***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Бүгін таңда Қазақстан Республикасында Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) - «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» жерсеріктері ойдағыдай жұмыс істейді.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Инвестициялар және даму министрлігі қарамағындағы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ (Ұлттық оператор) Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінен алынатын ғарыш түсірілімдерін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тегін беру көзделгенін хабарлайды.
Осы мақсатта 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетпен «Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінен алынатын ғарыш түсірілімдерін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға беру қызметтері» ішкі бағдарламасы қарастырылған.
Осыған орай қашықтықтан зондтау жерсеріктік суреттерін пайдалану бойынша мемлекеттік органдардың мүдделі мамандары үшін консультативтік және әдістемелік жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы «Жерсеріктер суреттері тегін беріледі» атты материалда жарияланды.
Бас басылымда «Әлиханның еттабағы табылды» деген мақала басылды. Өшкен жанып, жоғалған табылса - адамның жаны семіріп, өмірдің де арайлана түсері бар ғой. Ал, табылған дүние тарихи тәбәрік болып шықса, оның үстіне Алаштың аяулысына қандай да бір қатысы болса - бұл дегеніңіз исі қазаққа ортақ қазына емес пе?!
«Ақтоғай ауданынан Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхановтың еттабағы табылды. Енді осы қуанышты хабардың жай-жапсарын рет-ретімен баяндайық. Еттабақ туралы қуанышты хабарды өлке тарихын зерттеуші этнограф-жазушы Төрехан Майбасқа жеткізген Әлихан бабамыздың немере қарындасы Әниша Жасымбекқызы екен. Жалма-жан телефон тұтқасына жабыстық»,-деп жазады мақала авторы.
«Әлихан атамыздан қалған құнды жәдігер - еменнен ойылып жасалған кәдімгі еттабақ. Бұл табақты бабамыз менің әжем Сақыпқа өз қолымен табыстапты. Бір ғасыр бұрын жасалған құнды жәдігерді Қалымхан шешем бүгінгі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап келді», - дейді Әниша апамыз.
«Ұлтымызда жылқыға қатысты айтылған ой-толғамға толы, тұшымды дүниелер аз емес. Соларды сана елегінен өткізер болсаңыз, жылқы түлігінің қадірін қазақтан артық білер халық жоқ шығар дегендей тұжырым жасарыңыз анық...
«Тегіміз - түркі, түлігіміз - жылқы» дейтін қазақтың баласы болғандықтан әрі ауылда ержетіп, жастық шағымыздың едәуір бөлігі мал шаруашылығына қатысты өткендіктен біз де қыл құйрықты жануардың ерекше қасиеттерін көріп өстік. Осы орайда жылқы баласына қатысты, өз көзіммен куә болған, жан-дүниеме ерекше әсер еткен, адамға ой саларлық бірді-екілі оқиғаны әңгімелеп бергенді жөн көрдім», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Толығырақ «Жылқының жұмбағы көп біз білмейтін» деген мақаладан оқи аласыздар.
* * *
«Айқын» газетінің жазуынша, Атыраулық әуесқой өнертапқыш қуат өндіру қондырғысын өз қолымен құрастырып шықты. Табиғаттың сыйы - жел мен күн энергиясын пайдалану арқылы жұмыс істейтін алғашқы қондырғы қазір құрастырылып тұр.
Қондырғының қуатын арттырса, өндірістік мақсатқа пайдалануға болады.
Бұл өңірдің электр қуатына қажеттілігі де жыл санап артып отыр. Осыны ескеріп, көп жылдардан бері ойында жүрген жобаны іс жүзінде пайдаланып көру атыраулық өнертапқыштың мақсатына айналып, Мұрат Нұрсұлтанов өз қолымен электр қондырғысын құрастыруға бел буады.
«Қазаэроновигация» РМК-ның Атырау филиалының І санаттағы инженері Мұрат Нұрсұлтановтың алғаш қолға алғаны - жел қуаты мен Күн сәулесін қабат тұтынатын гибрид қондырғы.
