«Жыл сайын медициналық көмек сапасына қатысты 5,6 мыңнан аса арыз тіркеледі. Биыл бірінші жартыжылдықта осындай 2,8 мың арыз-шағым келіп түскен. Бұл ретте 30%-дан аса жағдайда фактілер нақтыланады. Өкінішке қарай, жағдай жақсы жағына өзгеріп жатқан жоқ. Бірқатар өңірлерде медицина қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттеріне орындауға салғырт қарауы және медициналық ұйымдардың менеджементі нашар ұйымдастырылғаны байқалады», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы өз баяндамасында.
Ажар Ғиният кей өңірлерде ана өлімі жағдайларын тексеру стандарттары сақталмайтынын жеткізді.
«Аналар өлімінің құрылымын сараласақ, 73% – бұл басқарылатын, яғни әрекет-амал жасауға болатын себептер, 27% өлім жағдайы ғана ауыр соматикалық аурулардың салдарынан болған», – деп атап өтті А.Ғиният.
Министр ана өлімі бойынша ахуал мәз емес өңірлердің рейтингінде Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласын атады.
Ол Акушерлік, гинеокология және перинатология ғылыми орталығында биыл 3 рет ана өліміне жол берілгенін «сорақы жағдай» деп атады.
Сарапшылар барлық жағдайда да диагностика кеш жасалғанын, қауіп-қатер мен емдеу тактикасы дұрыс бағаланбағанын нұсқады. Салдарынан өмірі үшін маңызды ағза мүшелері қайтымсыз өзгеріске ұшырап, соңы өліммен аяқталғанын айтты министр. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басшысы қызметінен босатылды.
Фото: gov.kz