Жұртшылықың жұмысын жеңілдететін «электрондық үкіметке» қолжетімділік артып келеді

ТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ақпараттық ғасырдың жұртшылық үшін ең тиімді тұсы - мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты одан сайын жақындастыруында болып табылады.

Тез құбылып, шапшаң өзгеріп жатқан жылдам даму дәуірінде қарапайым, жеңіл және ыңғайлы тәсілмен, қазіргі заманғы технологияларды белсенді қолдана отырып мемлекеттің қоғам үшін барлық бағытта ұтқыр қарым- қатынас жасай білуі бұқара жұртшылықтың өміріне ғана емес, тұтастай елдік бәсекелестікке де өз әсерін тигізбек. Халықтың сұраныс-талаптарын қанағаттандыру, оларға көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту да мемлекеттің қаншалықты ақпараттық технологияны игергендігін көрсетіп, замана көшіне қаншалықты ілесе алғандығын айғақтайды.

Осы тұрғыдан алғанда халыққа нақты қызметтерді сапалы жүргізудің көрінісі «электрондық үкімет» арқылы жүзеге асатыны да белгілі. Осыдан оншақты жыл бұрын әлемнің технологияға қарыштаған елдерінде пайда болған «электрондық үкімет» ұғымы ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға негізделіп, азаматтар мен ұйымдарға барынша кең ауқымда қызмет көрсетуге бағытталып отыр. Қысқаша айтқанда, «электрондық үкімет» дегеніміз мемлекет атқаратын барлық қызметтер мен функцияларды электронды формат бойынша сапалы түрде жүзеге асыру дегенді білдіреді. Қазіргі таңда әлем елдері арасында осындай қызметті аса белсенді пайдаланатын «электрондық үкіметке» қол жеткізген көшбасшы ел болып Сингапур саналса, бұрынғы кеңестік кеңістікте Эстонияның жетістігін сарапшылар жоғары бағалайды.

Ал Қазақстанда алғаш рет 2006 жылдың 12- сәуірінде «электрондық үкімет» порталы өз жұмысын бастаған болатын. Осы күннен бастап елімізде ақпараттық қоғамды орнатудың негізі қаланды десе де болады. Содан бергі кезеңде атқарылып жатқан жетілдіру шараларын жүргізу нәтижесінде қазіргі уақытта 70-тен астам электрондық және 2000-нан астам ақпараттық қызмет көрсетулерді ұсынып отырған портал мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік тұрғысынан негізгі бастау болып табылады. Бұған дейін веб-порталды құру мен дамыту үш кезең бойынша: ақпараттық кезең (2005-2006 жылдары), интерактивтік кезең (2006-2007 жылдары), транзакциялық кезең (2008-2009 жылдары) жүзеге асырылған болатын. Порталды іске қосу барысында Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар, Әділет, Қаржы, Денсаулық сақтау, Мұнай және газ министрліктері мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Ұлттық банктің қызметтерін қамтыған 377 ақпараттық қызмет көрсетулер ұсынылды. Ақпараттық қызмет көрсетулерден басқа, «Электрондық пошта», «Байланыстар», «Күнтізбелік жоспарлау», «Жазылу» секілді сервистер де қосымша жүзеге асып келді. Ал соның ішінде ең алғашқы электрондық қызмет түрі порталда 2007 жылы пайда болған еді. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығындағы салымшылардың зейнетақылық салымдарының есеп-шотқа түсуі туралы ақпарат берілген болатын. Дәл осы қызметтің түрі күні бүгінге дейін порталдағы ең көп сұранысқа ие қызмет түрі болып саналады.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда осыдан бес жылға жуық бұрын жүзеге аса бастаған электронды түрдегі қызмет көрсетудің жағымды жақтары ауыз толтырып айтарлықтай. Ең алдымен биліктің халық алдындағы қызмет сапасы жақсара түсті. Екіншіден, шенеунік пен қарапайым халық арасындағы байланыс бойынша жекелеген адамдардың қаты­суы шектеледі. Бұл сыбайлас жем­қорлықтың алдын алып, талаптанушы, өтініш жасап, сұрау салушы тұлғаға тікелей билікке ортадағы делдалсыз шығуына мүмкіндік туғызады. Үшіншіден, жұртшылықты қағазбастылықтан арылтып, қарапайым халықтың уақытын ғана емес, қалтасындағы қаржысын да үнемдеуге зор ықпалы бар. Мәселен, бұған дейін қызмет көрсетудің 74 түрін жүзеге асыру үшін 164 түрлі құжат қажет болатын. Бұл шамамен алып есепке салсақ, 2010 жыл бойына азаматтардың 62 миллион құжаттардың көшірмелері мен түпнұсқаларын ұсыну қажеттігі болғандығын білдіреді. Әрине, аталған сома қарапайым жұртшылық үшін айтарлықтай шығын болса, мемлекеттік органдар үшін де ауыр салмақ болатыны даусыз. Соған орай, электронды үкімет болашақта да қағаз жүзінде құжат алмасуды барынша қысқартуға алып келеді және қызметтердің көп бөлігін біртіндеп электронды форматқа аудару көзделеді. Яғни, түптеп келгенде «электрондық үкімет» шы­найы көрініс бергендегі артықшылықтар: үнем­ді түр­де әкімшілік басқаруды жүзеге асырады; қоғам мен Үкімет арасындағы қарым-қаты­насты тү­бегейлі өзгертеді; биліктің халық алдын­дағы жа­уап­кершілігі артып, қоғам дамуында демо­кратия жетіле тү­седі.

