Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

1 қыркүйектен бастап шыны бөтелкедегі сыраға цифрлық таңбалау енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда шыны бөтелкелердегі сыра мен сыра сусындарын міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Осы күннен кейін өндірілген немесе импортталған өнімнің әрқайсысында Data Matrix таңбалау коды болуға тиіс.

сыра
Фото: Pixabay

Сыра өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап талап кегтердегі сыраға қатысты күшіне енді. 1 қыркүйектен бастап шыны бөтелкелердегі өнім таңбаланады. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап металл банкалардағы сыра мен сыра сусындары да міндетті цифрлық таңбалауға көшеді.

Жаңа жүйе өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап бөлшек саудаға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Болашақта тауарды айналымға қатысушылар арасында беру кезінде құжаттарды электронды түрде рәсімдеу және растау арқылы өнімнің толық қадағалануы қамтамасыз етіледі.

Сала өкілдері жаңа талаптарға дайындық жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта ТТ АЖО жүйесінде айналымға қатысушылардың 16 392-ден астамы тіркелген.

Нарық қатысушылары не істеуі керек?

Айналымға қатысушылар tanba.markirovka.kz порталында ТТ АЖО жүйесіне тіркеліп, тауар карточкаларын тіркеуді бастауы қажет.

Таңбалау кодтарын алу үшін жүйеде тіркеуден алдын ала өту ұсынылады.

Ал міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген сыра мен сыра сусындарының таңбаланбаған қалдықтарын белгіленген тәртіпке сәйкес бір күнтізбелік жыл ішінде өткізуге болады.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалауда қолданылатын бақылау (сәйкестендіру) белгісі мен сәйкестендіру құралының шекті құны белгіленгенін жазғанбыз.