Жылқы жылы өмірден өткен арыстар...

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі тарих қойнауына еніп бара жатқан жылды қорытындылай келе, 2014 жылы бақилық болған Алаштың ардақты ұл-қыздарын еске алады.

Жыл басында қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова өмірден озды. Ол 1939 жылы 5 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау ) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.

Ақын қайтыс болғанда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев оның туыстарына жолдаған көңіл айту телеграммасында, Ф. Оңғарсынова қазақ әдебиетінде ерекше құбылыс болып қалатынын айтты.

Ақпан айында белгілі ғалым, академик, профессор, медицина ғылымдарының докторы Сайым Балмұханов бақилық болды. Ол Қазақстандағы онкологиялық қызметтің қалыптасып, дамуына үлес қосқан. Ғалымның басшылығымен Қазақстандағы алғашқы онкологиялық ауруларды сәулемен емдейтін клиникалық база ашылды. Балмұханов "Невада-Семей" халықаралық қозғалысының президиум мүшесі болған. Ол Семей полигонында ядролық қаруларды сынаудың тұрғындарға тигізген әсерін зерттегені үшін Такаши Нагайи атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығын иеленген.

Наурыз айында 67 жасқа қараған шағында Қазақ КСР және КСРО халық әртісі, атақты балет әртісі Рамазан Бапов дүние салды.

Ол 1947 жылғы 16 жел­тоқ­санда Алматы қаласында дүниеге келді. 1966 жылы КСРО Үлкен теа­тры жанындағы Мәскеу хореография училищесін үздік тәмамдады. Р.Бапов ұзақ жылдар бойы Қазақстан балет сах­насындағы ең жарқын және талантты биші­лер­­дің бірі болды. Тума талант иесінің шығармашылық жо­лы - ше­берліктің биіктігіне ұш­­­қыр­лықпен шығудың үлгі­сі іс­петтес, сахнаға әр­бір шы­ғуы жоғары кәсіби ше­бер­­лік­тің, әуезділіктің, сахналық көріктілік­тің айқын көрінісі.

Сәуір айында қазақтың белгілі ақыны, әдебиет сыншысы, Жазушылар одағының мүшесі Әмірхан Балқыбек 45 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Ақын Ә. Балқыбек 1969 жылы 19 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 1995-2000 жылдары «Парасат» журналында, «Жас Алаш», «Ана тілі» газеттерінде тілші, 2000-2004 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Өлең топтамалары «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар поэзиясының антологиясы» ұжымдық жинақтарына енген. «Метаморфоза» (1996), «Сынған сәуленің шағылысуы» (2001) жыр жинақтарының авторы.

1997, 1998 жылдардағы ҚР Президенті стипендиясының иегері.

Биылғы мамырда қазақ халқы ардақты ұлы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым Болат Жұбановтан айырылды. Ол 1929 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданының № 9 ауылында атақты композитор Ахмет Жұбановтың отбасында дүниеге келген. Мемлекет басшысы оның туыстарына жолдаған көңіл айту жеделхатында академиктің еліміздегі химия ғылымының өзекті салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өткен. Ол Химия ғылымдары институтына ұзақ жылдар бойы жемісті басшылық етті. Лайықты ізбасарлар тәрбиеледі. Сонымен қатар, іргелі зерттеулері үшін Мемлекеттік сыйлыққа және өзге де марапаттарға ие болды. Қазақстан Президенті ғалымның адамгершілік қасиеттері мен игілікті істері арқылы отандастарымыздың есінде қалатынын айтты.

Тамыз айында еліміздің Көк туының авторы, белгілі өнер қайраткері, суретші Шәкен Ниязбеков дүние салды. Ол 1938 жылы 12 қазанда Тараз қала­сында дүниеге келді. Он жасқа толғанда әке-шешесінен айырылып, өмір тауқыметін тартып өсті. Орта мектепті бітір­геннен кейін Ленинград қала­сындағы В.Мухин атындағы жо­ғары көркем-өнеркәсіптік учи­лищеге оқуға түсті. Студент кезінде Эрмитаж, Исаак соборы және Петродворецті қалпына кел­тіру жұмыстарына қатысып шеберлігін шыңдады.

Қыркүйек айында қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, домбырашы, кинодраматург Таласбек Әсемқұлов өмірден озды. Ол 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Ақтоғай теміржол станциясында дүниеге келген. Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген.

«Көкбалақтың өлімі», «Біржан Сал», «Жезтырнақ», «Алматы - Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген.

Қазанда ұзаққа созылған науқасынан 80 жасқа қараған шағында белгілі жазушы Қалихан Ысқақ қайтыс болды. Ол 1935 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы Топқайың ауылында дүниеге келген. Қ. Ысқақов - ХХ ғасырдың орта шенінен басталған қазақ әдебиетінің алтын дәуірінің ұшар басында тұрған қаламгер. Жазушының шығармаларындағы құнарлы тіл, қуатты ой, замана бейнесі, адамдардың терең психологиясы мен портреті мың сан оқырманның жан-дүниесінде төңкеріс жасап, әлденеше буын ұрпақты тәрбиеледі. Қаламгердің ізін басып әдебиетке келген бірнеше буын жазушылар Қалихан Ысқақ прозасын бағдар етті. Сөйтіп, қазақ прозасындағы Қалихан мектебі қалыптасты.

Қарашада Кеңес Одағының екі дүркін батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдинов қайтыс болды. Ол 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында туған. Ал қан майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан «ИЛ-2» штурмовигімен ұшуды үйреніп шығады. Сол күннен бастап әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюшаға» басы бүтін бауыр басып, 1942 жылы майданға аттанады. Осы өзі бір көргеннен қатты ұнатқан ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы - Берлинді алуға бірінші болып қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған.

Қарашада қазақ тағы бір арысы - театр сыншысы, өнер қайраткері Әшірбек Сығайдан айырылды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, театртанушы Әшірбек Сығай 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында өмірге келген. "Іңкәр шақ" (1978), "Сыр сандық" (1981), "Сахнаға сапар" (1990) атты бірнеше кітаптардың авторы. Кентау және Түркістан қалаларының Құрметті азаматы. Театр сыншысы соңғы жылдары Астанадағы Қазақ ұлттық Өнер университетінде қызмет етті.

Желтоқсанда 76 жасқа қараған шағында белгілі фантаст-жазушы, филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры Абдулхамит Марқабаев қайтыс болды. Ол 1938 жылы Арал ауданы, Ауан ауылында дүниеге келген. Оның тұңғыш жинағы 1972 жылы «Ғарыштағы қымыз» деген атпен жарық көрді. Мархабаевтың «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт!» «Жарылқаушы...», «Тосын ғарышхат», т.б. ондаған көркем шығармалары жеке кітап болып шықты. Фантастика жанрының табиғаты мен теориялық ерекшеліктерін айқындайтын «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...» (1978), «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998) атты монографиясы, «Ислам - Ғылым - Журналистика» оқулығы жарық көрген.