Ал алдағы мақсат - қоғам назарын «электрондық үкіметті» барынша пайдалануға аудару, азамат­тардың е-қызметтерді пайдалануға деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Расында, жұртшылықты «электрондық үкімет» арқылы мемлекеттік қызметтердің ұсынылатын жеңіл жолы туралы ақпа­раттандырудың маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыстар да қарқын ала бастады десе болады. Мәселен, өткен жыл­дың нәтижелері бойынша электронды үкі­мет порталында 15 мемлекеттік қызмет және жергілікті атқарушы органдардың 20 мемлекеттік қызметі электронды форматқа көшіріліп, «е-gov» порталын пайдалану­шы­лардың саны бір жылда бес есеге арт­қан. Ал 2009 жылы алынған анық­тамалардың саны 20 мыңнан астам болса, 2010 жылы 1,5 миллионға жуық анықтама алынды. Сондай-ақ осы 2011 жылдың тек алты айында 3,5 миллионнан астам анықтама алынып отыр. 2010 жылы бұл порталға 20 мыңдай адам тіркелген болса, биылғы жылдың алты айында ғана 26 мыңдай адам тіркеліп үлгерді. Күніне 20 мыңдай адам осы порталдан анықтама алады. Яғни күн өткен са­йын еселеп өсуде. Жалпы, электрондық үкімет пор­та­лын­да 70-тен астам электрондық және 2000 ақпа­раттық қызмет түрлері ұсыныл­ған болса, тағы 15 қызмет түрі қосылатынын айтқан едік. Бұның ішінде жергілікті әкімші­лік­термен қызмет түрлері, Ішкі істер министр­лігінің қызметтері сынды ерекше маңызды мәселелер ескеріледі. Пор­­тал арқылы 6 миллионнан астам элек­трондық анық­тама берілген. Өткен жылы еліміз электронды үкіметті дамыту бойынша 192 елдің ішінде 46-орын­ға табан тіреді (2008 жылы 81-орында тұрған). Ал биылғы 2011 жылғы көрсеткіш сарапқа салынса, Қазақстан тағы да он сатыға өрлейді деген үміт бар. Қазіргі таңда қызметтерді электронды үкімет порталы, электронды үкімет төлем шлюзі арқылы төлеуді іске асыру мәселелері бойынша екінші деңгейлі банктермен белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар баж салығын төлеуге байланысты төлем терминалдары операторларымен, кедендік бақылау комитетімен белсенді жұмыс жүргізуде.

