Жалпы, Қазақстанның кадр даярлау мәселесі ұзақ мерзімді стратегиялық мұратты қамтитыны белгілі. Соның ішінде сапалы маман даярлау мақсатында инвестицияның басым бөлігі білім саласына тиіп отырғаны да айқын. Осының өзі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау арқылы болашақ дамудың жаңа мүмкіндігіне жол ашуды қамтамасыз етеді. Сапалы білімге қатысты тағы бір қадамды былтырғы жылы қабылданған «Назарбаев университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» сынды білім нысандарының қызметін қамтитын арнайы заңдармен байланыстыруға да болады. Университет пен зияткерлік мектептердің академиялық еркіндігі мен дербестігін дамытуға бағытталған осы заң білім беру саласында жаңа басқару нысанын енгізуге, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ білім беру саласында ең үздік әлемдік практиканы ескере отырып, жаңа білім беру стандарттарын енгізу үшін жағдай жасалады. Бұдан бөлек, қабылданған заң арқылы «Назарбаев Университеті» мен мектептеріне заман талабына сай оқу бағдарламаларын әзірлеп, сынақтан өткізетін және үздік тәжірибені республика көлеміне тарата алатын басымды білім ошағына айналдыру міндеті жүктеледі. Осы негізге сүйенсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» туралы арнайы заң қабылдау арқылы аталған білім ошағының құқықтық негізі қаланып отыр. Ендігі мақсат білім нысанының әлеуетін елдік даму игілігіне сай дамыту.
Оның үстіне ағымдағы жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету туралы алға зор мақсат қойған болатын. Бұл ретте Президент Н. Назарбаев : «Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда. Ол барлық қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі болуы керек. Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды үздік жоғары оқу орындары үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады», - деген еді. Яғни, негізгі күш сапалы білім бастауында тұрған «зияткерлік мектептерге» салынып, болашақтағы маңызды адами ресурс бойынша берік іргетас ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінен» зор үміт күтіледі.
Осы мәселеге назар аудара келе, қазіргі таңдағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-ның жұмысына да тоқталып өткенді жөн көрдік. Бүгінгі күні республика бойынша Зияткерлік 5 мектеп кешені қолданысқа беріліп, оларда кіріктірілген эксперименттік білім беру бағдарламалары жүзеге аса бастағаны белгілі. Мектептерде білікті педагогикалық ұжым мен оқушылар контингенті қалыптасып, білім сапасын бағалау және мониторинг те қолға алыныпты.
Ресми дерекке жүгінсек, 2010-2011 оқу жылында Зияткерлік мектептерде 597 мұғалім, оның ішінде 64 куратор мен 8 психолог қызмет етіп келеді. Оқытушылардың басым бөлігінің (96 пайыз) білімі жоғары болса, кәсіби орта білімді мұғалімдердің (3,1 пайыз) өзі жұмыс тәжірибесі мол, педагогикалық училищелер мен гуманитарлық колледждерде білім алған бастауыш сынып оқытушылары болып табылады. Ағымдағы оқу жылындағы Зияткерлік мектептерге конкурстық іріктеу негізінде 2026 оқушы қабылданса, оның ішінде 1-6 сыныптарға - 979, 7-10 сыныптарға 1047 оқушы қабылданған. Тоқтала кететін басты жаңалық, дарынды балаларды анықтау және іріктеудегі халықаралық озық үлгідегі тәжірибелері зерттей келе, жақында оқушыларды Зияткерлік мектептерге 7-сыныптан бастап қабылдау туралы шешім қабылданды. Яғни, алдағы жылдан бастап аталған мектептерге оқушыларды қабылдау тек 7-сыныптан басталатын болады. Десе де, білім бағдарламаларының бастауыш, негізгі және орта мектептің үздіксіз сабақтастығын сақтау мақсатында бірінші сыныптан оқыту Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектебінде жүзеге асыру қарастырылған. Ал бүгінге дейін Зияткерлік мектептерге қабылданған 1-6 сынып оқушылары 2016 жылға дейін оқуларын жалғастырып, тек 7-сыныпқа көшу барысында ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің грантына конкурстық іріктеу қорытындылары бойынша өткізілетін болады.
