім болып еңбек етіпті. Бұрынғылардың айтуына қарағанда, жыр алыбы Мағжанмен әкесі де, нағашысы да дос-жар болса керек. Бәтима Әшірбекқызының білетіні, көзі ашық, көкірегі ояу, жақсылармен көп дәмдес, пікірлес болған, бір-біріне шуақ-шарапаты тиген әкесіне осы жәдігерді әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев сыйлаған екен. Бұл жайында «Мағжанның ішігі» атты мақалада басылған.
Бас басылымда «Қосдипломдық білім алу жүзеге аспақ» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің беделі жыл сайын артып келеді. Оған дәлел, «Ұлттық университеттер әлемнің ең озық жоғары оқу орындарының қатарына енуі тиіс» деген Елбасымыздың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында білім беру мен ғылыми-зерттеу ісі және әлеуметтік мәселелер бойынша өз мүмкіндігін халықаралық талаптарға сай ұтымды ұйымдастыра білгендіктен де білім қарашаңырағы 2015 жылы дүниежүзіне әйгілі 300 ЖОО-ның қатарына еніп одан кейін 275-орынға табан тіреді.
Университет ұжымы алдағы уақытта да барлық халықаралық талаптарға сай ілгерілеу міндеттерін күн тәртібінен бір сәтке түсірген емес.
«Жақында академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша журналистика факультеті тығыз байланыс орнатқан Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің саяси ғылымдар және журналистика факультетінде өткен «Медиа коммуникация эволюциясы» деген тақырыпта өткен халықаралық конференция филология ғылымдарының кандидаты Жетпісбай Бекболатұлының қазақ тілінде түсірген А.Мицкевич атындағы университет туралы деректі фильмінің көрсетілімімен басталды. Содан кейін филология ғылымдарының кандидаты, факультет деканы Сағатбек Медеубекұлы «Ұлттық коммуникация ерекшеліктері: дәстүр мен жаңашылдық» деген тақырыпта баяндама жасады. Бірнеше шетелдік жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар қатысқан конференция соңында «6М015400 - қоғамдық байланыс»; «6М051600 - халықаралық журналистика»; «6М050400 - журналистика» мамандықтарының магистратура сатылары бойынша қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру келісімшарттарына екі тараптан салтанатты түрде қол қойылды»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Айқын» газетінде «Жұрт неге әлеуметтік желіге тәуелді?» деген мақала берілген. «Бүгінгі телевидение неге әлеуметтік желіге тәуелді боп алды? Тақырып тар ма, әлде ақпараттық жеделдік байқалмай ма? Бұл мәселе бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізіп, көпшіліктің пікірін де білген жөн шығар. Университеттегі студенттерге «қандай телеарна, онда қандай бағдарлама, қай жүргізушіні қарайсыңдар?» деген сұраққа бір ауыздан «телеарна қарамаймыз, ауылдағылар көреді» деген жауап аламын. Осы сияқты жауапты айналамдағы адамдардан да жиі естимін. Телевидение маманы бола тұра, арнайы уақыт бөліп телеарна қарамағалы бір жылға жуық уақыт болды. Медиасферада шұғыл әрі қалауың бойынша өңдеуге келетін ақпарат интернетте болғандықтан, онсыз да аз уақытты үнемді пайдалану үшін желіге жүгінеміз»,-деп жазады мақала авторы.
Осы басылымда «Отқа төзімді материал ойлап тапты» деген мақала жарияланды. Елімізде ғылым-білім саласында қызмет етіп келе жатқан жас ғалымдар әлемде жоқ керемет инновациялық дүниелерді жобалап, тіпті алғашқылары сол жобаларын өндіріске де енгізіп үлгерген.Солардың бірі де, бірегейі Алматы технологиялық университеті, жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультеті деканының орынбасары, PhD докторанты Әсем Таласбаева.
Жас ғалым отқа төзімді талшықсыз материалдар турасындағы ғылыми диссертациялық жұмысын қорғауға әзір. Тіпті дайын деуге болады. Қорғайтын уақыты жетпесе де, оның инновациялық игілікті ісі бүгінде тәжірибеден өтіп үлгерген. Бұл үлкен жаңалық болды. Әлемнің дамыған елдерінде де осындай үлгідегі киім дайын бола қоймаған. Оның бір айғағы өзі патенттеген жұмысы.
Отқа төзімді жаңа текстильді талшықсыз материалдар метаарамидті және жүн талшықтары негізінде әртүрлі салмақта, бірнеше қабатпен дайындаған. ISO 9151:1995 сәйкес Данкук университетінің (Оңтүстік Корея) текстильді материалдар мен арнайы киімдерді сынау зертханасында жаңа талшықсыз текстильді материалдардың жоғары температура әсеріне төзімділігі зерттелген. Жаңа талшықсыз материалдар дәнекерлеушілер мен өрт сөндірушілерге арналған арнайы киім жобалауға ұсынылған. Инновациялық жаңалық авторы Әсем Ауғанғалиқызы жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор Раушан Жылысбаеваның ғылыми жетекшілігімен осы тамаша дүниені университеттің оңтүстіккореялық әріптестерімен біріккен зертханалық кабинетінде дизайнын жасап, құрастырып, өнеркәсіпке дайындап берген. Тың жұмысты жүзеге асыруға Әсемнің үш жылға жуық уақыты кеткен.
***
«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында «ЖКХ в проекции на ЭКСПО» деген мақала берілген. Астанада «ТКШ-ЕХРО 2015» аты халықаралық форум өтіп жатыр. Оған тәжірибе алмасу үшін Қазақстанның ТКШ және құрылыс секторының салалық бағыттарындағы көптеген кәсіпорындар жиналды. Сонымен қатар форум аясында ЭКСПО-2017 көрмесі үшін қазіргі заманғы энергия үнемдегіш технологиялардың таныстырылымы өтті. Осы жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.