Бүгінгі күні «электрондық үкіметтің» шлюзі жасалып, оған Салық комитеті мен Ішкі істер министрлігінің жүйесі қосылды. Осының арқасында тұрғындар салық төлеу мен жолда жүру ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды онлайн режимінде өтеу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, кең көлемді PR-кампания мен Қазақстанның барлық аймақтарында «электрондық үкімет» жұмысы туралы оқыту-семинарларының жұртшылық үшін маңызы зор. Мәселен, биылғы жылы еліміздің төрт қаласын­да (Астана, Алматы, Қарағанды жә­не Петропавл) «Ұлттық ақпа­раттық тех­нологиялар» АҚ, Байланыс және ақ­парат министрлігі және «Зерде» ұлт­тық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Ішкі істер министрлігінің қол­дауымен автокөлік иелеріне айып­­­пұлды кезексіз төлеуді үйрету ак­ция­сын өткізген болатын. Акция бары­сын­да ІІМ Жол полициясы басқар­ма­сының тіркеу-емтихан бөлімдеріне келген авто­көлік иелері жол жүру ережесін бұз­ға­ны үшін са­лын­ған айыппұлды Ин­тернет арқы­лы төлеу мүмкіндіктері туралы ақпа­рат алып, «электрондық үкімет» пор­талы­ның көмегімен айып­пұл төлеу­дің жолдарымен та­ны­сады. Естеріңізге сала кетсек, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жол по­лициясы қызметкерлері белгілеген айыппұлды «электрондық үкімет­» арқылы төлеу қызметі өткен жылдың қа­раша айынан бастап еліміздің бар­лық ай­мағының тұрғындары үшін қол­же­тім­діге айналды. Айыппұлды «онлайн» тәрті­бін­д­е төлеу үшін жүргізуші куә­лі­гі не болмаса әкімшілік бұзу­шы­лық ту­ралы хаттама мәліметтерін (бланк сериясы, нөмірі, ЖҚЕ бұз­ған күні) www.egov.kz порталын­да­ғы арнайы жолақта көрсету қажет. Осындай қарапайым шаралар жұртшылықты біршама әуре-сарсаңнан құтқаратыны да белгілі. Білікті мамандар көмегімен алдағы жетіліп, жаңғырып отырудың арқасында «электрондық үкіметтің» көптеген жаңа сервистер мен жаңалықтарға толыға түсетіні даусыз. Соның арқасында бұндай қызметтегі үкімет қазіргіден де қолжетімді бола түспек. Сөз соңында «электрондық үкіметтің» игіліктерін, e.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылатын қызметтер түрін тағы еске сала кеткіміз келеді:

- жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкінің жоқ (бар) екендігі жайлы анықтама алу, баланың туылуын тіркеу, ӘЖК алу және т.б.;

-коммерциялық қызмет көмегін алу, мысалы: теміржол немесе әуебилеттерін броньдау, ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеу және т.б.;

-өтініш беру және лицензия алу;

-бюджеттік төлемдерді төлеу, мысалы: төлқұжат алғаны үшін, жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл, жылжымайтын мүліктің заңдастырушы құжаттарының көшірмесін алғаны үшін төлем және т.б.; - мемлекеттік органдардың басшыларына блогтары арқылы тікелей хабарласу;

-мемлекеттік органдардың жұмысы жайлы ақпарат алу;

-электрондық цифрлық қолтаңба (ЭСҚ) рәсімдеу;

-кез келген мемлекеттік органнан ҚР заңнамасын түсіндіру, мемлекеттік қызмет көрсету процедурасының түсіндірмесі, қайсыбір жағдайда лауазымды тұлғаның әрекеттерінің заңдылығы және т.б сұрақтар бойынша On-line кеңес алу.

Электрондық Үкіметтің call-орталығының телефондары арқылы азаматтар өздерін қызықтыратын сұрақтар бойынша ақпарат ала алады: 8-800-080-7777, 1414.

Ресми мәліметке сүйенсек, еліміздің жалпы ішкі өнімдегі ақ­па­раттық технология секторының үлесі соңғы кезеңде 3,72 пайызға жет­кен. Бұл жоғары көрсеткіш. Бұдан бөлек еліміздегі интер­нетті пайдаланушылар тығыздығы да артып келеді. Ендеше алдағы уақытта да осы саладағы қызмет жандана түсетін сөзсіз.