Жыл басынан бері Алматы облысындағы аз қамтылған балаларға 74,4 млн. теңге көмек көрсетілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен Отбасы күні аясында Талдықорғанда Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаевтың төрағалық етуімен дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараға жұртшылық өкілдері, мәдениет қайраткерлері және психологтар шақырылды.

Аймақ басшысының орынбасары Б.Өнербаевтың өз баяндамасында атап өткеніндей, облыста 330 мыңнан астам отбасы бар. «Шаңырақ - мемлекет тірегі» акциясының аясында отбасын насихаттау бойынша түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Осылайша, жыл басынан бері 714 отбасы 74,4 млн. теңге көлемінде мекенжайлық әлеуметтік көмек, 12 026 отбасы - материалдық көмек алған.

Баяндамашы отбасы проблемасының материалдық жағы моральдік жағына қарағанда қашанда шешу жолдарын табатынына көңіл аудартты. Осыған байланысты ақсақалдар институты, ардагерлер кеңесінің рөлі артып келеді, себебі өскелең ұрпақ солардан үлгі алады. Облыста жыл сайын өткізілетін түрлі ынталандыратын байқаулардың атқаратын рөлі зор. Оларға қатысу өтінімдері санының жыл сайын көбейіп отырғанын атап өткен жөн.