Озық үлгідегі мектептің білім сапасына қойылар талабы да ерекше. Сондықтан да оқу нысанда шетелден білікті ұстаз тарту мәселесі де жолға қойылған. Мәселен, Халықаралық Бакалавриат бағдарламасын жүзеге асыру үшін, сондай-ақ көптілді оқытудың және жаңа технологияларды қолданудағы халықаралық тәжірибелерді енгізу мақсатында халықаралық білім беру және рекруттік ұйымдардың (CIS, Search Associates және т.б.) көмегімен шетелдік білікті мұғалімдер халықаралық жәрмеңкелерге қатысу арқылы жалданатын болады. Осындай негізде білікті шетелдік оқытушылар штаты да қалыптаспақ. Сонымен қатар оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулитын, оларға ғылыми-танымдық дәрістер оқуға, жоғары деңгейлі күрделі тапсырмаларды шешуге дайындайтын АҚШ, Бельгия, Ресей, Ұлыбритания және өзге де елдерден шетелдік мамандар шақырылатын болады. Сондай-ақ 2010 жылдың қараша айынан бастап Астана, Талдықорған, Көкшетау, Өскемен қаларындағы Зияткерлік мектептеріне (Мэт О'Нейл, Jacob Dean Parsley және өзге де) Әлем корпусынан төрт ерікті қызмет етіп жатыр.
Жалпы алғанда Зияткерлік мектептер саясатының маңызды бағыты «Назарбаев Университеті» қоғамымен және елдің педагогикалық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық екендігі белгілі. Әсіресе, білім сапасына қатысты Назарбаев университеті мен Зияткерлік мектептердің оқу бағдарламаларын үйлестіру жұмыстарына ерекше мән беріліп келеді. Бұл ретте Зияткерлік мектептеріндегі білім мазмұнын анықтау екі білім моделдерін жүзеге асыру бойынша көзделіп отыр. Бұның бірі - жаратылыстану-математика бағытындағы кіріктірілген эксперименттік білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Ал екінші модель - Астана қаласындағы Зияткерлік мектептердің біріне енгізіледі және Халықаралық Бакалавриат бағдарламасын авторизациялауды жүзеге асырады. Жалпы алғанда, Зияткерлік мектептердегі білім мазмұны толық білімнің құрамдас бөлігі ретінде «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру» секілді білім берудің 7 саласынан тұрады. Бұдан бөлек, бірнеше жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың педагог-ғалымдарының қатысуымен жасалған оқу бағдарламалары 2010-2011 оқу жылының басынан Зияткерлік мектептерде анықтау сынағынан өткізіліп келеді.
Зияткерлік мектептердің желісін құру Қазақстандағы орта білім мазмұнынын халықаралық мектептердің білім беру бағдарламаларымен салыстыра отырып, мұқият зерделеуге мүмкіндік бергенін атап өту қажет. Осы мақсатта орта білім мазмұнын зерделеудің нәтижесімен халықаралық сарапшылардың тарапынан айтылған нұсқаулардың негізінде бірқатар қорытындылар жасалған болатын. Мәселен, мамандардың айтуынша, қазіргі таңда оқушылардың жетістіктері олардың пән бойынша игерген теориялық білімдерінің негізінде бағаланады да, оқушының алған білімін өмірде қолдануына жетелемейді. Айталық, Зияткерлік мектептің алғашқы түлектері Назарбаев Университетіне оқуға түскенде жаратылыстану-математика ғылымы саласынан (бейінді пәндер математика, физика, химия, биология) алған теориялық білімдерінің жоғары екенін көрсеткенмен, оқушылардың сын тұрғысынан ойлауы мен креативті ойлау қабілеті дағдыларының жеткіліксіз екендігін байқатқан. Бұдан бөлек, халықаралық бағдарламаларда пәнді игеруге берілген уақыттың 25 пайызы оқушының өзіндік жұмысына беріледі. Бұл тәсіл оқушылардың теориялық білімін практикада қолдануды үйренуіне көмектеседі. Сонымен қатар білім берудегі көптілді ортаны қалыптастыру үшін тілдік пәндердің мазмұнын, оқыту технологиясы, әдістері мен тәсілдерін толық қайта қарастыру қажеттігі туындаған. Мысалы, тілдік құзыреттіліктің барлық аспектілерін бағалауға негізделген ағылшын тілін деңгейлеп оқыту жүйесі оқушыларды алға қойған мақсаттарына жету үшін ынталандырып, мұғалімдерді оқытудың түрлі әдістемесі мен тәсілдерін қолдана отырып оқушылардың қойған мақсатқа жетуге жетелейді. Бұл ретте мамандар бағалаудың объективтілігі қамтамасыз етіліп, тілдерді меңгерудің деңгейлік жүйесі әзірленген жағдайда бұл тәсілді қазақ және орыс тілдерінде де қолдануға болатындығын алға тартады.
Бір сөзбен айтқанда, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» сапалы білім бағытымен болашаққа қанат қақтыратын білімпаздарды даярлауға толық мүмкіндігі қалыптасқан. Ендеше, индустриялық дамудың жаңа сатысына араласатын бүгінгі мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндерге де келешектің үлкен үміті жүктеледі.