Жүз томдық фольклорымыз Еуропа жұртына таңдай қаққызды - ФОТО

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақ бауырлардың руханият әлеміндегі сан ғасырлық мұрасынан жинақталған 100 томдық дүние қай жағынан да атап айтуға боларлық жау­һар деп білемін. Осын­дай іргелі еңбек шығару ісі­мен Қазақ елінің азаматтары бүкіл түркі дүниесіне үлгі болып отыр. Өзгелер осыдан үйренсе деймін. Бұл - Қазақ елі Президентінің бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі. Осыған үлкен мүмкіндік туғызған Нұрсұлтан Әбішұлының бұл көрегендігіне мен ерекше тәнті болдым, ризашылығым да шексіз», - деп тамсанған болатын ирандық фольклоршы ғалым Жаһангир Карини «Бабалар сөзі» жүз томдығымен алғаш рет танысқан сәтінде.

Қазақ әдебиетінің көне жауһарлары жинақталған бұл жүз томдықты көрген сәтте көптеген мемлекеттер қызыға да қызғана қарағаны рас. Олардың арасында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық кітап көрмесіне қатысушылар да бар.

Астана қаласындағы «Фолиант» баспасы биылғы жылғы қазан айының ортасында өткен осы халықаралық көрмеде «Бабалар сөзі» кітаптар сериясының тұсаукесерін өткізді.

Игі шараға ҚР Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің Франкфурт қаласындағы кеңесшісі Ерлан Тәжібаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ф.ғ.д. академик, профессор Сейіт Қасқабасов, Германияның мәдениеттанушысы Томас Вирволь, орыс жазушысы, ресейлік «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин, т.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Әзербайжан елінің танымал ақыны Шыңғыс Әлиоғлы, жазушы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқар, т.б. қатысты. Жүз томдығымызды көрген Еуропа халқы ерекше таңданыс білдірді. Олардың арасында Германия, Албания, Ресей, Беларусь елдерінен келген өкілдер де бар.

Айта кетейік, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы жалпыұлттық руханият әлемінде зор жаңалық әкелгені баршамызға мәлім. Осы бағдарлама аясында қолға алынып, ұрпақтың қолына жеткен ұлы құндылықтарымыздың бірегейі осы «Бабалар сөзі» жүз томдығы.

«Бабалар сөзі» кітаптар сериясын академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен 2004 -2014 жылдар аралығында М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қоғамдық кеңес отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін. Ендеше, осы бағытта алған қарқынды жоғалтпай алға баса берген абзал» деген болатын.

Иә, еліміздің ғалымдары бабалар сөзін шашау шығармай қолдан келгенше ұрпаққа жеткізуге барынша тырысты, ол оңай шаруа да емес. Себебі ұлттық фольклорды жинақтау кезінде мәтіндердің көбі қолжазба күйінде немесе арабша, төте жазумен, кейбірі латын әріптерімен жазылған шығармалар еді. Ол қолжазбалардың кейбірінің тіпті ескілігі сондай, сарғайып кеткен, жазулары көрінбейді, тіпті жыртылған жерлері де кездескен .

Шаң басқан архивтерді қопарып, керек дүниеңді табу, оны оқудың өзі қиынға түскені анық. Осындай үлкен еңбекпен, маңдай термен әлем мәдениетінде бұрын-соңды болмаған көлемді дүние - жүз томдық «Бабалар сөзі» жарыққа шықты. Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл осы жүз томдық жайлы: «Дүние дидарында фольклоры жүз томды құрайтын басқа ұлт бар болса бар да шығар, бірақ фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт - қазақ екені анық» деген болатын.

Қалай болғанда да қазақ халқының мәңгілік мұрасын жинақтаған «Бабалар сөзі» жүз томдығының жарық көруі әлемдегі ең ірі жаңалықтардың бірі болды. Ендігі міндетіміз - бабалардан қалған ұлы дүниені көздің қарашығындай сақтап, қалың жұртқа насихаттап, ұлтымыздың мәртебесін арттыру. Германияда өткен халықаралық кітап көрмесінде ұлтық мұрамыздың насихатталуы игі істің бастамасы деп білемін.

Академик Сейіт Қасқабасовтың айтқанындай, «Мәңгілік Елмен» бірге «Мәңгілік тіл» сияқты «Мәңгілік фольклор» да болады. Ендеше, бабаларымыздың мәңгілік сөзінің мәртебесін биікте ұстап жүрейік.

Гүлден Оспанова