Баласы мен жиен інісін қолғабыс етуге жұмылдырған әуесқой өнертапқыш алдымен қондырғының сызбасын сызып, кейін үш жылдан соң қондырғының өзін құрастырып шығыпты.
- Жалпы, осы жобаның мені қызықтырғанына бес жылдай мерзім болды. Тәуекел етіп бастаған алғашқы сынақта 1 кВт қуаттылыққа дейін жеттік. Жарты жылдай сынақ өткіздік. Өзін-өзі ақтап шықты. Осы қондырғыны құрастырып отырған лабораториямыздың өзін жарықпен қамтамасыз етіп тұр. Қазіргі уақытта 3 кВт-тық қуаты бар генераторды да жасап қойдық. Секундына 3 метр жылдамдықпен ескен баяу желдің өзі тұрмысқа керекті 220 Вольтты қуат алуға толық жетіп тұр. Ағымдағы жыл басындағы желдің күштілігі мен боранды күндері қондырғылырымызды сынап көрдік. Ешбір ақау болмады. Алматыдағы авиация саласы бойынша жоғары оқу орнында білім алып жатқан ұлым Нұрбек пен Атыраудағы С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжде оқитын жиен інім Қазбек қолғабыс етіп, жаңа қондырғылар сызбасының үлгілерін жасап тәжірибе жасауда, - деген өнертапқыш Мұрат Құлжанұлы мен оның көмекшілерінің мақсаты - өз жобаларының ЕХРО-ның көрмесіне қатысып, өз бағасын алып, жобаларының өндірісте қолдануына қол жеткізуде екенін айтты. Бұл туралы «Өнертапқыш өз жобасын жүзеге асырды» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Қорғаныс министрлігі әскери журналистерді дайындайды» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұйытқы болуымен өткізілген «Әскери дискурс» практикалық семинарын қазақстандық журналистикадағы тың бағыт, әскери журналистерді даярлаудағы жаңа қадам деп сипаттауға болады.
Ол Астанада, алғаш рет журналистер мен саясаттанушы студенттердің қатысуымен өтті.
Үш күн бойы болашақ БАҚ өкілдері тәжірибелі әскери нұсқаушылардың басшылық етуімен экстремалды журналистика, қарулы қақтығыс аймақтарында журналистің жұмыс жасау негіздерін зерделеді. Студенттер Қазақстан Аэроұтқыр әскерлерінің десанттық-шабуылдау бригадаларының бірінде әскери қызмет қалай өтіп жатқанын көрді, қазақстандық десантшының кейпінде кедергілер жолағын еңсерді, 68665 ә/б мен ҚР ҚК Әскери-тарихи мұражайында ашық аспан аясындағы мұражайда болып, тіпті шаңғы тебудің қыр-сырына қанық болды.
Дәріс және практикалық сабақтар үдерісінде болашақ журналистер кәсіби тұрғыдағы тапсырмаларды орындады, экстремалды жағдайларда психологиялық әзір болу тұрғысында сынақтан өтті.
Журналистика және саясаттану факультетінің студенттерімен өткізілген «Әскери дискурс» семинары еліміздің қорғаныс ведомствосы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум шеңберінде Қорғаныс министрінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған алғашқы іс-шара.
Құжатта көзделген негізгі бағыт-бағдар - ол еңбек нарығында сұранысқа ие әскери журналистика саласында мамандарды дайындау және әскери журналистерді дайындау бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру.
***
«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында «Рахмет и удачи тебе, Казахстан!» деген сұхбат берілген. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы белгілі америкалық маман және «Сапфир» операциясының негізгі қатысушыларының бірі Энди Вебер басылымның сауалдарына жауап берді.
«Біріншіден, президенттер Барак Обама мен Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлемді құру туралы ортақ пікірлерін жүзеге асыру бойынша біздің күш-жігерді нығайта түсуіміз қажет. Әлемді жаппай қырып-жою қаруынан және лаңкестіктен қауіпсіздендіру бағытында бірлесе отырып көптеген жетістіктерге қол жеткіздік»,-деп тоқталды ол.