«Жусан» операциясы бойынша оралған 572 баланы оңалту тәжірибесі талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 63-сессиясы мен БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясы аясында «Білім беру — қақтығыс аймақтарынан оралған балаларды қоғамға реинтеграциялаудың негізгі құралы» атты іс-шара өтті.

Фото: СІМ

Кездесу балалардың қоғамдағы толыққанды өмірге оралуына ықпал ететін білім берудің, психоәлеуметтік қолдаудың және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың рөліне арналды.

Талқылау барысында Қазақстанның «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында жинақтаған практикалық тәжірибесіне баса назар аударылды. Осы күш-жігердің нәтижесінде қарулы қақтығыс аймақтарынан 572 бала елге қайтарылып, оларды оңалту мен одан әрі сүйемелдеудің кешенді жүйесі ұйымдастырылды.

Кездесуді ашқан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова репатриацияның өзі баланың бейбіт өмірге оралу үдерісін аяқтамайтынын атап өтті. Балаларды қоғамға табысты қайта кіріктіру мемлекеттік органдардың, педагогтердің, психологтердің, әлеуметтік қызметтердің, азаматтық қоғам мен халықаралық әріптестердің үйлесімді жұмысын талап етеді. Бұл ретте қабылданатын шешімдердің өзегінде әр баланың жеке қажеттіліктері мен ең үздік мүдделері тұруы тиіс.

Сонымен қатар елге оралған балалармен және олардың отбасыларымен жұмыс істеудің практикалық тәжірибесі таныстырылды. Қазақстандық тәжірибе мектептің тек білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар баланың әлеуметтенуіне, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруіне және өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуіне ықпал ететін маңызды орта екенін көрсетеді.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары — Бас хатшының Балалар және қарулы қақтығыстар мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Ванесса Фрейзер бейнеүндеуінде қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды қорғау, қалпына келтіру және қоғамға реинтеграциялаудың негізгі құралдарының бірі ретінде білім берудің маңызын атап өтті.

ЮНИСЕФ өкілі Таша Джилл елге оралып жатқан балаларды, ең алдымен, қарулы қақтығыстан зардап шеккен, отбасының қолдауына, білім алуға, психоәлеуметтік көмекке және ұзақ мерзімді сүйемелдеуге мұқтаж балалар ретінде қарастыру қажеттігіне назар аударды.

Пікірталасқа қатысушылар табысты реинтеграцияның негізгі шарттарын атап көрсетті. Олардың қатарында баланы елге оралғаннан кейін ұзақ мерзімді сүйемелдеу, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, отбасымен және жергілікті қоғамдастықпен жұмыс жүргізу, сондай-ақ стигматизация мен әлеуметтік оқшауланудың алдын алу бар.

Іс-шара Қазақстанның білім беруді бейбітшілікті, толеранттылықты және әлеуметтік кірігуді нығайту құралы ретінде ілгерілету жөніндегі дәйекті жұмысының жалғасы болды. 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстанның Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен бірлескен бастамасы бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі «Әрбір балаға бейбітшілік пен толеранттылық мүддесінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету» атты 54/5 қарарды дауыс берусіз қабылдады.

Қазақстан бұл күн тәртібін БҰҰ алаңдарында, соның ішінде Бас Ассамблеяның 81-сессиясы аясында одан әрі ілгерілетуге ниетті. Бұл ретте қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды қоғамға реинтеграциялаудағы және олардың орнықты болашағын қамтамасыз етудегі білім берудің рөліне ерекше назар аударылатын болады.