Жыл аяғына дейін Ақтөбеде Индустрияландыру картасының 7 жобасы іске асырылады

АҚТӨБЕ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ақтөбе әкімдігінде өткен актив отырысында қаланы дамыту бойынша жоспарларды іске асыру мәселесі қарастырылды.

Активке облыстық және қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және тағы басқалары қатысты.

Ақтөбе әкімі Ерхан Омаров іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы есеп берді. Атап айтқанда, құрамына жалпы сомасы 128,5 млрд. теңгені құрайтын, 3,2 мың жұмыс орнын құрылатын Ақтөбе қаласының 36 жобасы кіретін Индустрияландыру картасының іске асырылу барысы әкімдіктің ерекше бақылауында тұр.

Жыл аяғына дейін жалпы сомасы 871,3 млн. теңгенің 7 жобасын іске асыру жоспарлануда, оның екі нысаны 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асырылған болатын. Бұлар ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобалар: «АқтөбеЖилкомплект» ЖШС (ет өңдеу) және «Болат ЛТД» ЖШС (сүт өңдеу).

Екінші жартыжылдыққа жоспарланған 7 жоба қала әкімдігінің тұрақты бақылауында болуда.